РУХТЫ ЖЫРДЫҢ РЫСБЕГІ ЕДІ...

РУХТЫ ЖЫРДЫҢ РЫСБЕГІ ЕДІ...Сонау 80-жылдарда, айы-күніесімдеқалмапты, халық театры бөлмесіндеРысбекекеумізнағашы-жиен болып, қағытпасөзбенбір-бірімізді қажай әңгімесүреңдетіпотырғанбыз. Кенет тақылдаған таяқтыңдыбысыМәдениетүйініңұзынфойесінбойлайестілді. Рысбек айтып отырғанәңгімесінжұмыршағынақайтажұтып, маған қарады. Мендетүсіндім. Бұл «шал кележатыр» дегені. Шал де­ге­німізұс­та­зымыз – ӘбілханМа­ханов бо­латын. Бөл­ме есігін ай­қа­ра ашып, мал тү­гел­дегендей жоқ көзінің қа­сын қи­­мың-қимың ет­кі­зіп, жол­­барыс дауыс­пен: «отыр­сыңдар ма?!» деп күркіреді. «Отыр­сыңдар ма?» де­ген сөздің астын кеулей, біз екеу­­­­міз «Ассалау­мағалейкүмді» жау­дырып жатырмыз.

– Ой, қу тұяқтар, әусек пен сәусек құсап отырғандарыңа не жорық?

Мен де шалт балаққа жабыс­қандай:

– Әбеке, «домашний аресттен» қашан босадыңыз? Айтпадыңыз ба, хабарласатын едік қой, – деп түрткілеп жатырмын.

– Әй, жарықпас, жайыңа отыр. – Ләйлә Қызылордаға кеткен, – деп өзіне ғана жарасатын ерекше күлкіге көміліп, саусағымен сау көзінің жасын сүртті.

– Қатын алғанның бәрі құрдас деген, ә? Сараң ашылған қабақтан көзі жылтырап, тіреу таяғын қос қолдап, иек тұсына сүйеді.

– Әй, құйын, сені домбыра ұстап жүр дейді ғой мына жұрт?! (маған емес Рысбекке айтып жатыр). Рысбек қопаң-қопаң етіп алды да:

– Нағашым Дәріқұл жырау емес пе?! Ұстаса несі бар? – деп қыл­­ғына күлді. Әбекең:

– Жарадың, белбарысым, бүк­теле бермей басыңды көтер деген осы. Талабың оң болсын! Ал енді Нұртуған ақыннан жаттағаның бар ма?

– Қолын төсқалтасына салып, сарғайған дәптерді суырды. – Тыпырши бермей бері кел. Нұр­туғанның мына өлеңін жазып ал.

Көктен іздегені жерден та­былған Рысбек дәптерді қолына алды. Қаламын қалтасынан суырып, «Кәнекей, тілім, сөйлеші, көрсетіп көкке өнерді» деген екі жолды ойдақтата тез жазды. Сөйтті де ұшып тұрып, бөлме ішінде әрлі-берлі жүріп алды. Жүрегі өкпи соғып, көзіне бөлменің оң жағында сүйеулі тұрған домбыра түсті. Сол сәтте... О, тоба, оның домыққан қысқа саусақтары пернеден пернеге зыр жүгіріп, ойнақ салды. Жалт бұрылып, өлеңге қайта шүйлікті.

– Жыбырлама, мақамың дұрыс емес, Нұртуғанның бұл өлеңі Құттық Мысабай жыраудың мақамына жайғасатынын білем. Соған салып көрші. Сөз бен мақам сүйіспесе жырда сүрең болмайды, солай, қаражорғам!

Рысбек бір қақырынып ал­ды да басын жұлқи шайқап, Мы­са­байдың мақамына салып, төгіл­те жөнелді. Мақам мен сөз мұрын­дықтасып, бір бұйдада желмая жырды жыр керуеніне айдады.

– Төк, бала, төк! Пәлі, Аралдың қаражорғасы! Мына мақамың қаяз­дың қармасындай тәтті екен. Батамды бердім, баса бер. Борық болма, анық бол. Жыр теңізінде жүзетін балық бол, бақайбасарым! – деп Әбекең орнынан тұрып, ойлы қабағын есікке қадады.

Бұл оқиға Рысбек Әшімовтің өнер тізгінін өз қолына алғаш ал­ған сәтіндей болып көрінеді маған.

Бұдан кейін Рысбек жыраулық өнерге басыбайлы ден қойды. Арал өңірінде дәстүрлі өнердің мақам-мұрасы, жыр-жақұты көнеден сақталған. Әйтсе де, аста айтылып, тойларда төгілтіп жүрген жыр кәсіби сахнаға Набат апамыз сүрең салып, Сұраған, Рысбек, Бекұзақ, Демеулер жалғастырды. Өңірдің дәстүрлі өнері кәсіптік сахнаға осы қайталанбас дауыс­тар арқылы келгендігін келешек білуі шарт. Қайран, Әбекең, мақам мен жырдың тағдырын тамаша таланттарға тапсырған болатын. Олар ұстаз үмітін ақтады.

 

Терме-жыры қазақтың төгілгенде,

Көкке қанат қағады көңіл демде.

Жырау жігіт желпініп жолға түсті,

Жыр көбесі түн ауа сөгілгенде.

 

Иә, Рысбек адами заттың бір­тектілік өнері жыраулық өнер­­дің қазақ топырағында сақ­тал­ғандығын бағзы бас­тау ға­сырдан, қанда сақталған қа­сиетті өнерді бүгін мен ертеңнің түйсігін дән­деп, мақам майыстырып тамашасына таңғалдырғаны рас. Оның дәлелі, Алматыда өткен халықаралық Лорд конференция­сында шеберлік класын өткізіп, 1994 жылы Ленинградта өткен бүкілдүниежүзілік «Ленинград көк­темі» фестивалінде үздік өнер көр­сетіп, Еуропа жұртшылығы­ның му­зыка зерттеушілері көзіне ілік­ті. Кейіннен, 2002 жылы АҚШ-тың Вашингтон қаласын­да өткен әлемдік Снидсониян университетінің өнер фести­ва­лінде шеберлік болмысымен таң­ғал­дырғаны баршаға аян. Бұдан кейін Саха елінде (Якутия) өткен халықаралық ІІІ Лорд конферен­циясына жырау А.Алматов, Ұ.Бай­босынова, Р.Әшімов, Ш.Орын­баева қатысып, қазақ өнерінің даңғайыр даралығын тағы да әлем жұртшылығына паш етті.

Рысбектің орындауындағы тер­ме-жырлар 1994 жылы Ш.Тө­лепова, Б.Рүстембеков, А.Ал­матов­пен бірге одақтық радионың «Ал­тын қорына» жазылып алынды. Осылайша Арал өңіріндегі жыр­шылық өнерді әлемдік сахнаға алып шыққан тұлға есебінде оның есі­мі ұрпақтың есінде қалды.

Қазақ өнерінің кие қазына­сы­ның қара нардай талантына теңдеген жапырақ жырды жалауындай желбіреткен, мақам-сазды мөлдіреткен, болмысынан дара Рысбек ортамыздан ерте кетті. Тәні тылсым жердің құшағында болғанымен, өнері өлместің өркен биігінде «Мен – Рысбекпін» деп болашақ жыраулық өнердің жампозы болып жасампаздана бермек.

Мен әңгімелеп отырған Рысбек Әшімов ешкімге ұқсамайтын талантымен теперіш көрген текті өнерді талай жерге сүйреді. Шәкірт тәрбиелеп, мұра өнерді мәңгілікке қалдырды.

Міне, ұлы тіршіліктің тағы бір беймаза күні басталды. Алыстан Рысбек салған ән қара жорғадай қан қыздырып, үн-ұрандай рух үкі­летіп, түйсік тазалайды. Шаға­ла­сы шулаған, толқындары биле­ген көк айдын менмұндалап, әл­­де­нені іздеген рухты жырдың Рыс­бегі күн астында теңіз кешіп ба­ра жатыр.

 

Оңталап НҰРМАХАНОВ,

ақын, ҚР мәдениет қайраткері.

Қызылорда қаласы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР / РУХАНИЯТ 20 қаңтар 2016 г. 951 0