“Қазақ барда – қобыз мәңгі”

“Қазақ барда – қобыз мәңгі”Қорқыттың күй сарынын орын¬даған негізгі аспабы қазақтың қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін бұл аспап шын мәнінде қасиетті. Бір кездері қобызға деген түсініспеушілік салдарынан аспап заман көшіне ілесе алмай, ескіліктің қалдығы саналып, жоғалып кетудің алдында қалған болатын. Бірақ бүгінде ол қайта жанданып, қанатын кеңге жайды. Қобызды серік еткен жастар көбейді. Алтынай Берденова солардың қатарынан. Қоңыр үннен шабыт алып, оның тарихи мән-маңызын ішкі жан дүниесімен сезіне білетін өнерпаз облыстық филармонияның "Ақмешіт” фольклорлық ансамблінде прима-қобызшы қызметін атқарады. Қанжығасын респуб¬ликалық деңгейдегі байқаулардың жүлдесімен толықтырған Алтынаймен әңгіме скрипканың атасы саналатын қас¬тер¬лі аспаптың, қобыздың киесі жайында болды.
– Алтынай, сан түрлі аспаптың ішінен қобызды таңдауыңыздың сыры неде? Қобызшы болу¬ға нендей жағдай ¬себеп бол¬ғанын айтып өтсеңіз...
– Қазақтың рухын алға жетелейтін қобыз аспабына кеңес өкіметі кезінде бақсының дү¬ниесі деп қарап, өртеткен кездер бол¬ған. Соның салдарынан бүгінгі күнге жеткен қобыздың тұр¬пы да, үні де өзгеше. Сонымен қатар қастерлі аспап түркілер дәуірінде пайда болып, түркі әлемі оны Көк Тәңірімен байланыстырған. Осындай тарихы бай, көненің көзі саналатын аспапта ойнауға мені Қазанғап атындағы музыкалық колледждегі ұстаз¬дарым Сәуле Жақыпова, Айнұр Тілеу¬лиева қанаттандырды. Қара қо¬бызды меңгеруіме себепкер болды. Аспаптың бірнеше нұсқамалары бар екені белгілі. Сын қобыз, прима-қобыз деген секілді. Соның ішінде мен прима-қобызға тоқталып, білікті ұстаздардан, өз ісінің мамандарынан дәріс алдым. Қобыздың иесі мен киесі болады. Ол оңай меңгеріле салатын өнер емес екенін білсем де, оны халыққа жеткізе алатыныма іштей сендім. Уақыт өте қасиеті бөлек аспаптың көмегімен шығарманың тереңіне бойлауды, образға енуді үйрендім. Сахналық артистизмді игеруге  күш салдым.
– Әр өнерпаздың төлқұжатына айналған туындысы болады. Сіздің төл туынды қайсы?
– Халық тойға жиі шақырады. Осындайда қобыздың қоңыр үнін естігісі келетіндердің көптігіне қуанамын. Көбіне Қорқыттың күйлерін, Н.Тілендиевтың "Әлқиссасын”, Моцарттың "Рондосын” орындаймын. Паспортым іспетті туын¬¬дылар осы. Заман ағымына қарай қобызды эстрада¬мен сабақтастырып тарту сәнге айналуда. Біз де халық сұранысына қарай икемделеміз. Қазір өнер әлеміндегі әріптесім, домбырашы Алмаз Аппазов екеуміз дуэт құрып, түрлі концерттерде, мерекелік шара мен гастрольдік сапарларда Б.Айсыновтың "Наурыз”, халық әндерінен попурри орындап жүрміз. 
– Кейде "Қобыз аспабы болашақта тек мұражайдан табылуы мүмкін” деген пікір айтылып қалады. Бұған не дейсіз?
– Қобыз халқымызбен бірге жаралған музыкалық аспап болғандықтан, ол бізбен бірге жасай береді. Қастерлі аспап мұражайдан табылады деушілермен келіспейтінім содан. Замандастарым да оған асқан қызығушылықпен қарайды. Мұның барлығы жанды жаулап, рухани азық беретін аспаптың болашағына сенгендіктен. Себебі, қобыз – адамзаттың аспабы. Оның құдіретіне, күйіне қарап, өзге ұлттар қазақ хал¬қы¬ның ұлылығына көз жеткізді. Мәселен, ансамбль құрамымен шетелге шыққанда залдағы тың¬дарманның күйді жан-тәнімен сезінетінін байқаймыз. Қобыз-дың үні оларға таза ауа секілді, тыңдаса терең тыныстайтындай көрінеді. Оның үстіне сан ғасырлық сұрыптаудан өткен ұлттық күй мен әндерде музыкалық терапия кездеседі. Онда адамды емдеп-сауықтыратын, тамаша көңіл-күй сыйлайтын қасиет бар.
– Мұхтар Мағауиннің "Көкбалақ” романында қобызшы Кербала мен домбырашы Байжігіт арасындағы тартыс суреттеледі. Сол тұста жас Байжігіт қарт Кербаланың "Қобызыма ие бол!” деген тілегін қабылдамайды. "Сол сәттен бастап қобыздың бағы қайтады. Күй аруағы домбыраға көшеді”, – деген екен қаламгер. Осы сөзде қаншалықты шындық бар деп ойлайсыз? 
– Домбыра да, қобыз да – қазақ үшін киелі. Бірақ қобыздың күші ешқашан қайтпайды. Ол қазақ барда мәңгі жасай береді деп есептеймін. Бұл аспаптың қадір-қасиеті Мағжан Жұмабаевтың "Қойлыбайдың қобызы” поэмасында шебер суреттелген. Оны оқыған әрбір адам қобызға үлкен құрметпен қарары анық.
– Ұлттық аспаптарды жасаушы шеберлер жайында, соның ішінде прима-қобыз жасаушылар турасында көп нәрсе біле бермейміз...
– Иә, бүгінде домбыра жасайтын шебер көп. Алайда, өзге ұлттық музыкалық аспаптардың жасалу сапасы көңіл көншітпейді. Осыдан 5-6 жыл бұрын мен ұстазымның көмегімен Алматыдағы прима қобыз жасайтын Қазақстандағы жалғыз шебер Александр Першиннің тамаша аспабына қол жеткіздім. Соны әлі серік етіп келемін. Осыған қарап Италияда скрипка жасаушы Стра¬дивари құрметтелсе, біраз жылдар өтке-сін Першиннің музыкалық аспаптары солай бағаланады деген ойдамын. Жалпы, біздің ұлттық аспаптардың даму деңгейі Еуропа мен кейбір Азия елдеріне қарағанда кенжелеп қалды. Бәлкім бұл уақыт еншісіндегі дүние болар. Бірер күн бұрын шиелілік жас шеберлер ұлттық аспаптарды шығаруды қолға алмақшы дегенін құлағым шалып қалды. Қуанар күн алыс емес деген ойдамын.
Сұхбаттасқан: 
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

РУХАНИЯТ 19 қаңтар 2017 г. 2 109 0