ДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ДАҢҒЫЛЫ

Ежелден өзен жағасына қоныс тепкен қалалар оның әсем табиғатын өзі­нің келбеті мен тіршілігіне пай­даланған. Енді, міне, бізге де сол өрке­ниет келіп жетті. Қала күні қар­са­ңында Сырдария өзенін жағалай ор­на­ласқан «Тәуелсіздік» даңғылы ел игіліне ұсынылды. Сұлтан Бейбарыс көшесі мен Әбілқайыр хан көшесі аралығындағы 7,5 шақырымды құрай­тын әсем даңғылға «Тәуелсіздік» атауы берілді. Азаттықтың ақ таңымен қауыштырған қасиетті Тәуелсіздікке деген құрметіміздің бір белгісіндей бол­ған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен арнайы шақырылған құрметті қонақтар, қала тұрғындары қатысты.

ДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ДАҢҒЫЛЫШара мектеп оқушыларының өлең оқуымен басталды. Қаракөздеріміз туған жерге, Отанға, Тәуелсіздікке деген құрметін сөз патшасының сиқырымен көпшілік назарына ұсынды. Содан соң аймақ басшысы сөз сөйлеп, өз құттықтауын жеткізді.

Ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жол құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд 932 млн теңге бөлінді. Бұл жолдың бойында барлық стандарттарға сәйкес жарық бағаналары, аялдамалар және 7 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы мен ­арнайы веложолақ қарастырылған. Салтанатты түрде ашылғалы тұрған жаңа көше ынтымақты хал­қы­мыздың мерейін асқақтататын көрікті орын­дардың бірі бола берсін деп мерекемен құт­тықтады.

«Тәуелсіздік» даңғылының лентасы қи­ыл­­ғаннан кейін, автошеру басталды. Көк бай­ра­ғымызды желбіреткен темір тұлпарлар ше­ру­ін велосипед мінгендер мен жүгірушілер жалғастырып, даңғыл бойымен шеру тартып өтті.

Содан кейін облыс әкімі БАҚ өкілдеріне сұх­бат беріп, мәртебесі артқан аймақтың тыныс-тіршілігі жөнінде айтып берді.

– Халқымыз Тәулсіздіктің арқасында асыл арманына қол жеткізіп, бейбіт те берекелі тірлік кешуде. Осынша уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде Қазақстанды әлемдік қауымдастық мойындап үлгерді. Еліміздегі тыныштыққа, тұрақтылыққа қызыға да қызғана қарайтындар бар. Елбасы өзі баға берген Алаштың анасы – Сыр елінің бүгінгі бағындырған биігі қуантарлықтай. Тарихқа шегі­ніс жасасақ, қиын кезеңдерде Елбасының алдына екі шешім жобасы әкелінді. Бірі – Қызылорда облысын тарату, екіншісі – Арал аймағындағы халықты басқа облыстарға көшіру. Бірақ, Елбасымыз екеуін де қуаттаған жоқ. Керісінше, Сыр халқына қолдау көрсетіп, қамқорлық танытты. Нәтижесінде ғасырлық жоба қолға алынып, көк теңізіміз қайтып келді. Экономикамыз өсті. Облыс экономикасын әртараптандыру жалғасып, өңдеуші секторда өнім өндіру соңғы төрт жыл­дың өзінде ғана 40%-ға өсіп, қарқынды дамуда. Облыс орталығында соңғы үш жылда жаңа 11 шағын аудан салынса, биылдың өзінде 80 жаңа көпқабатты үй тұрғызылуда. Ендігі кезекте – сол жақ жағалаудағы жаңа қаланың құры­лысына кірісу. Бүгінде 1450 гектар аумақтың инженерлік-инфрақұрылымын дайындау үшін «Азия даму» банкімен келісімдер жасалып жатыр. Бүгін, міне, дария жағасындағы даңғыл ашылды. Сол жағалаудағы қалаға баспалдақ болар көпір қараша айында пайдалануға беріледі. Яғни, халық дария жағасында тұрып, оның рахатын сезінуі керек, - деді аймақ басшысы.

Н.ТАСТЕМІР,

Б.ЕСЖАНОВ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2016 г. 749 0