ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

Қала күні мерекесіне орай жексенбіде шаһарымыздың бірқатар шағын аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аймақ тұрғындары үшін ұйымдастырылған игілікті шараға Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Сырдария, Арал, Қазалы, Жаңақорған және Шиелі аудандары қатысып, әкелген өнімдерін нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен ұсынды. Жұртшылықтың қуанышына айналған жәрмеңкені облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аралап, тұрғындармен тілдесті.

 

ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЖӘРМЕҢКЕАймақ басшысы алдымен Әйтеке би көшесінде орналасқан Қызылорда қаласы еңбеккерлерінің жәрмеңкесіне барды. Мұнда жалпы құны 31 265 500 теңгені құрайтын 40-қа жуық ауыл шаруашылығы өнімдері төмен бағада ұсынылды. Таң алдымен азық-түлік алуға кіріскен халық сауданың көркін қыздырды. Сондай-ақ, олар қалаған өнімдерін арзан бағамен сатып алуға қол жеткізгенін айтып, жәрмеңкені ұйымдастырғандарға алғыстарын білдірді.

– Бүгінгі жәрмеңкеде өзіме қажетті азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алдым. Бұл шараның ұйымдастырылуы өзіме ғана емес, барлық тұрғындар үшін өте тиімді болып отыр. Осындай жәрмең­келер өз жалғасын таба берсін. Қала күні қарсаңында мұндай шаралардың өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны Нұралы Апбазов.

Қала күні мерекесіне орай өткізілген жәрмеңкеден жалағаштықтар да құр қал­ған жоқ. Қызылорданың 198 жылдық ме­рей­тойын ортақ мереке деп білген Жа­лағаш ауданы «Титов» шағын ауданының тұр­ғындарына азық-түлік өнімдерін арзан бағада ұсынды. Айта кетейік, ауданнан жалпы құны 13 млн 336 мың теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40-тан астам түрі келді. Жәрмеңкеде өңір тұрғындары өздеріне қажетті өнімдерін арзан бағада сатып алып, қуанышқа кенелді.

ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ЖӘРМЕҢКЕТорайғыров көшесінің бойындағы Арал ауданының еңбеккерлері өткізген жәр­меңкеде өнімдер арзан бағада сатылды. Мұнда картоп пен пиязды 50, сәбізді 60, сиыр етін 900-1000 теңгеден алып жатқан қала тұрғындары сауданың көркін қыздырды.

Дәл осындай игілікті шараны Қазалы ауданы қаланың «Шұғыла» шағын ауда­нында ұйымдастырды. Мұнда да тұр­ғындар өздеріне қажетті ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін тиімді бағада сатып алып жатты. Қазалылықтар 20 тонна күріш, 16 тонна балық, 1 тонна сүт, 1 тонна «Қазалы» конфеті, 30 тонна қауын-қарбыз және 40 тонна көкөніс әкеліп, нарықтан төмен бағада тұрғындарға ұсынды.

Мерекеге ортақтаса келген сырдария­лықтар да Жанқожа батыр көшесінің бойында жәрмеңке ұйымдастырды. Ұйым­дастырушылар ұсынған өнімдерін жақсы өтіп жатқанын, бұл сауданың тұрғындар үшін де, өздері үшін де тиімді екенін айтты.

Жерге дән сеуіп, уақытында ырзық-несібеге кенелуді дәстүрге айналдырған Жаңақорған ауданының азаматтары да игілікті шарадан құр қалған жоқ. Астана көшесінің бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырған жаңақорғандықтар барлық тауарларды ең төмен баға ұсынды. Шаһар тұрғындары үшін арзан бағада өнімдер ұсынған бұл аудан да өңір халқының алғысын алып жатты.

Шиелі ауданы жыл сайын тасбөгеттік­тер үшін жәрмеңке ұйымдастыруды дәс­түрге айналдырған. Ауқымды шара биыл да жалғасын тауып, тұрғындар қуанышқа кенелді. Биыл шиеліліктер 100-ге жуық автокөлікпен жалпы құны 35 млн теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағада ұсынды. Осылайша аймақтың бірқатар шағын аудандарында өткен жәрмеңке көпшіліктің көңілінен шықты. Барлық аудандар мерекелік концерт ұйымдастырып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, жәрмеңкеге барлығы 290 көлік қатысып, 942,6 тонна өнім нарық бағасынан 10-15 пайыз арзан бағада сатылды.

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2016 г. 1 018 0