
Көпшілік қауым кітап оқудан қол үзіп, материалдық игілікке көп мән беріп кеткен тұста қазақы қара өлеңнің қадірін қашырмай өзіне мұңдас, сырлас тұтқан Арал ауданының Қаратерең елді мекенінде тұратын, ардагер ұстаз, шынайы ақын Шынтемір Әмишаұлы қысқа мерзімде қос бірдей жыр кітабын шығарып үлгерді.
Шырайлы жырларына Маралтай ақын сәт сапар тілеп, поэзия айдынына аттан¬дырған Шынтемір Әмишаұлының кезекті жыр кітабы 2016 жылы жарық көрді. Алматының «Арна» баспасынан жа¬рық көрген «Жоқ іздеген жүрек» атты бұл кітабының беташарында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, талантты ақын Маралтай Райымбекұлы былайша толғанады: «Нағыз ақын – қай жаста да ақын! Шынтемір Әмишаұлының өлеңдерін оқып отырғанда осы бір жазылмаған заңдылық тағы да жадымызда жаңғырып, тіл ұшына орала берді. Өлеңді ақын жанының айнасы дер болсақ, біз өлең өрнегі арқылы Шынтемір Әмишаұлының жыр сарайының мөлдір иірімдерін, кіршіксіз таза болмысын сезіне түсеміз».
Мұнан бұрын аталған баспадан 2013 жылы шыққан «Қайдасың, Қасқақұланым...» атты тұңғыш кітабы жырқұмар қауымның қолына тиіп, алыс ауылда жатқан ағамыздың ол еңбегі туралы кезінде аудандық газеттерде пікір жазғанбыз. Бұл сонымен тақырыптас, заңды жалғасы іспеттес екен. Автор негізінен қайтқан Аралдың кешегісі мен бүгінгісі, Ұлы теңіздің жағалауындағы кешегі-бүгінгі адамдардың тағдыры, тоқырауға байланысты көшкен көне қоныстарға деген саруыз сағынышы жайында жүрек сөзін айтуға ынтызар. Онысы сәтті де шыққан. Мысалы,
Болмаса алты аласы, бес бересің,
Ерлердің еңселісін қош көресің.
Күйкілік көбейгесін маңайыңда,
Кей-кейде келеріңнен сескенесің.
Шоқтығы биік көрсем қазақ ұлын,
Қырланып қарапайым озады үнім.
Бықсып құр бақай есеп күйттегенге,
Күйініп, өз-өзімнен назалымын,
– дейді ақын. Рас қой. Пендешілікпен, бақай есеппен өмір сүріп жүрген замандастарымыз арамызда аз емес.
Келер жылы 90 жастың төріне шығатын ұлы қаламгер Зейнолла Шүкіров туралы осы қараша айында 70 жастың белесін бағындыратын ақын інісі Шынтемір Әмишаұлы былайша жыр тербесе несі айып?!

... Арпалысып толқынымен,
Ақ самалын еміпсің.
Ақ шағала шаңқылымен,
Жыр арқауын өріпсің.
... Сол жағада зерлеп келем,
Балғын жырдың құндағын,
Арманым боп өрнекті өлең,
Аға, өзіңдей тынбадым.
Маралтай ақын осы кітапқа жазған алғысөзінің алғашқы жол¬дарында «Шын ақын үшін өлеңнен өзге қызық жоқ. Сөз зергерінің сырын ақтарып, шынын айтатын досы – өлең. Сондықтан болар, өлең ақынның өмірлік серігі.
Шынтемір Әмишаұлының жырлары да автордың жасына лайық. Әр шығармасынан оның өмірге деген өзіндік көзқарасы, философиясы, психологиясы нақты көрініс тауып отырады» деген. Біз ақыннан асырып айта алмаймыз. Өлең өлкесіне сапар шеккен ақын ағамызға өлең болсын жолдасың, Абай рухы қолдасын дегіміз келеді.
Толыбай АБЫЛАЕВ.
Құрметті оқырман!
Ертең, 4 қараша күні сағат 15.00-де Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын Шынтемір Әмишаұлының "Қайдасың, Қасқақұланым...” және "Жоқ іздеген жүрек” атты кітаптарының тұсаукесер шарасы өтетінін хабарлаймыз.