ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТАРАЗ ӨҢІРІНІҢ АЙМАҚПЕН БАЙЛАНЫСЫ АРТА ТҮСЕДІ

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТАРАЗ ӨҢІРІНІҢ  АЙМАҚПЕН БАЙЛАНЫСЫ АРТА ТҮСЕДІКеше Сыр еліне Жамбыл облысының делегациясы келді. Өндірісті облыстың өкілдері біздің аймақтың экономикалық даму көрсеткішімен танысты, тарихи орындарды аралады. Осылайша киелі Сыр мен тарихи Тараз арасындағы экономикалық және мәдени байланыс тағы бір белеске биіктеді.  
Елбасының отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық мазмұнды дамыту мақсатында өңіраралық кооперацияны дамыту туралы тапсырмасы облыстарды бір-бірімен экономикалық тұрғыда байланыстырып қана қоймай, рухани-мәдени қарым-қатынастың нығаюына негіз қалайды. Қызылорда облысы бұған дейін Ақтөбе облысымен арадағы алыс-беріске жол салып, екі жаққа да тиімді шешімдерге қол жеткізген. Игі дәстүр күні кеше өз жалғасын тапты. Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Сыр топырағына табан тіреді. Мәртебелі меймандарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев темір жол вокзалынан күтіп алып, алты Алашқа ана болған елдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Екі мың жылдық тарихы бар Тараз төрінен келгендер алдымен «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштану мұражайын аралады. Жер кіндігі – Байқоңырдың тарихы атағы әлемге мәшһүр саңлақтардың есімімен тығыз байланысты. Олардың тынымсыз ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ең алғаш ғарышқа Юрий Гагарин көтеріліп, аман-есен жерге оралды. Мұражайда осынау адамзат баласының таңғажайып жетістігінің қалыптасу тарихы толыққанды қамтылған. Аталған тарихи-мәдени орын академик, зымыран-ғарыш жүйелерінің бас конструкторы С.П.Королев пен полигон басшысы К.В.Герчиктің бастамасымен жүзеге асқан. Онда жеті көрініс залы бар. Төрт зал ғарыш айлағының құрылуы мен даму тарихынан сыр шертсе, екеуі ғарыш айлағы аумағындағы халық­аралық ынтымақтастыққа арналған. Ал, экспозициялық зал ғарыш саласындағы мекемелер туралы ақпараттан хабардар етеді. Мұражай директоры қонақтарға барлық залдағы мәліметтерді таныс­тырып, тың деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұражайда он мыңнан аса экспонат орналасқан. 
Әулиеаталықтар көк пен жердің алтын көпіріндегі тарихи орынды ерекше таңданыспен тамашалады. Әсіресе, алғашқы космостық құрылғылар мен ғарышкерлер пайдаланатын заттар ерекше қызығушылық тудырды. Қонақтар қатарындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Бақыт Шағырбаев жұлдызды қалашыққа алғаш келіп отырғанын айтады. Сондай-ақ, біз М.Х.Дулати атындағы университеттің проректоры, профессор Сағат Жүніс­бековті сөзге тартқанбыз.
– Бүкіл әлемге мақтанып айтатын байлығымыздың бірі – Байқоңыр. Өйткені, қазақ елін төрткүл дүниеге танытуда ғарыштық кешен қосқан үлес ерекше. Үш бірдей қазақ баласы ғарышқа сапар шегіп, есімдері тарихқа алтын әріппен жазылды. Бұл жер – ілім-ғылымның ордасы. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында ғарыш саласындағы мамандар даяр­лануда. Бұл дегеніңіз, қазақ елінің болашақта ғарышты игеруде өзіндік дәреже қалыптастыруға жасалған қадам, – деді ол.
Жамбылдық әріптесіне мұражайды таныстыру барысында облыс әкімі Байқоңырды туристік орталыққа айналдырудың қам-қарекеті жасалып жатқанын, алдағы уақытта да келіп тұруға шақырды. Өз кезегінде Кәрім Насбекұлы сырбойылықтарға алғысын айтып, мұражайға символикалық ескерткіш сыйға тартты. Сондай-ақ, мұражай тарапынан әулиеаталықтарға да сыйлық табыс етілді.
Байқоңырдан соң қонақтар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне ­ат басын тіреді. Тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабаның кешенді ескерткіші бүгінде қайта жаңғыртудан өткен, сәулеттене, сәндене түскен. 2014 жылы қолға алынған құрылыс кешеннің биіктігін 2,7 метр биіктікке көтерді, әкімшілік үйінің жаңа ғимараты салынды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер аллеясы кеңейтіліп, кіреберісіне «Қасиетті арқар» мүсіні қойылды. Бүгінде дәулетті елдің сәулетін асырған киелі жер күллі түркітілдес елдердің орталығына, тағзым етер қасиетті мекенге айналды. Алдымен кешендегі мұражай жұмысы­мен танысқан қонақтарға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр бойының әрбір төбесі тұнған тарих екендігін жеткізді. Оғыздардың астанасы – Жанкент, Сақтардың астанасы Шірік-рабат секілді қалалар бой көтеріп, тарихымыз ұлт пен ұлысқа қорған болған жәдігерлерден тұратынын айтты. Мәдени орын таныстырылуынан соң құрбан шалынып, аруақтарға құран оқылды. Сондай-ақ, меймандар зиярат ету орталығының жұмысына қанықты.
Киелі мекен топырағын басқан жамбылдық делегация сапар барысында өз пікірін іркіп қалған жоқ. 
– Жамбыл өңірі – таулы, жасыл желекке оранған аймақ. Ал, мына жердегі табиғат мүлдем басқаша. Ауа райы өте ыстық. Десе де, осындай көз сүйсінтер, мақтануға тұрарлық құрылыс жүргізе алғандарыңызға таңмын. Сыр еліне шақырып, қасиетті жерге әкелгендеріңізге мың алғыс, – деген Кәрім Көкірекбаев әулиеаталықтар атынан Айша Бибі кесенесі символикалық  ескерткішін тарту етті. Өз кезегінде аймақ басшысы Жамбыл облысы әкіміне ризашылығын арнап, жастардың рухани қуатты болуы үшін тарихи орындар қосар үлестің зор екендігін айтты.
Қызылорда облысындағы аты аңызға айналған Нағи Ілиясов ауылы бар. Жамбылдан жеткен делегация "Қорқыт баба” кешенінен соң сонда аялдады. «Жақсыны – көрмекке» дейді халқымыз. Көркіне көз тоятын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен бой көтерген әлеуметтік нысандарды аралап көрген қонақтар таңданыстарын жасыра алмады. Көпке үлгі боп отырған елді мекенде жасалған жұмыстар жай-жапсарын «Мағжан и К» шаруа қожалығы басшысы Дархан Ералиев таныстырды.
– Жыл сайын әлеуметтік нысандар­ды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ, көркейтіп-көгалдандыруға 40-50 млн теңгедей қаржы жұмсалады. Сондай-ақ, ауылдың тазалығы мен өсірілген гүлдерді баптау шаруа­шылықтың екі бригадасына, 40 шақты қызметкерге жүктелген, – деді ол.
Қонақтарға ауылдағы мәдениет үйін, былтыр пайдалануға берілген мешіт пен спорттық кешен көрсетілді. Жасыл желекке оранған елді мекеннің сұлулығына, әсем нысандарына риза болған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Нағи ауылын аудан орталығына теңеді. Сондықтан, ол делегация құрамындағы қызметкерлерін үлгі алуға шақырды. 
– Мұндағы шаруашылықтың еңбегіне, атқарған жұмысына кім де болса көңіл тоғайтады. Өйткені, елін, жерін сүйген азаматтар өз қаржысын ел игілігіне жұмсауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ерен үлгісі десек, қателеспейміз. Көргендеріңіздей, халыққа барлық жағдай жасалған. Тіпті, азық-түлік қажеттігі туындаған тұрғындар мәселесі де шешімін тапқан, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Нағи атындағы ауылдың биылғы басты жаңалығы – «Мағжан и К» шаруашылығы өз қызметкерлеріне тұрғын үй салып беруді бастаған. Шаруашылық басшысы жыл сайын 20 шақты үйді жаңалауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, биыл ауылдық әкімдік ғимаратының құрылысына кіріс­келі отыр. 

* * *
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Рәміздер алаңында да болды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мәртебелі меймандарға өңірдің бүгінгі өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.
– Мынау өздеріңіз көріп тұрғандай жуырда Қала күні мерекесінде ел игілігіне пайдалануға берілген Рәміздер алаңы. Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан бұл алаңда Елтаңбамыз, Әнұранымыз және 60 метр биіктікте көтерілген көк байрағымыз орналасқан. Жалпы құны 326,4 млн теңгені  құраған жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салынған. Дарияның жағалауына орын тепкен бұл нысан шаһарымыздың шырайын арттырып тұр. Сол жақ жағалауда 93 мың халық тұратын жаңа қала бой көтереді. Өйткені, халық саны көбейіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын облыста туу көрсеткіші 6,7 пайыз болса, қазір ол 10,4 пайызды құрап отыр. Бүгінде халық саны 800 мыңға жетті. Сонымен бірге, құрылыс нысандарын, тұрғын үй салу жағынан да Астанадан кейін екінші орындамыз. Күні кеше Қала күні мерекесіне орай «Сәулет» шағын ауданынан 360 пәтерлік 7 үй пайдалануға берілді. Былтыр 53 көпқабатты үй салынып, биылдың өзінде 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа жылға дейін оның 67-сі табысталады деп отырмыз. Осылайша соңғы екі жылда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың 28 пайызы облыс орталығынан баспаналы болады. Тұрғын үй құрылысында мұндай серпіліс бұрын-соңды болған емес. «Бәйтерек» ықшам ауданының 980 гектар болатын аумағына 6600 жер учаскесі орналастырылады. Онда болашақта 36 мың адам қоныс­танады. Бұл да тұтас бір шағын қала десе болады, –деді өңір басшысы. 
Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірі өркендеп, дамып, елдің әлеуметтік жағ­дайы да жоғарылады. Дария жағасына орын тепкен қала күн сайын жасарып, жайнап келеді. Мұны ең әуелі сырттан келген мейман бірден аңғарады. Жамбыл облысынан келген делегаттардың бірі ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы облыстың бұлайша қарқынды дамуындағы іргелі істерге  таңданысын жасыра алмады. 
– Расында Сыр елі танымастай болып өзгеріпті. Қала қақпасынан бастап мұндағы оң өзгерістерді, нәтижелі жұмыстарды көруге болады. Рәміздер алаңы да жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеруде, олардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды нысан екен. Сонау жерден көк байрақтың желбіреп тұрғаны кәдімгідей көкірегіңе мақтаныш сезімін ұялатады. Еліміздің көк туы әрқашан жоғарыдан көрініп, Әнұранымыз шырқала берсін,–дейді Ә.Әмзеұлы. 
* * *
Келесі кезекте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  бастаған топ мәртебелі меймандарды күріш өнімдері мен түйіршіктелген құрама жем шығаратын «Жан-Арай» ЖШС агрокешені жұмысымен таныстырды. 
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған арнайы делегация агрокешен жұмысымен танысу барысында ондағы құрама жем зауыты мен күріш ақтау цехында болды.
«Жан-Арай Жем» зауыты 2015 жылдан бері мемлекеттік және жеке әріптестік негізде жұмыс жасап келеді.
Кешен тәулігіне 60 тонна күріш ақтап, 80 тонна, жылына 30 000 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы.  Мұнда күріштердің "Янтарь”, "Маржан”, "Лидер” сорттары ақталып, республика көлемі мен Түркіменстан, Ресей, Қырғызстан секілді мемлекеттерге шығаруда. Жем зауытының өнімі де сапалы, техникалары тың. Айта кетейік, кәсіпорын құрама жемді неміс технологиясы бойынша өндіреді. Яғни, зауыттың қондырғылары дәнді-дақылдар өңдейтін жабдықтар шығаруда әлемдегі алдыңғы қатарлы германиялық «Петкус» компаниясында дайындалған. Жаңа құрама жем зауыты облыстың мал азығына деген сұранысты қамтамасыз етуде. Бір ерекшелігі, мұндағы технология қалдықсыз өнім шығаруға арналған. Агрокешен бас директорының орынбасары Қуат Шаки­задаевтың айтуынша, зауыттан өндірілген жем дәрумендермен байытылған, яғни, кешенді дәрумендермен құнарландырылған. Олар негізінен бордақыланған малдарға, ірі қараларға арналған және әмбебап түрі де бар. Өндірілген жем аймақтағы мал бордақылау орындарына жіберіледі. Зауыт толық автоматтанған. Сонымен бірге Қуат Шакизадаев ағымдағы жылдың қазан айының аяғына қарай күріш ұны­нан макарон өнімдерін шығару жұмысының жолға қойылатынын да ­айтты. 
«Жан-Арай» агрокешені жұмысымен танысқан соң Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев тілшілерге алған әсерімен бөлісті.
– Сыр өңірі халқы аграрлы салада айтарлықтай табыстарға жетуде. Бүгін де, міне, ауқымды агрокешен жұмысымен танысып, мүмкіндігіне көз жеткізіп отырмыз.  Шын мәнінде үлгі аларлықтай шаруа екен. Жалпы, бүгінгі шара аясында әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін Жамбыл мен Қызылорда облыстарындағы тұрақтандыру қорлары бірлесе жұмыс атқарады. Осы орайда біздің облыс тұрақтандыру қорына Қызылордадан 100 мың тонна күріш сатып алатын болады,– деді Абдалы Нұралиев.

* * *
Жамбыл облысының делегациясы Сыр бойындағы 11 ұлттық-мәдени орталықтың ортақ шаңырағы – Достық үйіне келді. Қонақтарды ұлттық дәмдермен қарсы алған этномәдени орталықтардың өкілдері қазақ тілінде ән шырқады. 
Бұрынғы Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимараты «Достық» үйі болып жаңғыртылғалы бері мұнда тұтастықты дәріптеуге арналған шара­лар жиі өткізіледі. Өзіндік сәулеттік ерекшеліктерімен алыстан көз тартатын ғимаратта концерт және мәжіліс залдары, кітапхана, музей орналасқан. Ұлттық-мәдени орталықтарға өз салт-дәстүрлері мен тілдерін үйренуге, насихаттауға мүмкіндік жасалған. 
Қонақтар Сыр бойында өмір сүретін  ұлттардың тыныс-тіршілігінен хабар беретін жәдігерлер қойылған музейді, еврей этномәдени орталығы балаларының биін тамашалады.
***
Сыр еліне арнайы келген делегация мүшелері сапар барысында «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында болды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған қонақтар алдымен «Үш­қоңыр» деп аталатын Әуезхановтардың отбасында болып, ондағы балалармен танысты. Отанасы Ләззат Тышқанбаева оқу үлгерімі мен жетістіктері жайлы келген қонақтарға  айтып берді. Үлкені Евгений – 15 жаста. Балалар өздерінің естелік кітабына Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ақ тілегін жаздырып алды. 
Ал қызы Бибігүл биылғы жылы Астана күні қарсаңында Елбасының туған жері Үшқоңырға барып қайтқан сапары жайында айтты. Үйдің кенжесі Досымжан қонақтарға өзінің шығарған «Атамекен» деп аталатын  өлеңін оқып берді. Сондай-ақ, балалар өздерінің аулаларына отырғызған бақша дақылдары мен тәтті тоқаштарын қонақтарға ұсынды. Балалар ауылының тәрбиеленушілері өздері салған картинаны Жамбыл облысының әкіміне сыйға тартты.
Шара барысында делегация өкілдері балалардың ойын, жатын, асхана, қонақ бөлмелерін аралап көрді. Мұндағы балаларға жасалған барлық жағдайды көрген қонақтар дән риза болды. Өз кезегінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балаларға ізгі лебізін айтып, бүлдіршіндердің ертең ел мақтан тұтар азамат болып өсеріне сенім білдірді. Сонымен бірге бұл отбасына Айша бибі кесенесінің бейнесін мен Жамбыл облысының тарихы жайлы кітапты сыйға берді. 
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұндағы мектеп бітірген балалардың еліміздің белді оқу орындары мен Ресейдің жоғары оқу орын­дарында тегін білім алып жатқандығын жеткізді. 
Негізінен  «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында 8 отбасы тұрады. Онда қазіргі уақытта 46 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындар тәрбиеленуде. Жоба бойынша балалар ауылында әкімшілік ғимарат, спорттық алаң, 8 екіқабатты үй салынған. Бірінші қабатта қонақтарға арналған бөлме, ойын, оқу бөлмелері, асхана және екінші қабатта тәрбиеленушілер мен тәрбиеші-анаға арналған жатын, тұрмыстық  бөлмелер орналасқан.  
Делегация өкілдері балалар ауылының тұрғындарымен естелік суретке түсті. 
***
Жамбыл облысынан келген делегация мүшелері аймағымыздағы индустриялық жобалармен де танысты. Сапар аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жабыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аймағымызда салынып жатқан шыны зауытына барып, өңір экономикасының дамуына ықпалы зор жобаның құрылыс барысын көрді.
Өңірімізде ҚР Үкіметінің қолдауымен «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-мен шыны зауытының құрылысы басталған болатын. Зауыттың жалпы құны 52,1 млрд теңгені құрайды. Ал жобаның стратегиялық инвесторы – АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы. Оған Қызылорда қаласындағы индустриалды аумақтан 50 га жер телімі бөлініп, жобаның инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілуде. Жуырда кәсіпорын қоймаларының құрылы­сы аяқталып, барлық құрал-жабдықтар әкелінеді. 
Айта кетейік, шыны зауыты 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Зауыт іске қосылған жағдайда жы­лына 197 мың тоннадан ас­там табақша шыны өндіреді. Кәсіпорын толықтай аяқталғанда энергия үнемдеуші, оқшауланған, ламинатталған және айна өнімдерін жасап шығаратын болады. Аталған нысан пайдалануға берілсе, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорынның құрылысымен та­нысқан қонақтар мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

***
Қызылордадағы Жамбыл облысының күндері аясында екі аймақ арасында ынтымақтастық және өңіраралық байланысты нығайту жөніндегі меморандум қабылданды. 
Облыс әкімдігінде өткен жиында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына тоқталды. 
– Егемендік алғалы бері өңірдің ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет, спорт сияқты салалардың қай-қайсысында да толайым табыс­тарға қол жеткіздік. Бүгінгі күні экономиканы әртараптандыру бағытында жұмыстар жүргізіліп, кәсіпкерлік саласында ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады, – деді аймақ бас­шысы. 
Толайым табыстарымызға қарап, Мемлекет басшысының өзі: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады», – деп жоғары баға бергені белгілі. 
Қатпар-қатпар тарихы бар, талай сырды ішіне бүккен Жамбыл өңірінің делегациясын бастап келген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та жұмыс сапары барысында Сыр бойындағы оң өзгерістерге көз жеткізгенін айтып, өзі басқаратын аймақтың басымдықтарын кеңінен қамтыды. «Біздің аймақта ауыл шаруашылығы мен өндіріс жетекші салалар болып саналады. Бұрын сырттан алдыратын цементті енді өзімізде өндіріп жатырмыз. Индустриялық аймақтар құру жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылуда. Аграрлық салада мал шаруашылығын қарқынды дамыту жолға қойылған», – деді Кәрім Насбекұлы. 
Қос тарап өкілдері қатысқан жиын соңында Қызылорда облысы­ның әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берді.

***
Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облысы мен Жамбыл облысы өнерпаздарының бірлескен концерті өтті. Шараны көрермендермен бірге Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев та тамашалады. 
Қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды кештің ашылу салтанатында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында бей­неролик көрсетілді. Мұнан соң алғашқы «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов кеш қонақтарына жырдан шашу шашты. Ол өз арнауында Сырдың қонақжай халық екенін, бұл кездесу қос өңір арасындағы қарым-қатынасты терең­дете түсетінін жеткізді. 
Мұнан соң өнер саласында облыс мақтанышына айналған «Тұрмағамбет» атындағы халықтық аспаптар оркестрі күй күмбірлетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қос өңірдің Шолпан Бимбетова, Нұртілек Ақтаев, Жарасқан Төлебай, Ерлан Ибәділ­даев, Бақыт Шағырбаев сынды бірқатар өнерпаздары жырдан шашу шашты. Ал талай додаларда топ жарып, аймақтың атын шығарып жүрген «Томирис» би ансам­блінің мың бұралған бишілері де «Сыр маржаны» биімен шараның шырайын келтірді. 
Айтулы шарада Жамбыл облысынан келген «Тараз» триосы Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Басты өлең» әндерін орындап, көремендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, қос өңірдің әншілері халық әндерін орындады. Тағылымды кеште көпшіліктің көңілінен шыққан бірқатар өнерпаздар Сыр елінің өнерді бағалайтын аймақ екенін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті.
– Бүгінгі Қызылорда облысы өнерпаздарымен бірлесе өткізген концертімізді көрермендеріміз жоғары бағалады. Біз бүгінгі шарада Сыр өңірінің өнерді жоғары бағалайтын жұрт екеніне көзіміз жетті. Сонымен қатар, мәдениет саласының дамуы жолында еңбек етіп жүрген әріптестерімізбен бірге мәнді де мағыналы концерт ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз, – дейді жамбылдық жырау Бақыт Шағырбаев. 
Концерт соңында өнерпаздар «Қазағым, қасиетіңнен айналайын», «Қазақстан» сынды бірқатар патриоттық әндер шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, сахнада Әулиеата аймағының дәстүрлі әндері шырқалып, өңір өнерпаздарының орындауында Сыр мақамдарына тән жырлар айтылды.  
«Сыр бойының» 
тілшілер тобы.
Б.ЕСЖАНОВ, Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қазан 2016 г. 994 0