Қызылорда облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен депутаттар қаладағы бірқатар индустриялық нысандардың жұмысымен танысты. Алдымен "РМЗ-Шапағат” ЖШС-на қарасты үй құрылысы комбинатында болған халық қалаулылары кәсіпорынның атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді.
Құрылыс материалдары өндірісі – ел экономикасының аса маңызды салаларының бірі. Осыған орай Қызылорда қаласында салынған үй құрылысы комбинаты жобасының жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын тұрғын үй құрылысына қажетті сапалы өнім шығаруда неміс технологиясын пайдалануда. Яғни, зауыт әлемге танымал «WEILER» компаниясының құрылғыларымен жабдықталған. Комбинат бетон-қабырға, баспалдақтар, әр түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қажетті өзге де материалдарды шығаруда. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі.
Қызылорда облысы үшін тұрғын үй құрылысы өндірісінің маңыздылығы жоғары. Себебі, соңғы жылдары Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып отыр. Ал осы құры¬лысқа қажетті материалдың дені бұған дейін өзге аймақтардан тасымалданып келген еді. Бүгінде бұл мәселе де өз шешімін тауып, аталған кәсіпорынның дайындаған өнімін облыс аумағындағы құрылыс жұмыстарына пайдалануда. Ең бастысы, өндірістің өнімі сапалы әрі бәсекеге қабілетті.
Өңірімізде соңғы жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған бірқатар жобалар облыс экономикасының алға өрлеуіне өз ықпалын тигізуде. Солардың қата¬рында "Хуа Ю Интернационал в Кызылорде” ЖШС да бар. Химия реагенттерін өндіретін компанияның өнімдеріне облысымызбен қатар еліміздің басқа да аймақтарынан сұраныс түсуде.
"Хуа Ю Интернационал в Кызылорде” – аймағымыздағы мұнай өнімдерін өндіруде пайдаланатын химиялық реагент шығаратын маң¬дайалды компания. 2009 жылы іргетасы қаланған кәсіпорын жылына 2 мың тонна химиялық реагент өндіреді. 2014 жылы аталған мөл¬шерде химиялық реагент өндірсе, өткен жылы 1,5 мың тонна өнім дайындады. Ал кәсіпорын ағымдағы жылдың 8 айында жалпы құны 607 млн теңгені құрайтын 978 тонна өнім шығарса, жыл соңына дейін өндірілген өнім көлемін 1,6 мың тоннаға жеткізуді жоспарлауда. Мұнда дайындалған химиялық реагенттер мұнай құбырларының шіруін, коррозияға ұшырауын, қақ тұруын төмендетіп, пайдалану мерзімін ұзартады. Сонымен қатар мұнайды судан айырып, таза дайын өнім шығарады. Компанияның өндірген өнімдері мұнай саласында үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Облыстық мәслихат депутаттары «Жан-Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің жұмысымен де танысты. Кәсіпорын негізінен күріш жармасын, түйіршіктелген құрама жем өндірумен, халықаралық стандарттар бойынша күрішті ақтаумен айналысады. Осыған орай, агроиндустриялық кешен күріш ақтау зауытынан және құрама жем өндіру зауытынан тұрады. Зауыттардың жобалық қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге және 150 тонна күріш ақтауға лайықталған. Бақдәулет Мақашов басшылық ететін кәсіпорын жұмысын облыстық мәслихат депутаттары жоғары бағалады. Серіктестік басшысы зауыт ішінен макарон цехын ашатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол қаражат мәселесі де шешіліп тұрғанын атап өтті. Жобаның жалпы құны 470 млн теңгені құрайды. Тиісті қаражатқа алдымен Оңтүстік Кореядан сапалы құрал-жабдықтар сатып алынады. Бүгіннің өзінде кәсіпорын тауарына бірқатар шет мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.
Мұнан соң халық қалаулылары аймағымыздағы автобус паркiнiң құрылысымен танысты. Қалалық автобус паркінің құрылыс жұмыстарына ЕҚДБ-дан бөлек, жергілікті бюджеттен 6,92 млн доллар бөлінген болатын. Қазіргі таңда жұмыстың 73 пайызы бітіп тұр. Мамандар аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Нысан ел игілігіне берілген жағдайда 500 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.