ЖАҢА ТАСПА ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қызылордалық күйші, Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Төлепберген Тоқжановтың жаңа күйтабағы жарыққа шықты.
Сыр өңірінің күйшілік дәстүрін жүйелеп жинап, талмай зерттеп жүрген санаулы музыка мамандарының бірі – Т.Тоқжанов. Оның халық арасында ұмыт болып бара жатқан жыр-күйлері мен көне жыраулық мақамдарды, бағзыдан жеткен күйлердің тарихын зерделеп, оннан астам ғылыми еңбектер мен арнайы оқу құралдарын жазғаны да жадымызда. Сыр өңірінің ән-күйлері мен қисса-дастандарының мақам-саздарын ынта-жігермен жинап қана қоймай, осы құнды қазынаны нота жазбасына түсірген бірегей өнер зерттеушісінің қазақтың көне музыкалық аспабы – домбыраны талмай насихаттап жүргенін де білетінбіз. Жанашыр жанның қазақтың төріндегі қара домбыраны күллі әлемге тыңдатсақ деген ізгі ниетінен туындаған талабына қалай қуанбассың?!
 Міне, кәсіпқой маман тап осы таспа арқылы қазақтың музыкалық мәдениеті мен өнеріне өзгеше леп әкеліп отыр. Өнертанушы ғалым мұнда Батыс және орыс композиторларының күрделі деген 9 дүниесін топтастырыпты. Таспаның қалың елді елең еткізер жаңалығына келейік. Мұндағы бірқатар шығармалар фортепианоның сүйемелдеуімен домбырада тұңғыш рет орындалады. Атап айтқанда И.Бах, А.Лоскутов, А.Цыганков және Г.Динику сынды композиторлардың озық туындылары алғаш рет ұлттық аспабымызға лайықталып, тыңдарман қауымға жол тартты. Осылайша, ол өте үлкен шеберлік пен жылдамдықты қажет ететін әлем классиктерінің шығармаларын домбырада орындап, ұлттық аспабымыздың зор мүмкіндікке ие екенін дәлелдеп отыр. 
– Классикалық шығармалар – барша адамзатқа ортақ қазына. Домбырада тек қазақ халқының ән-күйлері мен күй-жырларын ғана емес, әлем классиктерінің үздік шығармаларын да жоғары деңгейде орындауға болады. Бұдан домбыраның қадірі кетеді дегенге өз басым сенбеймін, - дейді Сыр перзенті Төлепберген Тоқжанов. 
Қазақтың қасиетті аспабын талмай насихаттап жүрген өнертанушы ғалымның жаңа күйтабағының жарық көруіне қамқорлық жасап, демеушілік танытқан қаламыздағы «Жабдықтау» ЖШС атқарушы директоры Алтынбек Сүйінтаев екенін атап өткен орынды.  
Бүгінде ол Италияның ұлы композиторы Николло Паганинидің  шығармаларын домбыраға лайықтау жұмыстарымен айналысуда. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

РУХАНИЯТ 21 желтоксан 2013 г. 1 072 0