Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың облыстық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзі

Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың  облыстық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзі
  Құрметті депутаттар,
   әріптестер!
Бүгінгі басқосу жергілікті атқарушы биліктің дәстүрлі есеп беруі ғана емес, сонымен қатар осы жылы атқарған жұмысымызды және ағымдағы жағдайды бірлесіп талқылаудың, ой елегінен өткізіп, елеп-екшеудің тамаша мүмкіндігі болып отыр.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің 2016 жылға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары қабылданды, жоспарға сәйкес
207 тармақты іске асыру көзделген. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 61 іс-шара орындалды, 146-сы орындалу үстінде.
Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық, кейбір алпауыт елдердің арасындағы қарым-қатынастың ушығуы еліміздің, әсіресе аймақтың да экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде. Сондықтан біз қазір қиындықтарды еңсеру жолдарын қарастырып  отырмыз, өкінішке қарай, кейбір нәтижелерге қол жеткізу әрдайым біз ойлағандай бола бермейді.
Дегенмен, дағдарыс жағдайында азғантай жетістіктің өзі үлкен табыс. Өйткені, оның артында атқарылған ауқымды жұмыс тұр. Оны бағалай білуіміз керек.
Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары мұнай-газ саласында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл басқа өңірлерге қарағанда біздің аймаққа ауыр тиді, себебі, республика бойынша қысқарған мұнай көлемінің 60 пайызынан астамы біздің облысқа тиесілі. Яғни, 2015-2016 жылдары елімізде мұнай өндіру көлемі 4 млн тоннаға кемісе, оның 2,5 млн тоннасы біздің облыстың еншісінде.
Бұл жағдай жер қойнауын пайдала¬нушыларды өздерінің инвестициялық бюджеттерін қысқартуға мәжбүрлейді және өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштерінің (2016 ж. 6 айында: НКИ – 90,8%), құрылыс жұмыстарының (НКИ – 62%) және өңір экономикасына тартылатын жалпы инвестиция көлемінің (НКИ – 70,6%) азаюына себеп болады.
Басты саладағы көрсеткіштің төмендеуі біз үшін тұйықтан шығар басқа жолды табуға, ізденуге негіз болды. Біз экономиканы әртараптандыру және жедел индустрияландыру қажеттілігі туралы Елбасы шешімдерінің өзектілігін шынайы сезіндік.
Біз экономиканың құрылымын өзгерту біржылдық процесс еместігін және өңіріміздің көмірсутек шикізаты мен мұнай бағасына әлде де ұзақ уақыт тәуелді болатынын түсінеміз.
Сол себепті біз қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлауды және іске қосуды қарастырудамыз. Онсыз біз өңірдің тұрақты экономикалық дамуын сақтай алмаймыз, өйткені, шикізат секторы (мұнай, уран) біздің өңір үшін әлі де айқындаушы рөл атқарып отыр (өнеркәсіп құрылымында 74%). Бұл – шындық.
Дегенмен, біз шешілуі жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру жұмыстарына қатысты жыл басында уәде еткен  бірқатар маңызды  көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз еттік.
Соның ішінде, өңдеу секторының өсімі ағымдағы жылы 15,4%-ды құрады. Ал, егер неғұрлым ұзақмерзімді үрдісті (динамиканы) алып қарайтын болсақ, онда, мысалы, 2012 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, облыстағы шикізаттық емес сектордың өндіріс көлемі 2,8 есеге артса, республика бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен небәрі 17,8%-ға ғана өскен.
Осы кезеңде өңіріміздегі өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы еңбек өнімділігі 5,2 есеге (ҚР – 195%) артты, ал, өңдеу өнеркәсібінің өңірдің жалпы өніміндегі үлесі 2 еседен артық (2012 ж. 2,3%-дан 2015 ж. 5,2%-ға дейін) өсті.
Шикізаттық емес сектордың даму қар¬қыны бойынша біздің облыс бүгінгі күні республиканың өзге облыстары арасында көшбасшы болып табылады. Өңдеу саласының қарқынды өсімі 2014 жылдың қыркүйегінен бастап байқалуда. Яғни, аймақ экономикасы әртарап¬тандыру жолында екендігі айдан анық.
Қазіргі таңда Индустрияландыру картасының аясында бірінші бесжылдықта (2010-2014 жж) іске асырылған 17 жобаның 10 жобасы жоспарланған қуаттың 90-100%-ын, 3 жобасы 50-90%-ын қамтамасыз етуде. Бұл кәсіпорындарда бүгінде мыңға тарта адам жұмыспен қамтылған.
Өкінішке қарай, жобаларды іске асыру туралы шешім қабылдау сатысында барлық тәуекелдерді ескеру оңай емес. Сондықтан, 2010-2014 жылдары Карта аясында жүзеге асырылған 2 жобаны («Ауылшаруашылық техникаларын құрастыруды ұйымдастыру» («АзовАралАгромаш» БК» ЖШС) және «Мия тамырын өңдеу өндірісін құру» («Бис групп» ЖШС) жоспарланған өндіріс қуатына шығару үшін біз арнайы жұмыс жасаудамыз, ал, 2 жобаны («Шағын сүт цехын ашу» («Шөгірлі» ШҚ) және «Қамыс-жаңқа плиталарын шығаратын өндіріс ашу» («Алтын бала 08» ЖШС) – Картадан мүлде алып тастауға мәжбүр болдық.
Оның үстіне, мемлекеттің әрі бизнестің қаражатын босқа шашпау үшін біз «Сан емес, сапа» қағидатымен жүруге бел байладық. Іріктелетін жобалардың сапасын арттыру – бүгінгі күннің аса маңызды міндеті.
Сондықтан Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін ескере келе, біз қолданыстағы кәсіпкерлікті қолдау картасына (Индустрияландыру картасы) талдау жүргіздік, оған енгізілген жобалардың барлығын тағы бір сұрыптап шықтық.
Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде өткен Өңірлік үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Картадан 21 жоба  келешегі жоқ және индустрияландыру идеясына сәйкес келмейтін жобалар ретінде алынып тасталды. 13 жоба бойынша жобаның бастамашыларына белсенділік танытуға бір ай мерзім берілді.
Бір айдан соң Картаны өзектендіреміз. Қалған жобалар бойынша, тіпті олардың саны 10 болса да, жұмысты нәтижелі атқарғанымыз абзал. Өзімізді де, Үкіметті де алдамай.
Ендігі кезекте, жеке инвесторлардың жобаларын іске асыруға мемлекеттің қатысуы бойынша шешім қабылдауда жобалардың экспорттық әлеуеті, жоғары өнімділігі және инновациялығы   басты бағдар болады.
Бұдан бөлек, біз индустриалды аймақтардың жобалармен қамтылуына талдау жүргіздік. Өздеріңіз білетіндей, олардың облыстағы саны бесеу (Қызылорда қаласында, Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарында) және ағымдағы жылы Қармақшы ауданында тағы біреуін (алтыншысын) іске қосамыз. Мойындау керек, жағдай мәз емес. Индустриалды аймақтардың жобалармен  қамтылуы небәрі – 18%!
Әрине, бұл жерде ғаламдық дағдарыс ызғары – қолайсыз экономикалық ахуал кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса, банктер де шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұзақ мерзімге несие беруді 2 есеге қысқартты.
Сондықтан бүгін біз индустриалды аймақтарды өміршең жобалармен жасақтау үшін екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп өз-өзін ақтайтын, тиімді жобаларды тарту бойынша белсенді жұмыс жасап жатырмыз.
Қазір «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы негізінде басқарушы компания құрылуда, оның балансына индустриалды аймақтардың бүкіл коммуникациясы беріледі. Басқарушы компанияның міндетіне жобалардың қатысушыларына жер учаскелерін беру, жобаға инженерлік инфрақұрылымды жеткізу, инвестиция тарту, преференциялар алу және индустриалды аймақтарға қатысушылардың тауарларын өткізу және басқа да жұмыстар кіретін болады.
Бірақ, индустриалды аймақтардың жұмысына қатысты талап бұрынғысынша жергілікті әкімдерге қойылады.
Бұл – СІЗДЕРГЕ сеніп тапсырылған аумақ, сондықтан ондағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тікелей жауап бересіздер! Өйткені, индустриалды аймақтарды құруға бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.  Сонымен қатар, ортақ іске аймақтық кәсіпкерлер палатасы  кеңінен тартылуы қажет.
Шикізат секторына тәуелділікті азайту мақсатында біз екінші индустриалды бесжылдық аясында жаңа (ірі) өндірістерді ашу жұмыстарын табанды түрде жалғастырып келеміз.
Америкалық инвесторлардың қатысуымен салынып жатқан  шыны зауытына жабдықтардың 30%-дан астамы жеткізіліп қойылды. Жабдықтарды жеткізушілер нарықта өздерін жақсы жағынан көрсете білген, әлемге әйгілі американдық, германдық, итальяндық компаниялар болып табылады.
Жақын арада дайын өнім қоймасының құрылысы аяқталады, ал, күздің соңында жабдықтарды монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.
Зауытты іске қосу кесте бойынша 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланған.
«Бала-Сауысқандық» ванадий кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру (британдық «Ферролойс Рисорсиз ЭлТиДи» компаниясымен бірге) кезеңі аяқталды. Аммоний метаванадатының сынамалы партиясы мақұлдану үшін АҚШ-қа, Тайваньға және Ресейге жөнелтілді. Тауардың өткізу нарығы сарапталуда.
Оған қоса, үстіміздегі жылдың 22 қарашасында британдық компания бұл инвестициялық жобаны қаржыландыру бойынша келісім-шартқа қол қоюға дайындығын мәлімдеді.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде («Таукен-Самұрық» компаниясы ЕҚДБ-мен және финдік «Аутотек» компаниясымен бірге) тау-кен байыту комбинатының және осы комбинатқа қажетті газ-турбиналы электр стансасы құрылысының дайын¬дық жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, кеніштегі гидрометаллургиялық зауыт құрылысы бойынша технико-экономикалық негіздеме жасалуда.
Ферроқорытпа зауыты бойынша күрделі жұмыстар (германиялық серіктес «АйСиЭмДи» компаниясымен бірге) өз жалғасын табуда. Жобаның ТЭН-і жасалды, инфрақұрылымы  әзірленді. Қазір тәжірибелік-сынау жұмыстарын жүргізу үшін  Үкіметтің Жоғары ғылыми-техникалық комис¬сиясының жобаға қатысты мақұлдауын күтіп отырмыз. 23 тамыз күні Варшавада (Польша) поляк компаниясымен («EMP «Enerdgy and Metallurgikal Products Spolka z.o.o.» (ЕМП «Енерджи энд Металургикал продактс сполка») ферроқорытпа зауытының жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Польшаның Ұлттық банкі жобаға 300 млн АҚШ доллары көлемінде  инвестиция құюға әзірлігін мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың маусым айында ресейлік компаниямен бірлесіп, Жаңақорған ауданынан құрылыс цементін өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
Жақын арада Шиелі ауданында тампонаждық цемент өндіру зауытының құрылысын бастаймыз. Осы екі жоба бойынша инвестиция көлемі 277 млн АҚШ долларын құрайды.
Оларды іске асырудың өзі 400 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Зауыттар 2018 жылдың басында іске қосылады.
«Арал тұз» акционерлік қоғамының Арал қаласында кальцийлендірілген сода зауытын салу жобасын іске асыруға Қазақстан инвестициялық қоры арқылы инвестиция тарту мәселесі пысықталуда (жобаның ТЭН-і мен бизнес-жоспары дайын, жобаның құны – 81 млрд теңге). Айта кетейік, «Арал тұз» компаниясы Индустрияландыру картасының аясында тұз өндіретін испандық цехты салу нәтижесінде бүгінгі таңда өз өнімінің 57%-н шетелге экспорттауда және соңғы 2 жылда ресейлік нарықтың он пайыздан астамын біздің өнім құрайды.
Ал, биылғы жылы кәсіпорын тағамдық және техникалық тұз шығаратын екінші жаңа цехты іске қосты. Нәтижесінде, ұсақталып тартылған тағамдық тұз өндірісінің қуаты 7 есеге артады, шығарылатын өнімнің ассортименті кеңейеді және тағы да 200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Дамудың тұрақты үрдісі агроөнеркәсіптік сек¬торда да байқалады. Бұл саладағы өндіріс көлемі бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4%-ға дейін, ал 8 айдың қорытындысы бойынша 5,4%-ға өскен.
Ағымдағы жылы Шиелі ауданында қуаты тәулі¬гіне 400 литр түйе сүтін шығаратын цех, Сырдария ауданында үйрек пен қаз өсіретін құс фермасы іске қосылды (қазір фермада 10 мыңнан астам құс өсірілуде).
Бүгінгі күні Қызылорда қаласында жартылай фабрикатталған ет дайындайтын фабрика және Сырдария ауданында 5 мың қой мен 10 мың қозы өсіретін кешен мен қуаты жылына 250 тонна ет өндіретін ет комбинатының құрылысы жүргізілуде.
Экономиканың бұл саласы шетелдік инвесторлар үшін тартымды болып отырғанын айту қажет. Қазіргі уақытта шетелдік серіктестермен бірге Жаңақорған ауданында томат пастасын шығаратын зауыт салу жобасы пысықталуда. Қармақшы ауданындағы құс фабрикасының және Арал ауданындағы түйе сүтін өңдеу зауытының құрылыстары іске асырылу сатысында.
«Мал баққанға бітеді». Айта кету қажет, бүгінгі күні малдың барлық түрлері бойынша мал басы ең табысты делінген 90-жылдың көрсеткішінен асып түсті.
Ендігі кезекте біздің бірінші міндетіміз – облысты аусыл індетінен буферлік аймақтан шығару бойынша Халықаралық эпизоотикалық бюросымен жұмысты барынша жедел жүргізіп, етті экспорттауды бастауымыз қажет. Біздің өнімге сұраныс бар, бірақ, көріп отырғандарыңыздай, республикадан тысқары шығаруға мүмкіндік жоқ.  Осы мәселені жедел шешуіміз керек.
Бақша дақылдарын өнеркәсіптік өндіруді қалпына келтіріп жатырмыз. Биыл жергілікті қауын алғаш рет Ресейге экспортталды. Келесі жылы бақшалық егістік алқаптарын ұлғайтуды (1000 гектарға) жос¬парлап отырмыз.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру жұмыстары жандануда. Жыл басынан бері 73 ауылшаруашылық кооперативі құрылды, оларға 324 ұсақ тауар өндірістері біріктірілді. Бұл аграршылардың субсидиялар мен несие  алуына үлкен мүмкіндік туғызып, саладағы мемлекеттік қолдауды жүйелей түседі.
Осы мәселе бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс жасаудамыз. Ағымдағы жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Микробизнес-Қызылорда» пилоттық жобасын іске қосты. Бүгінгі таңда құны 591 млн теңгеден асатын 92 жоба іске асырылды, 400 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып, солар арқылы ет-сүт бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Айта кету қажет, өңірлік инвестициялық орталық өзінің 1,5 жыл жұмыс істеген уақыты ішінде ауылдық жерлерде құны 1 млрд теңгені құрайтын 148 жобаны қаржыландырды. Олардың басым бөлігін (70%) кәсібін бастауыш кәсіпкерлер құрап отыр. Нәтижесінде ауылдарда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Бұл біз үшін өте маңызды, өйткені өңіріміздегі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың үштен бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, олардың 2/3 бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі және болашағы қалай болатыны біз бен сіздер атқаратын жұмысқа байланысты.
Бұл мәселенің өзектілігі әсіресе әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне орай арта түсуде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заң қолданысқа енген кезде мемлекеттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) аударылатын жарналарды бұдан былай қаржыландырмайтынын білесіздер, сол себепті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (олардың саны облысымызда 121 мың адамнан асады) сол уақыт аралығында жеке кәсіпкер немесе жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс.
Тұрақты табысы жоқ, шаруашылығы шағын немесе жұпыны адам өзі өндіретін өнімдерді жеке кәсіпкер ретінде нарыққа шығармайтын адамның салық органдарына өздігінен тіркелмейтіні түсінікті. Демек, ол жұмыспен қамтыған, әсіресе өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған адам жұмыссыздар қатарын толықтырады немесе жүйенің қосымша пакетімен қамтылмай қалады.
Бұл міндетті түрде азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйіне кері әсер етеді. Ал, біз бұған жол бермеуіміз керек!
Сондықтан, қазіргі біздің ортақ міндетіміз – тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу (әрбір ауылда) және кезең-кезеңімен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар санатын шағын бизнес разрядына ауыстыру. Мұндай міндетті Мемлекет басшысының өзі де қойып отыр. Өйткені, дәл осы шағын бизнес әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін болады.
Сондықтан Елбасының кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауы, ерекше қолдау білдіруі жайдан-жай емес.
Тамыз айының 20-нан күріш жинау басталды. Бәрімізге белгілі, өткен жылы рекордтық өнім жиналды. (423,6 мың тонна, гектарынан 50,5 центнер). Ауылшаруашылық тауарларын өнді¬ру¬шілердің пікірінше, биылғы жина¬латын өнім өткен жылға қарағанда ең кем дегенде 10%-ға жоғары болмақ!
Бүгінгі таңда 1 гектар күріштің орташа өнімділігі гектарына 46 центнер болса, рекордтық межеге қол жеткізген 2015 жылы гектарына 41,9 центнер болды.
Амандық болса, қазан айының алғашқы күндері диқандар еңбегінің нәтижесін көретін боламыз. Осы ретте, субсидиялау жүйесін кезең-кезеңмен реформалау туралы ұсынысымызды қолдағаны үшін Үкіметке алғыс айта кеткім келеді.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы 8,5 млрд теңге (2015 жылға қарағанда 400 млн теңгеге немесе 5%-ға көп) бөлінді.
Жалпы, биылғы жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 10 есеге артты!
Ағымдағы жылдағы жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – суармалы жерлердің су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру болды. Мемлекет басшысы 9 қыркүйекте өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде алдағы бесжылдықта ең кемі 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуді тапсырды.
Бұл жөнінде үстіміздегі жылы шілдеде Үкімет басшысының облысқа жұмыс сапары барысында, Қамбашта өткен арнайы мәжілісте айтылған болатын (суармалы жерлердің сушаруашылық инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша республикалық мәжілісте). Су тапшылығына байланысты Қызылорда облысы бойынша 60 мың гектар суармалы жер пайдаланылмайды, бұл – өңірдегі суармалы жерлердің төрттен бірі! Жағдай негізінен ирригация мен дренаж инфрақұрылымының нашарлауы мен тозуы салдарынан орын алған.
Өңіріміз Сырдария өзенінің төменгі жағында орналасқан, сондықтан біз үнемі осы өзеннің сағасында орналасқан мемлекеттерге тәуелдіміз. Осы ретте ирригациялық және дренаждық жүйелерді жандандырудың стратегиялық маңызы бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша іске асырылып жатқан «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасының екінші кезеңі аясында Жалағаш ауданындағы 15 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалық аймақтарда іздестіру және жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Объектілерді паспорттадық. Енді суармалы каналдар мен коллекторлық су айдайтын жүйелерді паспорттау қажет.
Бұдан бөлек, біз ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының үшінші кезеңіне облыс бойынша 144 мың гектар жерді қосу мәселесін көтеріп отырмыз. Оған қоса, Ислам Даму Банкімен 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жобасын ілгерілету бойынша жұмыс жасалып жатыр.
Өздеріңізге белгілі, «САРАТС» жобасының бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде өңірде балық шаруашылығы қарқынды дамуда.
Қамбаш көлінде екінші жыл қатарынан балықшылар слетін өткіздік. Сала өкілдері биылғы ұйымдастырылған ауқымды шараны ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.
Тек, соңғы екі жылдың өзінде балық өнімдерінің экспорты 45%-ға, соның ішінде Еуроодақ елдеріне – 2 есеге және ЕАЭО елдеріне 2,5 есеге өсті.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен Арал ауданынының Қарашалаң ауылында қуаттылығы жылына 900 тонна балық өнімін дайындайтын сервистік балық дайындау орталығы пайдалануға берілді. Облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Ерхатов Аманбай ресейлік әріптестермен бірге Ульянов облысында балық өңдеу зауытын салып, Ресей нарығында да белсенді жұмыс жасауда.
Әрине, ендігі мақсатымыз – жобаның екінші кезеңін жүзеге асырумен тікелей байланысты. Сондықтан, біз қазір Үкіметпен бірлесіп «САРАТС» жобасының екінші кезеңін тезірек бастау бағытында жұмыс жасаудамыз.
Өздеріңіз білетіндей, Өзбекстан тарапының негізсіз ұстанымы салдарынан жобаның іске асырылуы кешіктірілді. Соның салдарынан жобаны Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен жүзеге асыру кешігіп жатқандықтан, біз Үкіметке жобаны республикалық бюджет есебінен іске асыру туралы ұсыныс бердік.
Бірінші кезеңде жобада көзделген 6 компоненттің 4 компонентін (23,2 млрд теңге) тез арада іске асыру ұсынылды:
— Қызылорда гидроторабының сол жақ жағалаудағы реттегіш шлюзін қалпына келтіру (1,4 млрд теңге);
— Қазалы және Қармақшы аудандарына қорғаныс бөгеттерін салу (1,7 млрд теңге);
— Сырдария өзенінің Қармақшы ауданындағы Қорғанша мен Тұрымбет учаскелерінің  арнасын түзету (1,1 млрд теңге);
— Қазалы ауданындағы Бірлік ауылына жақын маңға автожол көпірін салу (3,6 млрд теңге).
Жобаны жүзеге асыруды кешіктіру аймақта төтенше жағдай қаупін күшейтеді деп есептейміз, өйткені, Қызылордадағы гидроторап апаттық жағдайда тұр, оның салдарынан елді мекендерді және жайылымдарды су басу қаупі бар.
Жобаның 1-ші кезеңінің құны – 7,8 млрд теңге.
Халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін факторлардың бірі – баға. «Үйдегі көңіл-күйді базардағы нарық бұзбасы» үшін бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстаудамыз, әсіресе, азық-түлік тауарларының бағасы ұдайы назарда.
Бағалардың өсу факторларының бірі – нарық субъектілерінің  жосықсыз әрекеті салдарынан болатыны белгілі.
Бұл ретте, біз ағымдағы жылы бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу туралы ірі сауда субъектілерімен 59 меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, жыл басынан бері 21 азық-түлік жәрмеңкесі өткізілді, тауарлардың бағасы нарықтағыдан арзан бағаға сатылды.
Базарды өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мақсатында егістік алқаптарын әртараптандыруды қолға алдық.
Мысалы, ағымдағы жылы күріш егістіктері 4,5 мың гектарға қысқартылса, керісінше картоп, бақша, көкөніс және май дақылдарын егу ұлғайды.
Тұрақтандыру қоры нәтижелі жұмысын жалғастыруда.
Нәтижесінде, нарықта орын алып отырған инфляцияға қарамастан, азық-түлік тауарлары бағаларының өсу қарқынын өзге өңірлерге қарағанда төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндігіміз бар.
Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өңірде жалақының өсу деңгейі (100,4%) байқалғанымен, республика бойынша бұл көрсеткіш азаю үстінде (98,9%).
Жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеу мәселесі қатаң бақылауда.  Еңбекақы төлеу бойынша  берешекке қатысты мәселелердің басым бөлігін біз «тікелей басқару» әдісімен жедел түрде шешіп отырдық. Жыл басынан бері  түрлі себеппен төленуі кешіккен 800 млн теңгеден астам жалақы берілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда жалақы бойынша қарыз тек 4 компанияда ғана 10 млн теңгеден сәл астам соманы құрап отыр. Олардың әрқайсысы бойынша прокуратура органдарымен бірлесіп, жұмыс жүргізілуде.
Біздің жұмысымыздың 2 жылдан бергі негізгі бағыттарының бірі – жұмысшыларды жаппай босатудың алдын алу. Өткен жылы ірі кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау туралы меморандумға қол қойдық.
Нәтижесінде жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 402 адам босатылған, олардың бүгінгі күні 90-ы жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыз ретінде тіркелген 137 адамды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудеміз.
Сонымен бірге, тек ағымдағы жылдың 6 айында экономика салаларында 5700 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 5000-ы – тұрақты.
Облыста іске асырылып жатқан бағдарламалар шеңберінде әрбір жұмысқа орналасушы Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының дерекқорына тіркелуі және тиісті салық төлеуі қажет.
Біріншіден, бұл жұмыссыздың өзіне қа¬жет, осылайша ол зейнетін қамтамасыз етеді және, екіншіден, бұл арқылы біз облыста іске асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін бағалай аламыз.
Жұмысшыларды жаппай босату бұрынғысынша мұнай-сервис саласында (жоғарыда айтып өткендей, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне және соған орай мұнай-газ секторына салынатын инвестиция көлемінің азаюына байланысты мұнай-сервис жұмыстарының көлемі де қысқаруда) орын алып отыр. Осының салдарынан мұнай-сервис саласында жұмыс жасайтын 23 мың адамның жұмыссыз қалу қаупі бар.
Сондықтан біз қазір «Теңізшевройл» ЖШС және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компанияларымен өңіріміздегі мұнай-сервистік ұйымдарды осы компаниялардың ірі инвестициялық жобаларына қатыстыру мәселесін пысықтап жатырмыз. Қазан айында бұл мәселені Энергетика министрлігінің қолдауымен және аталған компаниялардың өкілдерімен бірге Қызылорда қаласында екінші рет талқылайтын боламыз.
Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін бұрынғы бес пайыздық деңгейде сақтап, оның өсуіне жол бермеуге жұмыс жасалуда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті тіпті 4,9%-ға төмендетуге мүмкіндік бар деп есептейміз. Тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және осылайша олардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу – бұл біздің ағымдағы жылы алдымызға қойған негізгі міндет.
«Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында (35 жоба, сомасы 21 млрд теңге) жұмыс орындарын сақтаумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігіне ие болдық, әсіресе, құрылыс секторында көрсеткіш жоғары. Тек тұрғын үй құрылысының дамуы есебінен, құрылыс өнімдерін өндіру саласындағы жұмыспен қамтылғандарды қоспағанда, салада  18 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Үйі бардың күйі бар. Жыл басынан бері барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 300 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары.
Тек мемлекет қаражатының есебінен жыл басынан 12 көпқабатты үй салынды. 634 отбасы жаңа баспаналы болды. Ал, жыл соңына дейін тағы да 31 үйді пайдалануға береміз, яғни, 1700 адам қоныс тойын тойлайтын болады. Көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Ағымдағы жылы Қызылорда қаласында жалпы саны 4000 пәтерді құрайтын 80 көппәтерлі үйдің құрылысы қарқынды жүруде – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Осылайша, тек соңғы 2 жылдың өзінде ұзақ жыл баспана кезегін күткендердің 28%-дан астамы өзінің тұрғын үй мәселесін  түбегейлі шешуде.
Тұрғын үй құрылысында мұндай серпіліс Сыр өңірінде бұрын-соңды болған емес!
Жеке тұрғын үй құрылысына алаңдарды дайындау бойынша биыл да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа биыл 14 млрд теңгеден аса қаржы бағытталуда. Көп жылдардан бері бірінші рет облыстың аудандарына 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінеді. Қалған 9 млрд теңге Қызылорда қаласындағы алаңдарды дайындауға жұмсалады. Оның 5,3 млрд теңгесі «Бәйтерек» жаңа ықшам ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысына бағытталды.
Инженерлік-коммуникациялық инфраструктураның ауқымды құрылысы тұрғын үй дамуына жаңа серпін береді.
Мысалы, «Бәйтерек» ықшам ауданының 980 гектар болатын аумағына 6600 жер учаскесі орналастырылады, онда болашақта 36 мың адам қоныстанады. Бұл – Жалағаш ауданы тұрғындарымен пара-пар. Тұтас бір шағын қала деуге болады!
Айта кету керек, бұл соңғы 3,5 жылда облыс орталығында тұрғын үй бағдарламасының арқасында бой көтерген 11-ші ықшам аудан.
Көп адамдарға құрылыс салуға жер бөлу оңай шаруа сияқты көрінеді. Жерді бергенге дейін орасан зор ұйымдастыру жұмыстары жасалады, мәселе шешімін табу үшін талай тірлік атқарылады.
Мысалы, жоғарыда аталған «Бәйтерек» ықшам ауданын алайық. Жұмыстар 2013 жылы басталған. Сол жылы геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, топырақасты суларының бар-жоғына жіті («Мерей», «Ақмешіт» ықшам ауданының тұрғындары кезіккен проблемаларға жол бермес үшін) талдау жүргізілді.
2014 жылы ықшам ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасауға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
2015 жылы – жергілікті бюджеттің есебінен жобалық-сметалық құжаттама жасалды, содан соң жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілді. 2015 жылдың желтоқсанында Ұлттық экономика министрлігіне осы жер алабының инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлуге алғашқы өтінімді бердік (мемлекеттің жеке тұрғын үй салуға тек инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жерді ғана бөлетінін өздеріңіз білесіздер).
2016 жылдың қаңтарында қаржыны алу үшін бізге бұл жобаны Үкіметте қорғауға тура келді.
Тек 2016 жылдың наурызында ғана біз ықшам ауданның аумағына инженерлік инфрақұрылым жүргізуге бөлінген бірінші қаражаттық траншты алдық.
Айта кету қажет, елімізде бюджет қаражатын үнемдеп жұмсауға бет бұрған уақытта, біз жобаны республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіп, қаржыны алуға қол жеткіздік.  Бұл – оңай шаруа емес.
Сондай-ақ, «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы  150 гектар жерді толық тегістеу жобасы дайындалды. Алда ол жаққа да инженерлік инфрақұрылым тартуды бастаймыз, бұл жеке құрылысқа тағы да 1200 жер учаскесін бөлуге мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттің есебінен апатты жағдайдағы көпқабатты үйлердің (38 үй, 503 пәтер) мәселесін біртіндеп шешіп келеміз. Осы жылы 120 отбасына жаңа үйлерден баспана берілді. Келер жылға тағы да 3 үй (220 пәтер) салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін біз 60%-дан астам апатты жағдайдағы үйлерде тұратын тұрғындардың мәселесін шешеміз (қалатыны 34 үй – 163 пәтер).
Жақында Мемлекет басшысы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жаңа бағдарламада тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыруға баса ден қойылады.
Сондықтан бізге де инвесторлар тарту жұмысын жандандыру қажет. Сонда мемлекет инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға ресурстарды жұмылдыра алады. Тұрғындарға ипотекалық несиенің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау жоспарлануда.
Енді газдандыру мәселесіне тоқталсам.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-ның қолдауымен біз Қызылорда қаласын және 4 аудан орталығын газдандырып, Байқоңыр қаласына газ жүргіздік.
Ағымдағы жылы газ жүргізілмеген 3 аудан орталығы мен Қызылорда қаласындағы кейбір аудандарға («белые пятна») газ тарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.  Жобаның жалпы құны – 11,7 млрд теңге.
Біз мәселені шешудің бірден бірнеше жобаларын әзірледік: «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты есебінен газдандыру немесе  бюджет  есебінен іске асыру.
Елді мекендерді «ҚазТрансГаз» АҚ есебінен газдандырудан бас тартуға тура келді, себебі, бұл инвестициялық жоба және «ҚазТрансГаз» өзінің шығындарын ақтау үшін газ тарифін 1000 м3 үшін 19000 теңгеден 40 000 теңгеге дейін өсіруі қажет, бұл өз кезегінде тұрғындарға, бюджеттік және коммерциялық ұйымдарға қомақты қосымша салмақ болады.
Сондықтан, жобаны бюджеттік қаражат есебінен іске асыру туралы шешім қабылданды. Жергілікті бюджеттің бұған мүмкіндігі жетпейтіндіктен, біз осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қаржы тартуды қарастырудамыз.
Біз Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика және Энергетика министрліктеріне бюджеттік өтінімдер тапсырып қойдық. Алайда, 2018 жылға дейін жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізуге  мораторий енгізілгендіктен, тиісті министрліктер жобаны 2016-2017 жылдары бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартты.  Басқа да аймақ басшыларымен бұл мәселені Үкіметте көтердік.
Нәтижесінде Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі тарапынан Қазақстан Республикасын газбен қамтудың бас схемасын іске асыру мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобының атқарған жұмысының нәтижесінде республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралатын болады деп күтілуде. Біздің жобалар да бас схемаға енгізіледі деп ойлаймыз.
Бірақ, біз аталған жобаны қаржыландырудың басқа да көздерін (жеке инвесторларды) іздестіріп жатырмыз.
Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, жоғарыда аталған жұмыс тобы 2017 жылдың соңына қарай Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын, Астана қаласын газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын бастау мәселесін қарастыруда, ал, аталған құбыр желісінің қуат көзі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының бойындағы «Қараөзек» компрессор стансасы болмақ.
Бұл көп ұзамай облыста үлкен көлемдегі инвестициялар мен құрылыс жұмыстары  пайда болады деген сөз. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары мен жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің жаңа көзі ұлғая түседі.
Енді әлеуметтік сала туралы
Біліктілік білімнен басталады. Білім беру саласында төртінші жыл қатарынан бірлесе жүргізіп отырған білім сапасын арттыру жұмыстары жақсы нәтижесін беруде (егер естеріңізде болса, біз бұл жұмысты бір күнде жиырмадан астам мектеп дирек¬торларын жұмыстан босатудан бастаған болатынбыз).
Нәтижесінде ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл жыл сайын артып келеді. Биыл облыс бойынша орташа балл 82,7-ге жетті, бұл республикалық орташа көрсеткіштен де (81,2) жоғары.
143 бітіруші түлек «Алтын белгі» иегері атанды – бұл да өткен жылға қарағанда көп (2015 ж. – 139).
Соңғы үш жылда біз мектеп бітіруші түлектерімізді Ресейдің және өзіміздің ең үздік деген жоғары оқу орындары мен колледждеріне оқуға жіберіп жатырмыз.
Бүгінгі күні 400-ге тарта түлегіміз, оның ішінде биыл оқуға түскен 110 оқушымыз Ресей Федерациясы тарапынан бөлінген білім гранттары есебінен Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда.
Сондай-ақ, облыс әкімінің негізінен ауылдық әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына арналған 365 грантын беруді де жалғастырып отырмыз. Ал, осы жылы осы гранттарды аз қамтамасыз етілген отбастарыларынан шыққан тағы 135 бала иеленді (барлығы – 500 бала).
«Серпiн» бағдарламасы бойынша жыл сайын оқу гранттарын  жеңіп алған балаларымыз республика бойынша үздік нәтижелер көрсетуде.
Осылайша, биылғы жылы мектеп бітіруші түлектердің 95%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге  оқуға түсті. Оның үстіне олардың жартысы жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда.
Мектептерде үш ауысыммен оқыту мәселесі бізде түбегейлі шешімін тапты. Біз күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, биыл апатты жағдайдағы мектептердің проблемаларын шешуді облыс әкімінің дағдарысқа қарсы жоспарындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырдық.
Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін бізде апаттық жағдайдағы 37 мектеп болды. Ал, ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен біз соңғы 12 мектептің құрылысын бастадық.
Олардың 5-ін осы жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, ал, қалғандарын 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында беретін боламыз.
Облысымызда мейірімге зәру, мүмкіндіктері шектеулі 6 мыңға жуық бала бар. Олардың 2000-нан астамы Қызылорда қаласында тұрады. Біз шын көңілден олардың сәби жүздерінен нұр төгіліп, балалық шақтарының алаңсыз болғанын қалаймыз.
Осы жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және әлеуметтік қорғау мақсатында Қызылорда қаласындағы №278 орта мектептің базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды.
Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды коррекциялық көмекпен мейлінше көбірек қамтуға мүмкіндік беріп, кезектілікті азайтады және көрсетілетін қызметтердің ауқымын кеңейтеді.
Өздеріңізге белгілі, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды мерзімінен бұрын 100%-ға орындадық. Ағымдағы жылы белгілі себептерге (дағдарыс) байланысты жеке балабақшаларды республикалық бюджеттен қаржыландыруда қиыншылықтар орын алғанын да айта кетейік.
Бірақ, бізге бұл мәселені бір аптаның ішінде шешудің сәті түсті. Мемлекеттік тапсырыс аясында алдағы уақытта мектепке дейінгі балалар ұйымдарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен тағы да 3,2 млрд теңге қаржы келуі тиіс.
Енді денсаулық сақтау саласы бойынша.
Денсаулықтың қадірін дерт келгенде білеміз. Табиғи өсімі (2013 ж – 6,7%, 2015 ж – 10,4%) жыл сайын артып келе жатқан Сыр өңірі халқының біз үшін саны да, жаны да қымбат болуы керек.
Ағымдағы жылы Қызылорда қаласындағы 200 орынға лайықталған көпсалалы балалар ауруханасының және Жаңақорған кентінде ауысымына 250 келушіге арналған емхананың құрылысын аяқтаймыз және Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 150 орынға лайықталған орталық аудандық аурухананың құрылысын бастадық.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы, Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы 10 ауылда жылдың аяғына дейін дәрігерлік амбулаториялар салатын боламыз.
Осылайша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының желісін нормативке сәйкес кезең-кезеңімен шешуге талпыныс жасалуда.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында алғаш рет онкопатологиямен ауыратын  науқастарға паллиативті көмек көрсету мақсатында облыстық онкология орталығында хоспис бөлімшесі ашылды.
Облыстық медицина орталығының жанынан офтальмохирургиялық орталық ашылды, бұл жерден көз ауруларымен ауыратын науқастар жоғары білікті медициналық көмек ала алады. Бұл өте маңызды, себебі, жыл сайын 600-ге жуық адам тәжірибелі офтальмологтарға операция жасату үшін Орынборға, Қазақстанның ірі қалаларына баруға мәжбүр болды.
Облысымыз – еліміз бойынша босанғаннан кейінгі оңалту бөлімшесі ашылған алғашқы өңір. Дәрігерлердің айтуынша, босанғаннан кейінгі оңалту жаңа босанған аналар мен нәрестелердің денсаулығын нығайтудың ең жақсы жолы.
Осы жарты жыл ішінде 500-ге тарта пациентке сапалы медициналық көмек көрсетілді. Бұл өткен жылға қарағанда 37%-ға жоғары. Өзіміздің жергілікті дәрігерлермен жүрекке жасалған оталар саны 40%-ға дейін артты. Кезінде облыс тұрғындары мұндай медициналық көмек алу үшін Алматы, Астана қалаларына баруға мәжбүр болса, қазір біз бұл проблемаларды өз күшімізбен шешетін болдық.
Денсаулық сақтау саласында қабылданған шаралардың нәтижесінде туберкулезбен ауыратындар 5,3%-ға, қан айналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім 16%-ға, қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 12,6%-ға төмендеді. Аналардың өлім-жітім көрсеткіші 4 есеге дейін азайды (2015 ж. 6 айдағы 4 жағдайға, 2016 ж. 1 жағдай). Дегенмен, әрине, мұндай фактілердің мүлде болмағаны дұрыс.
Денсаулық сақтау саласы – біздің атқаратын жұмысымыздың әрдайым ең негізгі  салаларының бірі. Тек ағымдағы жылдың өзінде денсаулық саласының бюджеті 8 млрд теңгеге артты.
Біз медицина саласына ерекше маңыз беріп  келеміз және айрықша ықылас танытамыз. Осы мақсатта әртүрлі проблемалық нозологиялар бойынша 5 «Жол картасы»  мен медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту шараларының кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Саланы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, олардың жұмыс істеуіне барынша жайлы жағдай  жасап келеміз. Мамандар ұдайы біліктілік арттыру курстарынан өтуде. Алайда, жасалған жағдайлар мен көрсетілген қамқорлықтарға қарамастан, кейбір дәрігерлердің адам өміріне салғырттық танытуы азаяр емес.
Мысалы, дәрігерлер Сырдария ауданындағы 26 жасар жас ананың өмірін неліктен сақтап қала алмады?!  Дәрігерлер қателерін жасыру мақсатында жас анаға  6 рет ота жасаған…
Мұны қалай түсіндіруге болады? (бұл туралы еліміздің бүкіл БАҚ-тары жарыса жазды).
Жас келіншек емдеу мекемесінің қабырғасында көз жұмды. Нақты кімнің кінәсінен болғаны қазір тергеліп-тексерілуде. Бірақ, қандай жағдай болмасын емдеу мекемесі кінәлі. Мұндай салғырттықтың жазасы өте қатаң болуы тиіс! Әрине, жаза баспайтын жан болмайды. Бірақ, дәрігердің қателесуге құқығы жоқ!  Ақиқат сөз – Ащы сөз.
Денсаулық сақтау саласындағы осы және басқа кемшіліктер жақында өткізілген денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқасында қаралды.
Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова басшылық ететін денсаулық сақтау саласы біліксіз және «мейірімсіз» дәрігерлерден арылуға  бағытталған шаралардың қатаң жүйесін әзірлеп, ендіре алады деп үміттенемін.
Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен ХXXI жазғы олимпиада ойындары – спорттағы ең басты байрақты бәсеке болды.
Облысымыздың атынан олимпиадаға 3 спортшы қатысты. Өкінішке қарай, жерлесіміз Илья Ильин белгілі бір себептермен олимпиада ойындарына қатыса алмады, бірақ, тағы бір үкілеген үмітіміз, Сыр толағайы Александр Зайчиков олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанса, Ғалымжан Өсербаев еркін күрестен 5-орын алды. Олимпиада ойындарына қатысқан таеквондошы қызымыз Айнұр Есбергенова әлемдік аламаннан үлкен тәжірибе жинап қайтты.
Ұлттық құрама командаларға мүше болған спортшыларымызды қолдауға және олардың олимпиада ойындарына алаңсыз дайындалуына жеткілікті жағдай жасалады.
Өңірдің ондаған жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында біз төртінші жыл қатарынан жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыстардың жоғары мөлшерін қамтамасыз етіп келеміз.
Бұл көрсеткіш жөнінен біз республика бойынша 1-ші орындамыз!
Осы жылға арналған бюджет шығыстары негізінен әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталғанына қарамастан, өңірді дамытуға 62 млрд теңгеден астам қаржы бөлуге қол жеткіздік, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 19 миллиард теңгеге артық.
Аймақта осы жылы салынып жатқан әлеуметтік нысандардың саны елуге жуық, олардың 8-і пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы да 19-ын пайдалануға береміз.
Оған қоса, биыл бірнеше жылдан бері құрылысы бітпей келе жатқан, бізге «мұра» болып қалған 34 «сақалды» құрылысты  толығымен аяқтаймыз! Талсуат ауылындағы 300 орынға лайықталған психоневрологиялық интернат үйін де жақын арада бітіреміз.
Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарында белгіленген мәдениет-руханият саласындағы жобалар, әсіресе мәдени мұра мәселелері қаржылай қамтамасыз етіліп, орындалуда.
Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент қалашықтарына соңғы үш жыл көлемінде кешенді түрде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді және «Жетіасар мәдениеті» ескерткіштерінің қорғау аймақтары белгіленді.
ЮНЕСКО-ның  Дүниежүзілік мұраларының  алдын ала тізіміне Шиелі ауданындағы Сауысқандық петроглифтері енгізілді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Шиелі ауданындағы Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейіне күрделі жөндеу және реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың 125 жылдығына орай Ы.Жақаев ауылында жаңа музейдің құрылысы жүргізіліп, қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Биылғы жылы 1 ауылдық клубтың  құрылысы салынып, 9 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ел Тәуелсіздгінің 25 жылдығына орай облыстық филармонияның өнер ұжымы Ресей, Өзбекстан, Түркия елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында гастрольдік концерттерін берді. Сонымен қатар, өткен жылы облыстық филармония жанынан құрылған камералық оркестр Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған  республикалық камералық оркестрлар фестиваліне қатысып, лауреат атанды.
    Құрметті депутаттар, әріптестер!
Біз жыл басынан бері облысымызға республикалық бюджеттен 104 млрд теңгеден астам нысаналы трансферттер мен несиені тартуға қол жеткіздік.
Жыл соңына дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға, дәрігерлік амбулаториялар салуға және Қызылорда қаласындағы 51 көшені орташа жөндеуге тағы да 6 млрд теңге түседі деп отырмыз.
Нәтижесінде облыс бюджеті (231,4 млрд теңге) бүгіннің өзінде 2015 жылғы бюджеттен 50 млрд теңгеге асып отыр, оның ішінде жеке кірістер 5 млрд теңгеге өсті.
Бұл – жергілікті атқарушы органдардың нәтижелі жұмысының көрсеткіші.
Сонымен бірге, біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірге қосымша ресурстар тарту мақсатында халықаралық қаржы институттары және мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде  резервтерді іздестірудеміз.
Біз қазіргі уақытта жалпы құны 400 млрд теңгеден асатын  24 жобамен жұмыс жасап жатырмыз.
Еуропа қайта құру және даму банкінің бағалауынша,  Қызылорда облысы осы ұйыммен жұмыс жасау белсенділігі бойынша республика аймақтары арасындағы көшбасшы.
Қазіргі таңда Еуропа қайта құру және даму банкінде біздің жалпы сомасы 250 млрд теңгені құрайтын 10 жобамыз бар.
Оның ішінде жолаушылар тасымалы жүйесін жаңарту, облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын (жылумен, сумен, электрмен қамту) автоматтандыру және кеңейтуге бағытталған 4 жобаны іске асыру басталып кетті. Алғашқы нәтижелері де  бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалының қандай күйде болғаны естеріңізде болар. Көшелерден аузы-мұрнына дейін адам тиелген "Газельдерді”, шағын сыйымдылықтағы микроавтобустарды ғана көретінбіз.
Ал бүгін Еуропа қайта құру және даму банкімен бірге автобус паркін құру жобасын іске асыру нәтижесінде қалада аппарельдермен, GPS-навигаторлармен және бейнекамералармен жабдықталған заманауи үлгідегі 112 жаңа автобус қатынауда. Автобустардың барлығы кешенді техникалық тексеруден өткен және табиғи газбен жүреді.
Қызмет көрсетуші персонал да «евростандарт» бойынша жұмыс атқарады: кондукторлар қарым-қатынас мәдениеті бойынша арнайы оқу курсынан өткен.
Маусым айында біз Еуропа қайта құру және даму банкімен Қызылорда қаласындағы әуежайдың инфрақұрылымын жаңарту және жаңадан жолаушылар терминалын салу бойынша келісімге қол қойдық. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралуда.
Осы уақыт аралығында теңге екі рет құнсызданды.  Ал, несиелер бізге шет ел валютасымен берілді.
Демек, теңгемен артық қайтаруға тура келеді. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестікті барынша дамытып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржы ресурстарын тартамыз. Жаңа несиелерді қатты қажеттілік болған жағдайда ғана аламыз.
Алдағы перспективада Қызылорда қаласының сол жағалауын игеру міндеті тұр. Бүгіннің өзінде облыс орталығындағы халық саны 280 мың адамнан асты. Таяу болашақта урбанизация деңгейін, демографиялық және көші-қон факторларын ескеретін болсақ, алдағы кезеңде қала халқы 350 мың адамға жетеді деп болжамдалады. Демек, тұрғын үй құрылысын дамытуға қосымша аумақ қажет етіледі.
Қаланың солтүстік бөлігі жеке тұрғын үй құрылысын салуға, оңтүстік бөлігі толығымен өнеркәсіптік алаңдар салуға берілген, ал, батыс бөлігінде индустриалды аймақ орналасқандықтан, қаланың оңтүстік-батыс бөлігін (сол жағалау) игеру туралы шешім қабылданды.
Осы жылы сол жағалауға көпір салу құрылысын аяқтаймыз. Сол жағалаудың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жобалары дайын және мемлекеттік сараптамамен мақұлданған. Қазір оны инвесторлармен мемлекеттік-жеке әріптестік аясында іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, Азия даму банкі жобаны қолдауда.
Осы жобаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде («Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» және басқалар) жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер тартуға жұмыс жасалуда.
Бірақ, басымдық – мемлекеттік-жекешелік әріптестікке беріледі.
Сол жағалауды игеруге мұндай қомақты қаржыны алу, әрине, оңай шаруа емес. Қазіргі дағдарыс жағдайында біз оларды сегменттей отыра іске асыратын боламыз.
Әрине, Қазақстанда валюта айырбастау бағамының еркін айналымға көшуін ескере келе, несиелерді валютамен, оның үстіне ұзақ мерзімге алудың үлкен тәуекел екенін түсінеміз. Біз мұны жасырмаймыз. Бірақ, біз бұл тәуекелге саналы түрде бардық.  Өйткені, жетістіктерге тоқмейілсімей, жаңа биіктерге ұмтылуымыз қажет.
Егер Үкімет пен Ұлттық Банк ұсынып отырған макроэкономикалық сценарийді ұстап тұра алмайтын болса, жағдайымыздың қиын болатынын түсінеміз. Бұл – сырттан қарыз алумен қатар, ішкі міндеттемелер бойынша ақшаның уақытша жетіспеушілігі мен қарыздардың қалыптасу ықтималдығы. Бірақ, экономиканың таяу келешекте даму болжамдары жақсы екенін де ескеру қажет.
Үкімет жобалар бойынша жобаның жалпы құнының 40%-ы мөлшерінде өтеусіз гранттар беріп отыр, ал, өңір оның небәрі 10%-ын ғана қаржыландырады. Бұл ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін мейлінше қолайлы. Бұдан тиімді жағдайды бізге ешкім ұсынбайды. Сондықтан, бюджет қаражатының тапшылығы жағдайында біз бұл мүмкіндікті барынша пайдаланамыз.
Әрине, бюджетке салмақ салмас үшін Халықаралық қаржы ұйымдары қарыздарының есебінен іске асыруға біз тек аса қажетті және өзін ақтайтын жобаларды ғана қабылдаймыз.
Бұдан бөлек, қарыз алған кәсіпорындар несие төлеу кезінде шоттарында қажетті соманың тұруы үшін өз шоттарына міндеттемелерді өтеуге қажетті қаражатты жинай бастады.
    Құрметті депутаттар!
Біз Сіздерді Байқоңыр  қаласында жасалған жұмыстармен үнемі хабардар етіп келеміз.
Өкінішке қарай, Байқоңыр қаласының бюджеті тек ағымдағы мәселелерді шешуге бағытталуда. Ресей Федерациясы соңғы жылдары қаланы дамытуға қатысты іс-шараларды қаржыландыруды қарастыруды мүлдем жауып қойды десек те болады.
Біз кешен нысандарын жалға бергенімізбен, қала аумағында тұратын өз азаматтарымызды жалға берген жоқпыз, олар үшін қай кезде де жауаптымыз.
Сондықтан, Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының өмір сүру деңгейінің  төмендеуіне жол бермес үшін біз:
— Байқоңыр қаласын және оған іргелес жатқан Төретам мен Ақай елді мекендерін дамытудың «Жол картасын» және аумағында ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы ауданын дамытудың «Жол картасын» іске асырудамыз, Байқоңыр қаласындағы жұмыстан қысқарған адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешеміз.
Ондағы жұмыссыздар саны 130-дан асады.
— өздеріңіз білетіндей, қазақ тілінде оқытатын 6 мектепті қазақстандық білім беру стандарттарына ауыстырдық;
— медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшін қаладағы жаңадан салынған перзентхана негізінде облыстық медицина орталығының филиалы ашылып, ағымдағы жылдың тамыз айында өзінің алғашқы емделушілерін қабылдады. Орталық филиалы тек байқоңырлықтар үшін ғана емес, сонымен қатар Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тұрғындарына да сапалы медициналық көмек көрсетпек.
Бұл мәселені шешу келіссөздеріне аттай  6 жыл уақыт кетті.
— қалада негізгі тамақ өнімдерінің бағалары және коммуналдық қызмет тарифтері жоғары болғандықтан, біз  бірінші қажеттіліктегі өнімдерді төмендетілген бағамен сатуға шығарып, тұрақты түрде жәрмеңке өткізіп келеміз, ал үстіміздегі жылы қалаға газ кіргіздік.
Ресей Федерациясының юрисдикциясы жағдайында Қазақстанның барлық елді мекендерінің дамуына септігін тигізіп отырған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін қаланы дамытуға пайдалана алмаудамыз.
Біздің барлық әрекеттеріміз үкіметаралық келісімдерде регламенттелген. Сондықтан, 8 шілде күні Мәскеу қаласында өткен Байқоңыр қаласының Ресей Федерациясы тарапынан жалға алыну жағдайларында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдауға және дамытуға қазақстандық тараптың  қатысу мүмкіндігі туралы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының соңғы (төртінші) отырысының шешімі біз үшін маңызды болды.
Аталған мәселені біз бірнеше мәрте көтердік. Бұл жағдай қаланы жалдық мәртебеден бірте-бірте шығаруға мүмкіндік береді.
Қазір Байқоңыр қаласын дамыту шараларын Қазақстан Республикасы бюджетінің қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі мен талаптарын әзірлеп жатырмыз.
Үкіметаралық комиссияның отырысы барысында «Байқоңыр» кешенінің 14 объектісін Қызылорда облысының  коммуналдық меншігіне беру туралы мәселе оң шешімін тапты, бұл нысандар Байқоңыр қаласындағы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында пайдаланылатын болады.
Бұдан бөлек, ресейлік тараптың 11,6 мың гектар жерді жалдан шығару мүмкіндігін қарап, оны қазақстандық тарапқа кәсіпкерлікті дамытуға беру туралы шешім қабылданды.
Облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Саяси ахуалды тұрақсыздандыру белгілері байқалмайды. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет ету мәселелері өзімнің жеке бақылауымда.
Әрбір дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушымен профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, 30 сәләфизм бағытын ұстанушы дәстүрлі исламға қайта оралды. Сонымен қатар, 15 адамға сырттағы діни оқу орындарында білім алуға жол берілмеді, 3 студент елге қайтарылды.
Экстремистік сипаттағы сайттар мен материалдарды анықтау мақсатында интернет кеңістігіне мониторинг жүргізілуде.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп келген жат діни идеологияның жолын ұстанушы азаматтарды дәстүрлі діни ортаға қайтару бойынша белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдау мақсатында биыл жергілікті бюджеттерден 811,6 млн теңге қаралып, 176 әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл қаржы өткен жылғымен салыстырғанда 40 пайызға артық.
Ал, жастармен ұйымдастырылатын әлеуметтік жобалардың басты бағыты – маргиналды жастармен жұмыс жүргізу, оларды жұмыспен қамту. (Жастар өңірдегі жалпы халықтың 26,7%-ы құрайды. Аймағымызда экономикалық белсенді жастар 97,8 мың адам болса, оның 4,9 мыңға жуығы жұмыссыздар.) Бұл бағыттағы жұмыстар жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған рекрутинг орталығы арқылы жүргізілуде. Биылғы жылы біз ЮНИСЕФ халықаралық сарапшыларын тарта отырып, жастармен жұмыс жасаудың жаңа моделін әзірлеп жатырмыз. Біз қиын жағдайға түскен әр жаспен жеке жұмыс жасап, оқуға бара алмағандарға мамандық алуға көмектесуіміз қажет.
Жалпы, облыста криминогендік ахуал тұрақты. Облыс бойынша қылмыс саны 19 пайызға дейін азайды, бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіш. Қылмыстың барлық түрі бойынша көрсеткіштердің төмендеуі байқалады.
Мысалы, қарақшылық 66 пайызға, бұзақылық 37 пайызға, бопсалау 53 пайызға, алаяқтық жағдайлары 29 пайызға, өзгенің мүлкін иемдену 13 пайызға төмендеген.
Құқық қорғау органдарының сапалы жұмыс жасауына олардың материалдық-техникалық жағдайы тікелей әсер етеді. Сондықтан, олардың материалдық-техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылы бұл салаға облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді.
Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмаларына сәйкес біз стратегиялық объектілер мен адамдар көп жиналатын орындардың қауіпсіздігін күшейтеміз.
Ағымдағы жылы прокуратура, ҰҚК органдарына, облыстық ішкі істер, қорғаныс департаменттеріне, қылмыстық-атқарушылық жүйе комитетіне, сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан әскери бөлімдерге қоршаулар сатып алуға 700 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, ішкі істер органдарына бейнебақылау камераларының кешендерін, радиостансалар, портативтік бейнетіркеуіштер және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті қорғауға қажетті басқа да жарақтарды сатып алуға қаржы бөлінді.
Ағымдағы жылдың мамырында жер мәселесіне қатысты облыс орталығында орын алған оқиғалар мен еліміздегі осыған ұқсас жағдайларды зерделеп, наразы көңіл-күйдегі азаматтардың әлеуметтік портретін талдадық. Негізінен, олар – жұмыссыздар (ҚЗО бойынша – 17 мың адам), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (ҚЗО бойынша 121 мың адам, соның ішінде өнімсіз жұмыспен қамтылғандар – 23,8 мың адам) және ұраншыл жастар. Яғни, тұрақты жалақысы жоқ адамдар.
Олардың көбісі бизнеспен айналысуға дайын, бірақ, оларда оған қажетті қаражат жоқ. Басқаша айтқанда, әлеуметтік «лифтілермен» қатар, экономикалық «лифтілер» де қажет.
Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тұтас жүйесі құрылған. Алайда, кәсіпкерлікті шынайы дамытудың әзірге  орайы келмей тұр.
Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының басым көпшілігі әлдеқашан қалыптасқан бизнесті дамытуға бағытталған. Осы орайда, микробизнес, әдетте, шетте қала береді. Қаржылық ресурстар көбінесе ЖШС деңгейінде «тұрып қалуда». Яғни, аталған қаражат келешекте кәсіпкер болуы тиіс өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз тұрғындарға мүлде жетпей қалуда (оларда өтімді кепілді мүліктің болмауынан). Банктерде ресурстар бар, бірақ, олар біздің кәсіпкерлерге қолжетімсіз.
Әсіресе, бұл проблема ауыл тұрғындарына тән.
Ағымдағы жылы шағын және орта бизнесті, соның ішінде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдауға барлық қаржы көздері есебінен 16 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған, бұл 2015 жылға қарағанда 40%-ға жоғары.
    Құрметті депутаттар, әріптестер!
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл – жылдың ең басты оқиғасы.
Тәуелсіздік дәуірі – жарқын жасампаздық пен ұлы жеңістердің жолы. Азаттықтың арайлы 25 жылында біз ғасырда жасалар ғаламат істерді атқарып, елімізді әлемге таныттық. Бүгінгі күні 120-дан астам ел біздің республиканы егеменді мемлекет ретінде ресми мойындады. Қазақстан аса ықпалды халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтты.
Мемлекет басшысының саяси зор беделі және Қазақстанның халықаралық аренадағы жағымды бейнесі Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына және Ислам конференциясына басшылық жасауға мүмкіндік берді.
Жақында Елбасы Си Цзиньпиннің шақыртуымен «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысты. Бұл – үлкен құрмет және Қытайдың Қазақстанның аймақтағы шешуші рөл атқаратынын мойындауы. Елбасының сали¬қалы саясаты арқасында еліміз барлық қиындықтарды еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың әл-ауқаты көтеріліп, тұрмысы түзелді.
Тәуелсіздіктің 25 жылы – маңызды белес. Сондықтан, ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шара Ел Тәуелсіздігінің құрметіне арналады.
Жыл басынан бері 57 ірі әлеуметтік-мәдени іс-шара өткізілді, 22 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді (4 мектеп, 2 балабақша, 2 денсаулық сақтау объектісі, 12 көппәтерлі тұрғын үй және 2 ауылдық клуб).
Қыркүйек айында Арқа төрі – Елордада Қызылорда облысының күндері аталып өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған негізгі іс-шаралардың ең маңыздыларының бірі – Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер аллеясының және Тәуелсіздік даңғылының ашылуы.
Жалпы, алдын ала болжам бойынша, біз биыл әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп отырмыз. Әрине,  өнеркәсіп өндірісін қоспағанда.
Өйткені, өңірдің мұнай өндіру секторына тәуелділігі әлі де болса өте жоғары.
Әлбетте, отандық экономиканың, сол сияқты өңір экономикасының сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру әлсіздігі әлі де болса сақталуда. Ғаламдық ахуал Қазақстан мен көршілес елдердің экономикасына кері әсер етуде. Дегенмен, елімізде дағдарысқа қарсы жүзеге асырылып жатқан шаралар экономикадағы келеңсіз тенденцияларды жоюға септігін тигізеді.
Әлемдегі ең ірі әрі ықпалды халықаралық рейтингтік агенттігінің бірі «Standard & poor’s» («Стандарт энд пурс») ұйымының пікірінше, 2016 жылы Қазақстандағы экономикалық өсім 1998 жылдағыдай өте баяу болады, ал ішкі жалпы өнімнің  өсімі, нақтырақ алғанда, нөлдік көрсеткіште тең болмақ.
Дегенмен, келесі жылдан бастап экономикада баяу өсім болады деп күтілуде. Мұндай болжамды жаңа Үкімет те айтып отыр. Еліміздің 2017 жылғы ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 1,9% деңгейінде болады деп болжануда.
«Нұрлы жол», Индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары мен Елбасы атап өткен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және салық жүйесін реформалау саясатының тиімді жүзеге асырылуы орта мерзімді кезеңде экономиканың 3,5-4% өсімін қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы жаңа Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына  жаңа міндеттер қойды.
Елбасы өз сөзінде «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық» деген болатын.
Ал, біздің мақсатымыз – барлық күш-жігеріміз бен ресурстарымызды Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған міндеттерді мінсіз және сапалы орындауға жұмылдырып, Мәңгілік елдің болашағын бүгіннен баянды етуіміз қажет. Көппен біткен келелі іс әрдайым табысты болады. Осы мұраттарға жету жолындағы қадамдарымыз сәтті, бастамаларымыз жемісті болады деп сенемін.
Назарларыңызға рахмет.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2016 г. 1 343 0