ЖҮЙЕЛІ ІС ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

ЖҮЙЕЛІ ІС ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті VІІ сессиясы өтті.
Сессияда депутат Ібайдулла Тілеп төрағалық жасады. Күн тәртібіне сәйкес Қызылорда облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерді орындау туралы есебі тыңдалды. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар туралы депутаттар алдындағы есебін аяқтаған соң халық қалаулыларының жарыссөздері басталды. Алғашқы сөз алған депутат Жорабек Нұрымбетов облыс әкімінің бастамасымен өңірдің суармалы егістік жерлері үшін жасалған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Сырдария өзенінде салынған «Жаңақорған» және «Шиелі» үрлемелі су тоспаларының арқасында қосымша 60 мың гектар егістік жерді пайдалану мүмкіндігі туды. Үкімет басшысының аймаққа іссапары барысында суармалы жерлерде су шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне қатысты облыс басшысының құнды ұсыныстарды өткізе алғандығын атап өтті. Соның бірі – Шиелі ауданының «Күміскеткен» шатқалында көлемі 500 млн текше метр су шоғырландыруға арналған су қоймасын салуға қаржы бөлуге  қатысты. Бұл бөгетті салу су аз болған вегетациялық кезеңде облыстың үш ауданы мен Қызылорда қаласының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сырдария табанын тазалайтын земснаряд жеткізу бағытындағы жасалып жатқан жұмыстарды айта кетуге болады. Салада көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізген Ж.Нұрымбетов облыс әкімінің жұмысын оң бағалайтынын атап өтті. 
Ал депутат Райхан Ысқақова жыл басында  176 млрд болып қабылданған облыс бюджеті осы уақытқа дейін бес рет нақтыланып, 231 млрд теңгеге жетіп отырғанына назар аударды. Осы кезеңде республикалық бюджеттен облысқа 56 млрд теңге ағымдағы трансферт, 47,6 млрд теңге даму трансферті келіп түсті. Тұрғын үй құрылысы мен қайта жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. «Балапан» бағдарламасына  жұмсалған қаржы көлемі 3 млрд теңгеден асты. Халықаралық қаржы институттарымен бірқатар жобалар қаржыландырылуда. Бұл жағынан Қызылорда облысы республикада көшбасшы деп айтуға болады.  Мұның барлығы облыс басшылығының жемісті еңбегінің нәтижесі деуге болады.
Мұндай пікірді Әбдімәжит Жансақалов та қолдайтынын жеткізді. Ол құрылыс саласында қанша жыл жұмыс істеп келе жатса да, дәл қазіргідей тұрғын үй құрылысының қарқынды сәтін көрмегені туралы ағынан жарылды. Бір жылда 80 көпқабатты үй құрылысы басталды. Құрылыс жүргізіп жатқан 30 шақты мекеменің әрқайсысында 200-300 адам жұмыспен қамтылған. 
Жарыссөздер барысында сондай-ақ депутаттар Асқар Махамбетов, Кенжебек Үйреков, Имамзада Шағыртаев, Аманбай Ерхатовтар жасалған жұмыстарға оң бағасын берді. 
Өз кезегінде облыс басшысы депутаттардың оң бағалағанына ризашылығын білдіріп, бұның бәрі ортақ іс, ортақ абырой екенін айтты. Мұнан соң сессия күн тәртібінде белгі¬ленген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2016 г. 821 0