
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Студенттердің өмірі қыж-қыж қайнаған ҚазМУ қалашығы.
Сабағы мен сауығы қатар серпілген студент жастардың жиі жүздесетін жаз айы. Жатақхана алдындағы бірен-саран орындық босай қоймайды, босаған күнде де қыздарға қиып жіберетін жігіттер жапатармағай жинала қалады. Мұндайда өнерге деген жақындығы, етене ерекшелігі бар филология, журналистика, тарих факультеті студенттері әдеттегідей ән-жырдан жарыса кетеді. Бірі гитараға, бірі домбыраға қосылып, кейде дуэт, кейде трио болып, шырқай жөнеледі. Көбінше орындалатыны – Шәмшінің әндері.
Сол кездері бард әнші Табылды Досымовтың әндерін жастар жағы жатқа айтып, жиі орындай бастаған. Бір күні оның «Күнікей қыз» деген әнін естіп қалдым. Құлаққа жұмсақ, әрі жағымды екен. Ән бірден елтіп әкетті. Жігіттің қызға деген құмар көңілі есіліп тұр.
Үйіме қайтам, өкініп, тынып,
Сүйемін деуге бата алмай.
Төлеген болып, бекініп тұрып,
Жайықты кешіп, өте алмай...
Жаңалыққа жаны құмар жастардың білмейтіні жоқ. Несін айтасын, «Атыраудың аруына Қызылорданың жігіті ғашық болып, жүрек сөзін өлеңмен жеткізіпті-мыс» деген алып-қашпа әңгіме гу ете қалды. «Бұл ақын кім болды?» деген сұрақ тағы туды. Содан «Байқоңырдың білдей ақыны, есімі Шаһизада Әбдікәрімов» деп жастар дәріптей бастады. Мен бұрыннан таныс кісідей: «Біздің ауылдан. Қармақшы ауданының азаматы» дей салғанмын. Құдай ақиқатын ауыз¬ға салып тұр екен, шынында да солай болып шықты.
Дәм айдап, елге келдік. 1997 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіндегі оқытушылықтан мемлекеттік қызметке ауыстым. Қызылорда қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміндемін. «Бұрыннан таныс» жерлесім Шәкеңмен дәл осында қызметтік жұмысымыз түйісті. Ол Қызылорда арнайы экономикалық аймағы теледидарының төрағасы. Күнделікті жұмыс жүйесі бір арна бойымен жүріп жатты. Шаһар шырайы мен шайыр Шаһизаданың шығармашылығы шынайы түрде астаса берді.
Ежелден сүлейлер сүрлеуінен сарқыт алған ақынның екінші тынысы осында ашылды десе болады. Үлкен қаланың үміт оты ақын жүрегінде тербелді, қайнаған қоғамның бел ортасындағы қызу тіршілік тың туындылардың таптырмас тақырыбына айналды. Оның үстіне университетке Сыр елінің танымал азаматтары Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріп қызметке келіп, Шаһизаданың шығармашылық диапазоны тіпті кеңейді. Оның бір үлгісі – қалалық телеарнаның қамту аймағы, тақырыптық талғамы өсіп, үлкен беделге ие бола бастады. Ұжымның ұйытқысы қазақ тележурналистикасын бір сатыға көтеріп, таңдаулы туындылары республикада топ жарып жатты. Өзі іріктеп алған ақын Әділ Ботпанов, мәдениеттің майталман өкілі Тілеген Бекарыстанов, Баян Құлтанова, жарқ етіп ерте сөнген Сахитжан Бермағамбетов секілді саңлақ азаматтар қатарға қосылды. Шәкеңнің шеберлік мектебінен шыққан сол шәкірттері талай биіктерді бағындырды, Сырдың бойында телевизиялық құрылымға деген қызығушылығы басым шығармашыл жастарды қалыптастырды. Біз етене араласу барысында Шәкеңнің шығармашылығын да тереңдеп тани бастадық. Жансарайы жауһар жырға толы ақынның алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» кітабына, сонан соң «Қарлығаш» топтамасына еніп, шабыт пен қалам құдіретін қанықтыра түскен екен. Ал «Байқоңыр», «Алтын қазық» өлеңдер жинағы оқырманның үлкен сұранысына айналып, арқалы ақын жаңа белеске жарқырап шықты. Қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен достығы, олардың шығармашылық бай¬ланысы кезінде қазақ-қырғыз арасында да елеулі із қалдырды. Соның жарқын белгісі, Шаһизада қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ өзінің өлеңдер жинағы қырғыз тілінде жарық көрді.
Ғасырдың беташарын ашқан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шаһизада Әбдікәрімовтің Бішкекте басылған «Көк астындағы қағанат» өлеңдер жинағынан кейін Астанадан шыққан «Гладиатор» кітабы қолымызға тиді. Соның бәрі өлең деген құдіретке бас идіруге итермеледі. Бұл оның айшықты ақындық жолын айғақтайды. Санаңды сергіткен сардар өлең бүгінде руханияттың алтын қо¬рына еніп жатыр.
Ал енді Шәкеңнің мемлекет мүддесіне, қоғам өміріне қосқан еңбегі ересен. Соған сай абырой-атақтан да кенде емес. Омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін тақты. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Ол екі шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде аймақтың өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосты. Бюджет қаржысын ең жауапты салаларға бөлуге, облыстың қоғамдық-мәдени өміріне барынша қолдау көрсету үшін дауыс берді, ықпал етті.
Оқырманға ойлы кітаптары, көрермен аудиториясына телевизия саласындағы білікті менеджерлік қызметі арқылы жақсы танымал азаматтың тағы бір тамаша белесі бар. Ол – Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президентіне сайлануы. Қазақстандағы тәуелсіз 22 телеарнаның басшылары тәуелсіз телерадио хабарларын тарататын стансалардың жұмысын одан әрі жандандырып, жетілдіре түседі деп Шәкеңе зор сенім артты.
Айтпақшы, «Күнікей қыздың» прототипі Майра Рахымғалиева екенін кейін білдім. Атыраулық арудың өлеңге өзек болуының өзі бір мәртебе. Ал жырдың мәтіні әдемі әнге ұласуы бойжеткеннің ұмытылмас бейнесін ақын жүрегіне қадап қойды. Бұл жастық алаудың сөнбес сәулесі еді.
Мемлекеттік қызметтегі руханият саласының өкілі болған соң мен өнер адамдарымен кө¬бірек араласып тұрамын. Ал мамандығы филолог шенеуніктің қаламгерлерге үйір болатыны өзінен-өзі белгілі. Әсіресе, жиырма жылдан бері қанаттаса қызмет істеп келе жатқан Шаһизада Әбдікәрімовке деген құрметім бөлек. Екеумізді ортақтастыратын тақырып жетерлік. Оған қоса ол бір кезде қалалық әкімдікке қызметке бірге келген Тұрар досым екеумізді ағалық ақ көңілімен үнемі аялайды. Мен оның бүгінде елге та¬нымал болған «Қоғам ТВ» телерадиокомпаниясын қалай аяғынан тік тұрғызғанын өз көзіммен көргендердің бірімін. Әдепкіде арнайы экономикалық аймақтың бұқаралық ақпарат құралы ретінде ашылған қалалық телеарна кейін тығырыққа тірелді. Қызылорда арнайы экономикалық аймақ мәртбесін жоғалтқан кезде көптеген қаржылық қиындық¬тар бой көтерді. Телерадиокомпанияны ұстап тұру қалалық әкімдіктің өзіне оңай болмады. Шаһизада Әбдікәрімов сол кезде осы ақпарат құралын өз күшімен сақтап қалуға бел буды. Ол еңбегі толығымен ақталды.
Қазір «Қоғам ТВ» нарықтың заманына бейімделген, материалдық-техникалық базасы жетілген алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне ай¬налды. Телеарнаның шығармашылық ұжымы тұрақты. Осыдан жиырма жыл бұрын қыз¬метке қабылданған қыз-жігіттердің біразы әлі күнге дейін сонда жұмыс істейді. Бұл құрылтайшының қарамағындағыларға аса жайлы екенін көрсетеді. Оның тележурналистері тек Ақмешіттің айналасында қалып қоймайды. Алыс сапарларға жиі шығады. Құрал-сайманын арқалап, Қызылорда мен Құрама Штаттардың арасында жортып жүреді.
Олар Шәкеңнің шығармашылығынан, ал Шәкең болса, өзінің поэзиясынан нәр алады. Ақын құрылтайшы басқаратын телеарнаның сайыпқырандары сөздің күріші мен күрмегін ажырата біледі. Соларды өмір бойы баулып келе жатқан кейіпкеріміз өлең-жырға адал екенін былайша атап өтеді:
Талайымды өнерден көремін де,
Ойлаймын – жеңілем бе,жеңемін бе?!
Сен құлдықпен айқассаң аренада,
Мен сұмдықпен шайқасам өлеңімде.
Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар қаны суық.
Мен де – бір гладиатор поэзияның
Парасатын қорғайтын жан ұшырып...
Осыны санасына сіңірген «Қоғам ТВ» сарбаздарының әрқайсысы журналистиканың гладиаторы болуға ұмтылады.
Шәкеңнің өз поэзиясына аса жауапкершілікпен қарайтынын жақсы білемін. Мұның мысалдарын көптеп келтіруге болады. Бірде ол бір топ жас әріптестерімен әңгімелесіп тұрыпты. Жаңа заманның жас ақындары шетінен желдей еседі. Бірінен соң бірі екіленіп өлең оқиды. Бірі газетке өлеңі басылғанын, екіншісі кітаптары тоқтамай шығып жатқанын айтып, жетістіктерін тізбелейді. Үшіншісі өлеңді қиналмай жазатыны, шабыт деген оны үнемі айналсоқтап жүретіні туралы әңгімелейді. Сол кезде Шәкең: «Рахат қой сендерге. Өлеңді жазғыларың келсе, жаза саласыңдар, газетке беріп, кітап шығару да өздеріңе түкке тұрмайды. Ал мен қатты қиналамын, өлең жазу деген мен үшін ауыр азап, қиямет-қайым!» депті. Осы тұста екпіні тау жығардай жас шайырлар «Ойбай мына ағамыз не деп кетті?» деп құлағын тіге қалыпты. «Неге?» деп сұрамай ма сосын. Сонда Шаһизада ақын: «Сендер өлеңді қағазға жазасыңдар. Ал мен жырды тасқa қашап жазам!» депті.
Бұл аз жазса да саз жазатын, жүрегімен жырлайтын ақынның өмірлік ұстанымы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.
«Айқын» газеті, 7 қазан, 2016 жыл.