СЫР мен САРЫСУДЫ САҒЫНҒАН ЕКЕН

СЫР мен САРЫСУДЫ САҒЫНҒАН ЕКЕНТанымал жазушы, белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев 70 жасқа толу құрметіне орай туған өлкесіне келіп, жерлестерімен жүздесті. Сұлутөбенің жаңадан салынған мәдениет үйіндегі кездесуді Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашып, қаламгердің өмір жолымен таныстырды. Мектеп бітіргеннен кейін еңбек жолын кеңшарда қой бағудан бастаған талантты жас шаруашылықтың, мал бағудың, ондағы ата-баба қалыптастырған дәстүріне қанығады.

 

Ауыл адамдарының мінезі мен ерекшелік­теріне де мән бергені сол кез. Жұмысқа ысыла жүріп, үйренген нәрселері, көрген қиыншы­лық­тары, адамдар арасындағы қарым-қатынас, бәрі де кейін қаламгердің жан азығына айналса керек. Өйткені, С.Балғабаевтың қаламынан туған әдеби дүниелер шынайы да көркем, жеңіл оқылуымен қатар оқырманын өз иіріміне тарта түсетін құдіретке ие. Оның «Дала мен дария», «Шөл», т.б. жинақтары кезінде қолдан қолға тимей оқылды. Сондай-ақ, драматургтің «Қыз жиырмаға тол­ғанда», «Ең әдемі келіншек» спектакльдері ұзақ жылдардан бері сахнадан түспей келеді. Түйіп айтқанда, С.Балғабаев оқырмандары мен кө­рермендерінен лайықты бағасын алған бақытты жазушы.

Сұлутөбедегі кездесу барысында ұстазы А.Әбуова, сыныптастары атынан А.Алпысбаев, О.Жұмәділов және ауылдық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Е.Жұмаділ секілді азаматтар балалық шақтың естеліктерінен сыр шертті. Жазу­шыға құрмет көрсетілді. Белгілі әнші Әлмыр­за Ноғайбаев, «Асыл әжелер» ансамблі, Шиелі аудандық мәдениет үйінің және облыстық филармония өнерпаздары ән мен биден шашау шашты. Кездесу соңында сөз алған жазушы: – Осы күнге жеткеніме өзімді бақыттымын деп санаймын. Талай елді көрдім, араладым, алайда, біздің Сұлутөбе өңіріне жететін жер көрмедім. Әркімнің туған жері мен елі ыстық. Кейінгі жастар осы жерлерді игеріп, игілігін көрсе екен деп тілеймін. Өзімнің де елге жасасам деген бірер парызым бар, соны өтесем деймін, – деуі де риясыз көңілден шыққан әңгіме еді. Жетпіс белестің биігіне көтерілген жазушы Сыр мен Сарысуды сағынған екен, әңгімесі сол төңіректе өрбіп, осы аттас кітаптарын ауылдық кітапханаға сыйлады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.
РУХАНИЯТ 29 қазан 2016 г. 792 0