
Бейсенбі күні Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылында 300 орындық жаңа мешіт мұсылман жамағаттың игілігіне айналды. Имандылық үйінің ашылу рәсіміне «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров қатысып, ауылдағы ағайынның қуанышына ортақтасты.
Бұған дейін ауыл тұрғындары мен шәкірттер шаһардың «Шанхай» бөлігіндегі «Ыбырайым молда» және Абай ауылындағы мешітке қатынап келіпті. Мешіттің құрылысына осы ауылдың бұрынғы тұрғындары саналатын Рахматуллаевтар әулеті демеушілік жасаған. Дәлірек айтсақ, аталған әулеттің келіні Айжан Жәкішованың бастамасын әулет үлкені Нұрмаханбет ақсақал қолдап, имандылық үйі осындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші тұрған жерден былтырғы көктемде ірге көтереді. Бұған қоса, демеуші ауыл орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткішін де қайта жаңғыртудан өткізіпті.
Мешіттің ашылу рәсі¬міне сөз алған «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров пен қала әкімінің орынбасары Нұрхан Жәлиев аталған ауылда имандылық үйін салу мәселесі көптен бері күн тәртібінде тұрғанын, имандылыққа бет бұр¬ған азаматтарымыз да күн санап көбейіп, оның ха¬лыққа аса қажет екен¬дігін жеткізді.
Қарауылтөбеліктер осы қуанышты сәтті көптен күтті. Өйткені, бұл ауылда осыған дейін мешіт болған жоқ. Жол азабын тартып, қала мен өзге ауылдағы мешітке қатынап келген тұрғындар «Мешіт – жамағатымен көрікті» деген қағиданы жақсы түсінеді. Иә, мешіт – имандылықтың ордасы, рухани құндылықтар мекені. Ал иман бар жерде ынтымақ пен бірлік, татулық пен достық қауыз жарары белгілі. Осындай қуаныштар Сыр өңірінде жыл санап көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облысымызда 23 мешіт болса, нақты кезеңде аймақ жұртшылығына 158 мешіт қызмет көрсетуде. Ал оның 15-і Қызылорда қаласы мен оған қарасты ауылдық округтер мен кенттерде тіркелген. Міне, облысымыздағы мешіттер саны тағы біреуге артып отыр.
Жаңа мешіт барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Демеуші алдағы көктемде имандылық үйінің аумағын көркейтіп-абаттандыруды, бұған қоса, балаларға арналған шағын футбол алаңқайын салуды жоспарлап отыр.Жалпы, дәстүрлі ислам үлгісінде салынған құлшылық үйінде бір мезетте 250-300 адам намаз оқи алады. Мұнан бөлек, шәкірттер дәріс алады. Сонымен қатар рухани орынмен іргелес имамға арналған екі бөлемелі тұрғын үй ғимараты бой көтерген.
Салтанатты түрде ашылған мешітте аруақтарға құран бағышталып, бата берілді.
Д.ЕЛУБАЕВ.