Тұрақтандыру қорында 3876,4 тонна өнім бар

Қызылордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тапшылығын болдырмау және бағаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

«Облыстық сауда орындары мен олардың қоймаларында және тұрақтандыру қорында 12,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қоры сақталып, сатылуда. Оның ішінде, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қорында 3876,4 тонна өнім бар. Сонымен қатар, төтенше жағдай енгізілуіне байланысты облыс бюджетінен 4,3 мың тонна өнім сатып алуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкендердің қажеттілігіне қарай отандық тауарөндірушілерден 300 тонна күріш, 100 тонна пияз, 35 тонна қырыққабат, 50 тонна сиыр еті сатып алынатын болады»,-деді Сейілбек Серғазыұлы.

Бұған қоса, облыстағы көкөніс өнімдеріне тапшылықты болдырмау үшін Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерімен аптасына бір рет кәсіпкерлердің сатып алынған өнімдерін кедергісіз өткізу жұмыстары ұйымдастырылып, ерте пісетін көкөніс өнімдерін кедергісіз жеткізу туралы меморандумға қол қойылды.

Мұнан өзге, облыс әкімдігімен өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін аудандар арасында сату жөніндегі кестесі бекітіліп, сатылуда.

Сондай-ақ, мереке күндері Түркістан облысынан 100 тонна шамасында қырыққабат жеткізіліп, Қызылорда қаласы мен аудандар арасында төмен бағада сатылды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 мамыр 2020 г. 1 609 0