Жақсы адам күннің жарығы сияқты бүкіл адамзатқа ортақ қазына, ортақ құндылық. Жақсы адам – ортамызда ағып жатқан дария-өзен. Оның суы дария-өзен бойын мекендеген бүкіл халықтың, жан-жануардың, өсімдік әлемінің қуат көзі, өзегі, нәрі, тіршілігі, өмірі. Ол ешкімді де, ешнәрсені де таңдамайды, талғамайды, алаламайды, құлаламайды, аға береді, аға береді. Жақсы ма, жаман ба, адал ма, арам ба, пайдалы ма, зиянды ма, зұлым ба, жыртқыш па, арамшөп пе, бәрібір емізе береді, емізе береді. Оның парызы, қарызы, табиғи, тарихи міндеті, тағдырдан алған тапсырмасы осындай. Жақаев та сол санаулы, таңбалы, танымал жақсылардың бірі. Еңбек әлемнің әміршісі болса, Ыбекең еңбектің әміршісі болды. Егер Жақаевты жақсы білсеңіз, терең түсінсеңіз, қадіріне жетсеңіз, сыйласаңыз, пір тұтсаңыз, жақсы көрсеңіз, сіздің де «менің Жақаевым» деуіңізге болады. Жақаевтың шапағаты, жақсылығы, қадір-қасиеті, еңбек сүйгіштігі, өмірі, өнегесі, үлгісі, ұлағаты бәрімізге де жетеді.