Ишан мешітіне жөндеу жасалды

Ишан мешітіне жөндеу жасалдыҚарашаның бойды қарыған қара суығы кәріне мінген шақ. Екпіні нарды құлатады дейтіндей долы жел де сәт санап күшейе түскен. Десе де, Қамбаш көлінің маңына қоныс тепкен іргелі қоныстағы қабырғалы қауым табиғаттың адуын қылығын елер емес. Тарихы тереңнен басталатын Жанназар ишан мешітінің жанына жиналған  шоғырдың қарасы қалың. Үлкен де, кіші де құдды тойда жүргендей тым көңілді. Олай болатын реті де бар. Бүгін мұнда  асқан ғұлама, емші, хақ жолына баулыған ұстаз ретінде көпшіліктің жадында сақталған  Жанназар ишан Арланбайұлының есімімен аталатын ескі мешітке күрделі жөндеу жасалғаннан кейінгі  салтанатты рәсім өткізілуде. Шараға Арал, Қазалы және өзге де аудандардан, Қызылорда мен Байқоңыр қаласынан, Ақтөбе облысынан ишан ұрпақтарының қатысуы бабаға деген баршаның алғаусыз пейілін аңғартты. Ақ кірпішпен қапталып, заманауи үлгідегі есік-терезе орнатылған ғимаратқа халықтың қаражатымен сапалы жүмыстар жүргізілді. Біздің білгеніміз, игілікті іске Өткелбай Жолмырзаев пен Жұбатыр Әбілдаев, өзге де ел ағалары септігін тигізіп, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары белгілі кәсіпкерлер Мнажадин Өтеев, Ібайдулла Тілеп, Бекқали Бекбауылов қомақты үлес қосыпты.
Ағайынның ауызбіршілігін аң¬дат¬қан жиында ишан атамыз туралы естеліктер айтылды. Әулие рухына құран бағышталды. Ас соңында баба ұрпақтары жиналған қауымға ризашылықтарын білдірді. 
Жанназар  Арланбайұлы 1878 жылы Қазалы ауданындағы Арықбалық аталатын жерде (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) дүниеге келген. Өткен ғасырдың 1904 жылы Қамбаштан салынған  осы мешітте имам болып ұзақ уақыт қызмет еткен. Ел ішіне емші, ғұлама ретінде танылған. Бой көтергеніне ғасырдан астам уақыт өткен ны¬санды тұрғындар киелі орын са¬найды. Жанназар атамыздың аға¬сы Қожаназар Артықбайұлы да асқан  әулие адам болған. Қасиетті Меккеге үш мәрте қажылыққа барған Қожаназар ишан Қазалы өңірінен екі мешіт салдырып, бала оқытады. Оның бірі – Әйтеке би кентінің орталығындағы мешіт қазіргі таңда Қожаназар ишанның есімін иеленген. 
«Қожаназар мен Жанназар ишандар атақты Орақ батырдың немерелері. Осындай тектіден тараған, өздері де ел үшін қалтқысыз еңбек еткен ғұламалардың ұрпақ зердесіне  берік орнығуы қуанышты жайт. Қайта жөндеуден өткен мешіттің көркіне көз тояды. Бірлік түбі – береке. Елдің ынтымағына ешқашан сызат түспесін. Баба¬лардың аруағы қолдасын» – дейді қазалылық Жаңабай Жақсылықов.
«Жақсының аты өшпейді» деген осы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы,
Қамыстыбас ауылдық округі.  

РУХАНИЯТ 26 қараша 2016 г. 1 154 0