25 жыл, 25 жыр

25 жыл, 25 жыр1.
25 жыл азаттық таңы атқалы,
Шұғылалы шуағын таратқалы.
25 жыл ел болып егеменді,
Жар болғаны халқыма Жаратқаны.

25 жыл бодандық көрмегелі,
Еркін өсіп, өркендеп өрлегелі.
Тәуелсіз ел атанып еркіндікте,
Қанат жайып, құлашын сермегелі.    
 
Тәуелсіздік күн көзі, ай нұрында,
Бақытыңда, бүгінгі байлығыңда.
Тәуелсіздік сан жылғы күрес, майдан,
Тарихың, таланың, тағдырың да.

2.
Қаншама ерлер далама қаны сіңген,
Қорған болып арымен, намысымен.
Бар ғұмырын өткізген арыстарым,
Ата жаумен айқасып, алысумен.

Судай болып шашылған шайқасыңда,
Қаны ерлердің әр төбе, әр тасыңда.
Ұлан дала иесі болып қалдық,
Бабалардың қаһарман арқасында.

Қанға бөкті кең далам қасиетті,
Қанша көрді халқымыз қасіретті.
Боз даламды бодандық етпеу үшін,
Боздағымның қаншама басы кетті.

3.
Алу үшін кең-байтақ даланы бай,
Аш көздердің ашылды араны ұдай.
Ата жаумен аңдысып, арпалысып,
Ат үстінен түспеді хан Абылай.

Қосын тігіп тау, тасқа, арқа, белге,
Ата жаумен айқасты Хан Кенем де.
Қанды қырғын, шайқастың ізі жатыр,
Сары дала, сансыз құм, сай, төбемде.

Ұлы далам киелі, қасиетті,
Қанша көрді қырғынды, қасіретті.
Аңдыған жау, алакөз шапқыншымен,
Алысумен ғасырдан ғасыр өтті.

4.
... Тоқсаныншы жылдары теңдік алып,
Өз-өзіне келгендей енді халық.
Көгімізде көк байрақ көтерілді,
Жерімізге көп күткен келді жарық.

Еркін, азат ел болдық Елбасы бар,
Беделімді бір биік белге асырар.
Халық үшін жаралған қайраткердің,
Қыдыр бабам қадамын қолдасын әр.

Қуаныштан нұр енді кеудемізге,
Еркіндіктен күй енді пернемізге.
Қолын созып көрсетті қолдауларын,
Сан құрлықтан сан түрлі ел де бізге.

5.
25 жыл. Қанша ай, күндері де,
Ірі ел болып үлгердік, іргелі де.
Ұйымға да әлемдік мүше болып,
Елбасымыз шығып жүр мінберіне.

25 жыл өсулер белесі ме,
Алатын да жайлар көп ел есіне.
Ұлттардың әлемдік ұйымының,
Мүше болдық қауіпсіздік кеңесіне.

25 жыл талабы, тағылымы ма,
Жауаптымыз біздер де барлығына.
Жер-Ананың ойлаймыз тыныштығын,
Алаңдаймыз әр елдің тағдырына.


6.
25 жыл ерекше салды ма із,
Жаңарамыз күн сайын, жаңғырамыз.
Шекарамыз бекіді, шегенделді,
Оны қорғар айбынды Армиямыз.

Ерлікке сай әр күнгі істеріміз,
Еркін даму жолына түсті еліміз.
Бейбіт күннің сенімді қорғандары,
Әуе, жерде қарулы күштеріміз.

Шаттық күйі ойнайды кеудемізде,
Сүйсінеді сан түрлі ел де бізге.
Еркіндікпен дүниеге бірге келді,
Өзіміздің қымбат төл теңгеміз де.
7.
25 жыл. Ұқсаймыз тауды асқанға,
Жақсылықтар секілді жалғасқанға.
Аңсай күтіп бұл күнді армандаған,
Атажұртқа оралды қандастар да.

Өмір кешіп, сан қиын өткелдерде,
Шаттық жасы төгілді жеткенде елге.
Бейбіт жерді қия алмай берекелі,
Қайта келді өзге елге кеткендер де.

Осылайша еліме ел қосылды,
Туған халқым оларға төр де ұсынды.
Абыройлы ақ, адал еңбегімен,
Ер азамат болды олар елге сыйлы.

8.
Арман емес алдыңда сағымданар,
Қорғайтын да, қолдайтын Заңың да бар.
Онда барлық игілік белгіленген,
Азаттықтың арайлы таңында алар.

Үлгілі іс көп келгенге үйренгісі,
Үлкендермен қашанда бірдей кіші.
Ассамблея халықтар достығының,
Өркендеген біздегі бір белгісі.
Татулығы жарасқан, ынтымағы,
Барлық ұлттар біздегі бір тұрады.
Бір Отаны, бір елі, бір тағдыры,
Бір Елтаңба, Әнұран, бір Туы әрі.

9.
Астана, Нұр Астана, гүл Астана,
Елімнің ақ ордасы, туы Астана.
25 жыл еркіндік алған елдің,
Жауһарындай жарқырап тұр Астана.

Ару қала Астана асыл арман,
Елбасымен қаланған тасы қолдан.
Асқақтаған ақ мәрмәр биік үйлер,
Жайқала өскен сұлу бақ, жасыл орман.

Алтын нұрын құйғандай себелеп күн,
Әр ісіңе Астана береді екпін.
Жауһар қала жақұттай бірі дерсің,
Жеті бірдей Жердегі кереметтің.

10.
Қауіпсіздік, ынтымақта талап бір,
Бар жүрекке ізгілікті тараттыр.
Осы жайлы болды Астана Саммиті,
Астанаға әлем бүгін қарап тұр.

Ырыс пен бақ бізге бүгін тұр құлап,
Бұлақ, өзен бұрды суын бұрқырап.
Біз басқарған ұлы ұйым ұраны –
Әлемдегі қауіпсіздік, ынтымақ.

Көбеюде бүгін табыс, жеңісім,
Кеңеюде көкжиегім, өрісім.
Астанада өткен Саммит ұраны –
Ұлтаралық татулық пен келісім.

11.
Жаймашуақ атады құба таңым,
Жақсы үмітпен жанымды жұбатамын.
Дірілдейді бір сәуле қыр үстінде,
Дүбірлейді думанды ұлы Отаным.

Ғажайып бар ерекше таң нұрында,
Жарқырайды мөлдір шық шалғынымда.
Таңмен тұрып тыныстар байтақ елім,
Байтақ елім – бақытым, байлығым да.

Оянады таңмен тау, арқа, белім,
Жасыл шырша, қарағай, тал, терегім.
Таңның таза лебімен тыныстайды,
Бар байлығым, бақытым байтақ елім.

12.
Ғарышкер Тоқтар, Талғат, Айдындарым,
Арда ұлдарым, қаһарман, айбындарым.
25 жыл еркіндік алған елдің,
Күллі әлемге көтеріп, жайдың бағын.

Осылайша еркін де ерікті елім,
Көкке өрлеп, өскенін көріп пе едің.
Көкжиегін кеңейтіп ғылымының,
Өзінің ұшырды Жер серіктерін.

Қырандарым халқымның шырқар бағы,
Ұландарым ерліктен бір танбады.
Мерейіміз биікке көтеріліп,
Ғарышта да қазақтың шырқалды әні.

13.
... «Есім хан ескі жолын» ел біледі,
«Қасым хан қасқа жолы» сендіреді.
Алысып ата жаумен ақ жол салған,
Ақ туы Абылайдың желбіреді.

Көтерген елді биік белесіне,
Нұраға нұрлы жолы ел есінде.
Сенімді ол бастаған бағытпенен,
Келеміз келешектің кемесінде.

Нұрлы жол болашақпен қатар аты,
Шашырар әр жүрекке шапағаты. 
Нұрлы жол халқын сүйген Елбасының,
Ерекше елге деген махаббаты.

14.
Елбасы күні бүкіл елдің күні,
Ұлы Отан, туып-өскен жердің күні.
Көтерген Тәуелсіздік туын көкке,
Ел сүйген, елін сүйген Ердің күні.

Жалпының секілденген жарық күні,
Елбасы күні бүкіл халық күні.
Қашанда көкке биік көтеретін,
Елбасы ел мерейі, халық туы.

Еститін жақының да жат дауысын,
Елбасы қамқоршың да мақтанышың.
Қашанда ризамыз әр жүрекке,
Сеулелі үміт отын жаққаны үшін.

15.
Биік ұстап қашанда өр кеудесін,
Елбасым да мерейлі ел сенгесін.
Бауларым да бұзбасын тыныштығын,
Тауларым да тербеліп, теңселмесін.

Таусылмасын қызығы қыр үстінің,
Арайлансын алтын ай, күміс күнім.
Бұзылмасын ұйқысы сәбилердің,
Бұлжымасын достығым, туыстығым.

Бақыттымын әр бейбіт таңым үшін,
Басымдағы бүгінгі бағым үшін.
Бағалаймын жақындар амандығын,
Қаламаймын атомдар жарылысын.

16.
Қала көрдім жарқырап қырда жанған,
Дана көрдім дидарын нұрға малған.
Астананы көрдім мен Елорданы,
Айбынданып, күн сайын тұлғаланған.

Көрдім ғажап Арқаның ақ таңын да,
Балқып нұрға бар аймақ жатқанын да.
Ару қала көрдім мен Астананы,
Туған елдің айналған мақтанына.

Астанадан көрдім ел тыныштығын,
Бар халықтың бауырмал, туыстығын.
Шұғылалы Астана, шуақ қала,
Бүкіл елге таратқан нұр ұшқынын.

17.
Бас иген талай алып, ірілер де,
Елімнің абыройы бүгін өрде.
2017-де бізде өтеді,
Әлемге аты мәлім ұлы көрме.

Жауапты бүгінгі іс, талап әрі,
Көзін тұр бізге әлем қадағалы.
Біздің ел бұл көрмеде көрсетпекші,
Табиғи қуат көзін баламалы.

Көрмеге қатысады бар аймағым,
Өзінде өндіретін салар бәрін.
Атақты көрме өтетін Астананың,
Көреміз қайта түлеп, жаңарғанын.

18.
Қайта қайнап, қайта өмір қанаттанды,
Жаңа ұрпақ жайнатып, жаңартқанды.
Қарыштаған еркін ел қадамына,
Дүйім дүние көз жазбай қарап қалды.

Жас қанатын күнде өсіп, жайған қала,
Жарқыраған Астана арман қала.
Азиада, Саммит те осында өтті,
Бар әлемнен айрықша алған баға.

Кезі бар ма арманның аласарған,
Табысыма қандай ел таласа алған.
Елбасымыз ерлігі Сарыарқада,
Жаңа Астана, ғажайып қала салған.

19.
Елбасымыз – Тәуелсіздік тірегі,
Елордамыз – еліміздің жүрегі.
Қазақстан, қазақ елі байырғы,
Халқымыздың мәңгілік ел, ұлы елі.

Сан ғасырлар шықпаған ой, қиялдан,
Мәңгілік ел ұлы мақсат, ұлы арман.
Мәңгілік ел ұлы мұрат, игілік,
Желбіреген болашақтың туы алдан.

Елбасының Жолдауынан жанды үміт,
Жадымызда тұр әр жолы жаңғырып.
«...Жарқын іспен күллі әлемді 
таң қылып,
Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!»

20.
Тауларымның аласартпай биігін,
Көлдерімнің бұзбай мөлдір тұнығын.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Асқақтатты Тәуелсіздік тұғырын.

Тербелдірмей теңізімнің тереңін,
Теңселдірмей әр бұта, тал, терегін.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Көкке биік көтерді ел мерейін.

Жанымыздан ашылғандай тың тыныс,
Жата алмайсың жайбарақат, бір тыныш.
Елбасының елге арнаған Жолдауы,
Бойға сенім, қуат пен күш, құлшыныс.

21.
Бойына бүлдіршіннің білім еккен,
Жаралған ұстаз жаны құдіреттен.
Ең алғаш Еңбек Ері атағын да,
Елбасы берді ұстазға құрметпен.

Қашанда ұстаз орны төрде еді,
Жүректе шаттық шалқып, тербеледі.
Елбасы жарлығымен ұстаз болды,
Елімнің ең алғашқы Еңбек Ері.

Жарқылдап жанған оты жанардағы,
Жаңғыртар ой, білімді санаңдағы.
Жаныңды ұстаз аты нұрға бөлеп,
Жадыңда ұмытылмай қалар мәңгі.

22.
Аяулы Отаныммен бір атауың,
Қадамың құтты болсын, Нұр Отаным.
Бас қосып құшағында партиялар,
Бірліктің бірге тіктің ұлы отауын.

Кең ойлап ертеңіңді анық көрген,
Елбасым бар ісіңе бағыт берген.
Нұр Отан, нұр-шұғылаң жарқырасын,
Халқымның жүрегіне жарық берген.

Бастау ап асқақ арман, талап таудан,
Елімнің мүддесімен жарақтанған.
Нұр Отан, қадамыңа қуат берсін,
Халқыңмен бірге самғап, қанаттанған.

23.
Тәуелсіздік арқамды сүйегенім,
Бейбітшілік, тыныштық тілегенім.
Жаңа ғасыр көгіне жайып қанат,
Жайнап өсіп, жаңарып түледі елім.

Айналайын асыл ел, алтын халық,
Айқын мақсат, алдыңда айқын бағыт.
Әлемдегі үздік ел етемін деп,
Елбасың жүр алдыңда жарқыл қағып.

Әр сөзінен мейірім, шуақ тарар,
Әр ісінен халқым күш, қуат табар.
Болашаққа Елбасым жол бастаған,
Шамшырағы елімнің сияқтанар.

24.
Тәуелсіздік бақытың тұрған күліп,
Ойың еркін, бүгінгі тұлғаң биік.
Тәуелсіздік көктегі шуақты күн,
Әр жүректі қуантқан нұрландырып.

Тәуелсіздік азат ел, ұлан далам,
Ұрыстарда ерлерім ұрандаған.
Тәуелсіздік тыныш таң, бейбіт өмір,
Төбемізден шуақты күн аумаған.

Тәуелсіздік сөнбейтін шырақ жағып,
Бойымызға кеткендей қуат дарып.
Әр жүрекке от берген, жылу берген,
Тәуелсіздік көкте күн сияқтанып.

25.
Асқақтатып арман мен үмітті алда,
Қуанышпен тұрамыз күліп таңда.
Тәуелсіздік туын нық, берік ұстап,
Ұлы тойды ұлы елім ұлықтауда.

25 жыл азаттық таңы атқалы,
Тәуелсіздік арманның абат бағы.
Заңғар көкте бұл күнде қыран елім,
Шын болаттай шыңдалған қанаттары.

Бейбіт елді нұрлантып тыныш жатқан,
Таң шапағын шашады шығыс жақтан.
Тәуелсіздік, еркіндік ел бақыты,
Еңсемізді көтеріп ту ұстатқан.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ.
РУХАНИЯТ 08 қазан 2016 г. 1 008 0