МӘДЕНИЕТ – МӘҢГІ, ӨНЕР – ӨМІРШЕҢ

Өткен жұма күні облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында осындай тақырыппен мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өткізілді. Бұл кәсіби мереке композитор, КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуын бірге атап өтуімен де ерекшеленді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Салтанатты жиынның беташарында арнайы түсірілген бейнекөрсетілім арқылы қызылордалықтарды КСРО-ның халық әртісі, әншілер Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева және композитор Кеңес Дүйсекеев сала қызметкерлерін еліміз бойынша алғаш рет аталып өткізіліп отырған кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекеге жиналған көпшілік қауымды құттықтаған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев академик Әлкей Марғұланның «дүниеге ізгілік себу мәдениеттен басталады» деген сөзінде зор маңыз жатқанын атап өтті. Сыр бойы сан өнердің алтын ордасына айналған дүлдүл шайыр, ақиық ақын, сұлу сазды сазгерлерді дүниеге әкелген қасиетті өңір. Қырыққа жуық көне қаласы бар жерді Елбасымыз «Сыр – Алаштың анасы» атап, оның дамуына жан-жақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Соның бір көрінісін, Елбасының тапсырмасына орай қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өңірімізде көптеген істер жүзеге асырылуда. Арысы абыз Қорқыт, Тұрмағанбет, Шораяқ, Нартай, онан кейінгі Әбілда Тәжібаев, Роза Бағланова, Мәдина Ерәлиева секілді өнер майталмандары паш еткен Сыр өнерін бүгінгі ұрпақ та лайықты жалғастырып келеді. Елбасы тапсырмасына орай биыл мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі аталып өтілуде. Бүгінгі күндері облыста 400-ге жуық мәдениет мекемесі бар. Оларда жүздеген адам жұмыс істейді. Өмір деген керуен десек, сол жолда өнер мен мәдениетті, рухани қазыналарымызды болашақ ұрпаққа бар болмысымен жеткізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жандандырыла түсетін болады. Осы орайда айта кетейік, осы сала жұмысын дамыта түсу үшін арнайы «Жол картасын» дайындауды қолға алып жатырмыз. Бұл құжат та «Сыр елі – жыр елі» атанған өлкенің өнерін өркендетуге жұмыс жасайтын болады.
Мұнан кейін аймақ басшысы бір топ сала қызметкерін мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Мәдениет саласының қайраткері» медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерекелік кеш соңында «Тұрмағанбет» атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өнердің биік шыңы, классикалық шығармаларды орындаған опера әншілерінің өнерін тамашалап, тыңдаған көпшілік оларға түрегеп тұрып қол соғып, қошемет көрсетті.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


РУХАНИЯТ 01 қазан 2013 г. 1 999 0