Сыр өңіріндегі аға буын ақын-жыраулар, әншілер-күйшілер тіккен өнер туы ешқашан да төмен түсіп көрген емес. Зәу биікте желбіреген байрақ бүгінгі буын өнер иелерінің қолында желбіреп келеді. Өткен 2016 жыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен ел есіне, тарих парағына таңбаланды. Сондықтан аймақта жыл бойы ұйымдастырылған мерекелік шаралардың, концерттердің барлығы да осы айтулы мерейтойға орайластырылды.
Жыл басында облыстық филармония ұжымы "Азат елдің ақ таңы” атты концертімен Өзбекстанға, Наурыз мерекесінде Ресей Федерациясының Орынбор қаласы мен Беляевка және Первомай аудандарына гастрольдік сапармен барды. «Томирис» би ансамблі «ТҮРІКСОЙ» халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымының шақыртуымен Түркияға, АҚШ-тың Нью-Йорк және Вашингтон қалаларында өткен Наурыз фестивалінде қазақ би өнерін паш етті.
Бұған қоса өнер иелері «Туған жерім – Тұран далам» атты концертпен еліміздің бірқатар өңіріне барды. Сонымен бірге Грузия мемлекеттік филармониясының директоры Д.Багаш¬валимен екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту, мәңгі достық пен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат аясында 2015-2020 жылдар аралығында екі ел арасында концерттер ұйымдастыру, өнер иелерінің шеберлік дәрістерін өткізу, тәжірибе алмасуы еркін жүзеге асуда. Бұл өнерпаздардың шыңдалуына, тәжірибе алмасуына, қазақ өнерін дәріптеуіне жол ашты. Алдағы жылы осындай концерттерді туыстас Әзірбайжанда ұйымдастыру жоспары бар.
Сыр өнерпаздарының халықаралық, республикалық байқаулардағы жеңісті жолы өткен жылы да жалғасын тапты. Санкт-Петербургта өткен Б.Штоколов атындағы V Халықаралық вокалистер конкурсында облыстық филармония әншісі Әйгерім Алтынбек ІІІ орынды, Ақтөбе облысында өткен республикалық жыршы-термешілер байқауында М.Сүгірбай бас жүлдені иемденді. Б.Шүкенов атындағы «Отан-Ана” республикалық әншілер байқауында Д.Жамантаев жүлделі ІІІ орынға, камералық оркестр Алатау баурайында өткен «Әуен fest” республикалық фестиваль-конкурсында ІІІ орынға лайық болды.
Ұлтымыздың ұлық мерекесі қарсаңында Қызылордада Халықаралық ақындар айтысы өтіп, оған 16 ақын қатысты. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Сырдың төл ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бірінші орын Алтайдың ар жағындағы қалың қазақтың ыстық ықыласын ала келген Ұларбек Минетханға берілді.
Сыр елінде өткен дәстүрлі орындаушылардың республикалық өнер фестиваліне баба мұраны Алты Алашқа насихаттап жүрген белгілі жыршылар қатысты. Фестиваль Арқа мен Батыстың, Жетісу мен Сырдың жыр думанына айналды.
Облыс әкімі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңесте Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері, Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу барысы және «Байқоңыр ғарыш айлағы» кешенін номинациялау үшін әлеуеттік нысанын бағалау, Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұралар тізіміне енгізу, Өңірдегі туризмдік кластерінің дамуы туралы мәселелер қаралды.
Өткен жыл еңбек адамдарына құрмет көрсету салтымен өткен мерейтойларға толы болды. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың, Еңбек ері Алдаберген Бисеновтің, Мөрәлі Шәменовтің мерейтойларына арналған мерекелік шараларда адамды биікке көтеретін еңбектің бағасы асқақтады.
Жыл соңына қарай өткен Сыр бойындағы шығармашылық және әдеби ортаның қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген Қомшабай Сүйенішті, Асқар Кіребаевты еске алуға арналған кештер өтті. Сыршыл да суреткер ақындардың поэзиясына, ұрпаққа мұра етіп қалдырған дүниелеріне жырсүйер қауым тағы бір рет үңілді.
Астана қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының күндері өтіп, Сыр елінің өнер иелері елорда жұртын «Ырысты, күрішті Қызылорда» атты бағдарламамен, Конгресс-холда «Сыр -– Алаштың анасы» атты мерекелік концертімен тәнті етті.
Мерекелі жыл осылайша ұлағатымен, салтанатымен, табыстарымен есте қалды. Алдағы жылы Сыр бойына қонған өнердің өресі биіктейтін кезең боларына күмән жоқ.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.