Көмейіне ғасырдың үні қонған

Көмейіне ғасырдың үні қонғанБелгілі жырау, ақын Көшеней Рүстембеков тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Сыр елі өткен сенбіде азғантай ғана ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған өнерпаз ұлын ұлықтады. 
Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрда «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты баспасөз конференциясы өтіп, онда Көшеней Рүстембековтің апасы Ыдық Рүстембекова, інісі Бидас Рүстембеков, жырау Алмас Алматов, Жұмабек Аққұлов, Елмұра Жаңабергеновалар жыр жампозы туралы естеліктер айтты. 
– Бүгінгі шараны қазақ мәдениетінің, қазақ руханиятының тойы деуге болады. Көшекең небәрі 27 жыл өмір сүрді. Соған қарамастан соңында өшпес із қалдырды. Оның жазған дүниелері ешқашан ескірмейді. Өйткені ер есімі – ел есінде. Көшекеңнің рухани мұрасы атадан балаға жалғасып, мұрагерлік сипатқа ие болды, – деді Алмас Алматов. 
Көшенейдің әкесі Рүстембек те, атасы Жиенбай да ел білетін жыраулар еді. Бүгінде Арнұр Көшеней жыршы-термеші әулетінің сынығындай боп алдыңғы буынның жолын жалғастыруда. Көшенейдің бауыры Бидас аға да дәстүрлі өнерді өшірмеу жолында еңбек етіп келеді. Қазіргі күні ол республикада бірінші боп Қармақшыда ашылған Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде дарынды шәкірттердің талабын ұштап жүр. 
– Қыран құстың жемтігін шашып жейтіні секілді Көш-ағамыз дүние жинаған кісі емес еді. Әділдікті жақсы көретін. Біреудің біреуге қиянат жасағанына бейжай қарап отыра алмайтын. Талант оған тумысынан берілген. Қысқа ғұмырында оқуды да оқыды, елге танылып та, балалы-шағалы да болып үлгерді, – деді Бидас Рүстембеков. 
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов облыс әкімдігінің қолдауымен түркі дүниесіне ортақ «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалін дәстүрлі түрде өткізудегі мақсат – төл әдебиетіміздің бастау бұлағынан жас ұрпақ қанып ішсе деген ой екенін жеткізді. Баспасөз мәслихаты барысында Көшеней Рүстембековтің жыр-термелері жинақталған үнтаспаның тұсауы кесіліп, тыңдарманға жол тартты. 
Рухани шара түс ауа театрда дәстүрлі орындаушылардың республикалық фестивалімен жалғасты. Алдымен көрермен назарына «Жыр дүлдүлі – Көшеней» атты бейнеролик ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жыраудың дәстүрлі өнерді дәріптеудегі еңбегіне тоқталды. 
– Жыраулық – Тәңірмен тілдесу десек, осындай өнердің Сыр бойында сақталуы – заңды құбылыс. Көшеней жыраулық өнерді әлемдік сахнаға алып шықты. Артында мол мұра қалдырып, есімі өшпес ерге айналды, – деді Руслан Рүстемов. 
Фестивальде жырау, жыршы-термешілер Бидас Рүстембеков, Елмұра Жаңабергенова, Құрманбек Бекпейісов, Арнұр Көшеней, Шолпан Биімбетова және тағы басқалар өнер көрсетті. Шараны Алмас Алматов жүргізді. 
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

РУХАНИЯТ 21 қараша 2016 г. 1 577 0