Көше атауында көп мәселе жатыр

Көше атауында көп мәселе жатырКеңес дәуірінде оңды-солды қойылған елді мекендер мен көшелер атауларынан арылу Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ерекше қарқынмен жүрді. Қазақтың аса көрнекті тұлғаларының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Алаш көсемдерінің есімдері ортамызға оралды.  Ономастика ғылымы мемлекеттік саясаттың бір бағытына айналды. Тарихи атаулардың қалпына келгеніне «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деп қуанбаған ағайын кемде-кем. 
Біздің халық есімдерін үлгі тұтатын тұлғаларға қай кезеңде де кенде болмаған. Бірақ жер-суға атау бергенде ол маңайдың өзгешелігін, географиялық белгілерін бір ауыз сөзге сыйдырған. Қасқақұлан, Қарауылтөбе, Ақшатау, Майлыөзек, т.б сияқты жүздеген атаулардың әрқайсысынан тарихи тағылым, табиғи ерекшелік аңғарылып тұратын еді. 
Кеңестік идеология ит арқасы қияндағы ауылдардың өзінде Ленин, Маркс, Энгельс, соғыста мерт болған Кеңес Одағы Батырларының атында көше болуына қатты мән берді. Кей жерлерде «мұраға» қалған сондай атаулар әлі де кездеседі. Еркіндік тиген соң мұндай түсініксіз атаулардан арыла бастағанда, тағы бір мәселенің басы қылтиды. Бұл – «ауылдың атын атама, көшенің атын көкеме берем» деп, белден басқандардың бастамасы. Көп жерлерде көше атауларын бей-берекет ауыстырғандардың әрекеті қоғамда кері пікір тудырып, сынға ұшырады.
Елдік, мемлекеттік деңгейдегі ірі қайраткерлер, өз саласында басқа ешкім бағындыра алмаған жетістікке жеткен адамдар мұндай айрықша құрметке лайық. Дегенмен, ауылдарды, мектептер мен көшелерді, нысандарды адам атымен атау белең алды. Газет редакциясына жолданатын хаттардың ауқымды бөлігі осы тақырыпты, яғни мақала кейіпкерінің атын көшеге немесе нысанға беру туралы ұсынысты қаузайды. Кейде ағайынының атын есте қалдыруды мақсат еткен ынталы топтың ойлары қай¬ран қалдырады. Мектепке, мәдениет үйіне, оқу орнына бұл салаларда мүлде еңбек етпеген адамның атын сұрайды. Кейбір бастамашылдардың ойынша мектепті ұзақ жыл басқарған директордың аты сол білім ошағына берілуі тиіс. Өмірбаяндарына қарасаңыз, барлығы да Кеңес дәуірінде ел қатарлы еңбек еткен. Бірі шопан болған, еңбегі бағаланып орден иеленгендері де бар. Бірі Кеңес, партия органдарында еңбек еткен. Енді бірі мектеп директоры, тағы бірі өндірісте, құрылыста, егіс басында, мал шаруашылығында бригадир болған. Ешқайсысының да елдің өркендеуіне, өз саласының дамуына қосқан үлесіне шүбә келтірер ойымыз жоқ.  Бір айтарымыз, адамзат баласы өз заманы иығына артқан жүкті көтеріп келе жатыр, көтере де береді.  
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда соғыс ардагерлеріне көше сұраған ұсыныстар көп болды. Соның себебінен атау беруге жарияланған мораторий бұл мәселеге ғана ашылды. Облыстық ономастикалық комиссияға келген 110 ұсыныстың барлығы да ардагерлер атына көше беруді сұраған. Бекітілген талап бойынша көше атына лайық деп танылған соғысқа қатысушы ордендермен марапатталуы тиіс. Аталған талапқа сай болған 96 ұсыныс мақұлданған. Осындайда біз көзін көрген майдангерлер еріксіз еске түседі. Бір аяғын сылтып басатын Есназар ата, бір көзін ақ матамен таңып жүретін Әбдіразақ ата, бір аяғын майдан даласында қалдырған Рахманберген ата...   Кеуделері орден-медальға толып тұратын. Олар өмірден өткелі 20-30 жылдай болды,  алайда аттарында көше жоқ. Оны сұрап жатқан адам да жоқ. 
Ал сұраушылардың уәждері ата-әкелерінің еңбегін бағалауға назар аудартудан гөрі, мақтаншылық пен бәсекеге айналып бара жатқан сияқты. «Көшеге аты берілген оның әкесінен менің әкемнің қай жері кем?! Оның әкесі істеген қызметті менің әкем де істеді. Ол әкесіне көше алып берсе, мен мектептің атын сұраймын» деген  құр даңғазалыққа ұрынып жүргендер баршылық. Ардақты адамының атын шығару үшін айқайға сүрен қосқанша, спорттық турнир¬лер, қайырымдылық шараларын өткізу әл¬деқайда тағылымды екенін түсінетін уақыт жеткен секілді.   
Ынталы топтардың тағы бір бекінетін ойы бар. Ол – кеңестік атаулардың  барлығының орнын өз ұсыныстарымен алмастыру. Бірақ өткеннің бәрін қоқысқа лақтыра алмаймыз. Әлемдік әдебиет алыптарының, Кеңес Одағы Батырларының атымен аталған көшелерді қайта атау біздің патриоттығымызға өлшем болмайды. Керісінше, тарихқа деген көзқарасымыздың қасаңдығынан хабар береді.      
Тағы бір айтарымыз, идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген көшені кісі атымен атау керек деген тастүйін байлам еш жерде жоқ. Біз үлгі тұтатын «достық», «бірлік», «ынтымақ», «татулық» деген ұғымдар көше атауына лайық емес пе?! Адам бойындағы мейірім, қайырым, ізгілік сияқты қасиеттер, Абай айтқан бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты атаулармен аталатын көшелерде тұрсақ, жарасымсыз ба?! Облыс орталығындағы көшелер Қызылорданың ең ескі атауы – Қамысқаланың, Сырдарияның ескі аты – Сейхундарияның құрметіне аталса,  кеше мен бүгіннің байланысына арқау болар еді. Жарты ғасырдан бері халықтың аузынан түс¬пей келе жатқан, Сырда туған сырлы әндер – «Сыр сұлуы», «Ақ босағаның» аты көшелерге қойылса үйлеспей ме?! Екі ғасырға жуық тарихы бар, бір кездері қазақтың астанасы болған  қаламызда қазақтың болашағын айқындаған небір тарихи оқиғалардың табы қалған. Өткен жылы қазақ театрының іргетасы Ақмешітте қаланғанына 90 жыл толды. Сол оқиғаларға құрметіміздің белгісіндей «Алғашқы Астана», «Қазақ театрының 90 жылдығы» деген көшенің болуы жөн сияқты.  
Мамандардың айтуынша, тарихи геогра¬фиялық  атауларды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ азаматтардың байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру  мақсатында  әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға шектеу қойылып отыр.
Нысандарға атау беру немесе қайта атау тиісті тәртіппен облыстық ономастика комиссиясында қаралып, қолдау тапқан жағдайда облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен республикалық ономастика комиссиясына ұсынылады. Республикалық ономастика комиссиясы оң қорытынды берген соң, Үкімет қаулысы шығады. Тіл туралы заңда ономастика жұмысының критерийлері белгіленген. Ат қоюда тарихи-географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру, әдеби тіл нормаларына сәйкестігі басты назарда болуы керек. Оған қоса жеке адамның есімімен аталған, ол берілген күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атауға, оны өзгертуге болатыны жазылған. Аса көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің және еліміз бен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс  болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін беруге рұқсат етілген. Бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге бір атауды бір мәрте ғана беру көрсетілген.
Қолданыста болған заңнамаларға сәйкес, ауылдардағы көшелерге атау беру мәселесін кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, шешім шығаратын еді. Ендігі жерде бұл шешім облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысы болған кезде ғана қабылданады. Аудандық маңызы бар қаланың көшелеріне атау беру мәселесі де облыстық ономастика комис¬сиясының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана аудандық әкімдік пен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімі шығады.
Қызылорда қаласының көшелеріне атау беру қалалық әкімдік пен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімімен жүзеге асырылып келсе, енді бұл жұмыстар тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы негізінде облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешіміне сүйенбек. 
Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау берілерден бір ай бұрын жергілікті интернет-ресурстарда және сол аймаққа таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру шығады. Халықтың пікірін ескеру ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылып, нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Дауыс берудің қорытындысы жиналыс өткен орында жарияланып, хаттама рәсімделеді. Жиналыс өткізілгеннен кейін 7 жұмыс күннің ішінде хаттамалық шешімдер жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешіммен атау беру туралы ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынады. Осыдан соң облыстық ономастика комиссиясы оң қорытынды берсе, ұсыныстар бойынша тиісті заңнамаларға сәйкес ше¬шім шығарылады.
Осы тұрғыда ғалым Қазыбай Құдайбергеновтің пікірін білмекке хабарласқанымызда, «Тәуелсіздік – біздің ең бірінші құрмет тұтатын құндылығымыз. Сондықтан мен осы ұғыммен егіз «Бейбітшілік», «Бостандық», «Достық» деген атауларды ұсынамын» деді. Сонымен бірге көшелерді адам атымен атауда тек қана Сыр бойынан түлеген тұлғаларды ұлықтаудан аспай қалмасақ екен. Қызылорда талай азаматты топырағында түлеткен, биікке шарықтатқан мекен болғандықтан, қазақты әлемге танытқан азаматтардың аты да қаламызда көрініс тапқаны дұрыс деп ойлаймын. 
Ономастика белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Оны жан-жақтан тартқылап, әрқайсысымыз атамыз бен көкемізді ұлықтау құралына айналдырып алсақ, тарихты мансұқтап, тамырдан ажырап қалуымыз кәдік. Ата-бабаларымыз қойып кеткен мәнді, әуезді атауларды аузын айға білеген кеңестік идеология да жоя алмаған. Ендігі жерде оларға ағайынының атын  беруді сұраушылар соны ойланса екен.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА







НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2016 г. 1 828 0