Сахнадағы егіз өнер

Сахнадағы егіз өнерТалантты тұлғаларды бір арнада тоғыстыратын киелі шаңырақ – театр. Туы көкке желбіреген Тәуелсіз еліміздің мәдениетінің дамуына театрлар елеулі үлес қосуда. Осындай театрлардың бірі – аймағымыздағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры. Киелі шаңырақ құрылғаннан бері тағылымды қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. 1955-1970 жылдарда аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын сахнаға арнаған жандардың ішінде Көпбаевтар әулетінің орны ерекше.  
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қыдырма Көпбаев 1916 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Қыдырма ағамыз үлкен әулеттен тірі қалған жалғыз бала болыпты. Есімін аман қалсын деген ниетпен, тымаққа салып ауылды аралатып, «сен қыдырдың, енді атың Қыдырма болады деп» ырымдап қойыпты. Жас кезінен қиыншылықты көп көрген ағамыздың өмірі өнеге, ерлігі үлгі боларлықтай. Алдымен шопыр оқуын бітіріп шығады, ол кезде шопыр болу үлкен дәреже еді. Енді жұмыс істеп, бой түзе бастаған сәтте Ұлы Отан соғысы басталады. Қыдырма ағамыз өз еркімен соғысқа аттанады. Алматыда солдаттарды іріктеген кезде, оның шопыр екенін біліп, 3 ай танк жүргізушісі оқуына жібереді. Соғыста танкистер отрядында болады.  Немістер Мәскеуге таяп қалған кез. Волоколам жерінде немістермен шайқаста 3 аптада 8 танкіге оқ тиіп, өртенеді. Солардың арасында Қыдырма ағамыздың да танкісі бар еді. Алайда, ағамыз өзінің жараланғанына қарамастан достарын оттан аман алып шығады. Осы ерлігі үшін ІІ дәрежелі орденмен марапатталады. Шайқаста жүріп бірнеше рет жараланады. Госпитальға да түсіп, емделеді. Үлкен ұрыста ағамызға «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі беріледі. Өзінің жарақаттанғанына қарамастан, соғысқа жарамсыз десе де, Отан үшін аянбай күрескен ағамыз бүкіл Ресей, Украина, Польша жерлерінде болады. Ұлы Отан соғысының кезінде коммунистік партияның мүшесі болып,  Германияның Берлин қаласында соғысты жеңіспен аяқтайды. 
Соғыс аяқталып, жеңіспен оралған азамат Үштөбеге келіп, театрға шопыр болып орналасады. Содан Алматының театр училищесіне оқуға түсіп, актер мамандығын тәмамдайды. Бітірген соң театрға  актер боп жұмысқа орналасқан Көпбаев өзінің адалдығымен, әділдігімен көзге түсіп, 20 жылдан аса парторг қызметін атқарады. Әрбір ісіне тиянақты, ыждағаттылықпен, жауапты атқаратын ағамыз бұл міндетін театрдан зейнеттік демалысқа шыққанша жасайды. Өмірде сүйікті жары, өнерде сөзсіз түсінетін әріптесі болған Кәшифа апамызды театрда кездестіреді. Қос жақтың ойы бір жерде түйісіп, өзара түсінісіп отбасын құрады. Одан кейін театрға облыстық деген атақ беріліп, Талдықорғанға көшіріледі. Бұл соғыс аяқталған жылдар болатын. Ал 1960 жылы Хрущевтің бұйрығымен облыстарды қосты. Ол кезде Қызылорданың басшылары «Бізге Талдықорған театрын беруді өтінеміз» деп Д.А.Қонаевқа хат жазады. Нәтижесінде, театр Қызылордаға көшіріледі. Театрдың басқа да әртістерінің отбасыларымен қатар Қыдырма ағамыз да жары Кәшифаны, 5 қызын ертіп Сыр өңіріне қоныс аударады. Кенже баласы Серікбол  Қызылорда қаласында дүниеге келіпті. Қызылорда театрының құрылуындағы алғашқы актерлер осы келген топ болатын.
Қыдырма ағамыз «кішкентай актер жоқ» деген қағиданы берік ұстаған. «Келін» спектаклінде қала қызы Айшаханның әкесі Сабыр Ахметович, Қ.Мұқашевтің «Шындық іздесең» драмасындағы жылпос Қоймашы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Жантық рөлі,  Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысында»  Балта, С.Адамбековтың «Аюбайдың ажалы» траги-комедиясында Кәлменіч, М.Әуезовтің «Түнгі сарынында» – Қыдыш, Д.Досжанның «Кісі ақысында» – Ұста рөлі, В.Шукшиннің «Өлермендерінде» – Қасқабас бейнелері актердің сонау театр құрылғалы ойнаған рөлдерінің бір парасы ғана. Кез кел¬ген образды керемет  сомдап, өзі¬нің әртістік қабілетінің биіктігін дәлел¬деген. Қызғаншақ Кәлменіч образы Қыдырма Көпбаевтың сомдауында табиғи қалпымен, сол тұлғаның табиғатына сай шынайы жасалған шебердің бұйымындай боп дүниеге келді. Осындай көркем мінезімен ерекшеленген Қыдырма ағамыз ұжым¬да да өте сыйлы еді. Өмірін өнермен өрнектеген Қыдырма Көпбаев 1982 жылдың желтоқсанында дүниеден озды. 
Ал зайыбы Кәшифа Көпбаева жас кезінен бойындағы талантымен ерекшеленген. Сыңғырлата ән айтқанда жұрттың бойын балқытып, ерекше күйге бөлейтін әсем дауысы Көпбаеваның елге тез танылуына мүмкіндік тудырды.  Қазақ радиосынан «Екі жиренді» қоңырлата салатын мөлдір үннің иесі кім екенін білуге әркім-ақ құмартатын.  Сахна майталманы Серке Қожамқұлов бір күні жас қыздан екінші бір өнер қырын танығандай, ойлана қарап, "Академиялық театрға үйренуші актер боп ауыссаң қайтеді, шырағым” дейді. Арман қуған елеусіз жанға үлкен өнер иесінің бұл сөзі қуаныш нұрын құйды. Кәшифа келісім берді. Театрда Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасындағы Сәруар рөлінде ойнауы Кәшифаның сахналық алғашқы қадамы еді. Мұнда екі жыл қызмет істеп, сахнаның көп сырына қанықты. Дегенмен, оқысам деген арман қыз көңілінен бір сәт те үзілген емес. Ақыры, 1938 жылы Мәскеудегі И.П.Чайковский атындағы мемлекеттік өнер институтының әншілер даярлайтын факультетіне түсті, бірақ оны толық бітіріп шыға алмады. 3-ші курсқа келгенде Ұлы Отан соғысы басталады. Немістер Москваға тым жақындаған кезде барлық оқушыларды өз елдеріне қайтарады. Алма¬тыға келіп, консерваторияны жалғастырып бітірді. Сол кездің өзінде-ақ француздың ұлы жазушысы Онере де Бальзактың романы бойынша жазылған «Евгений Гранде» пьесасындағы Гранде ханымның рөлінде ойнап көзге түсті. Диплом жұмысына А.Осторвскийдің «Найзағай» трагедиясындағы Катерина рөлін алып, «өте жақсыға» қорғап шықты. Аз уақыт Алматыда театрда Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова, Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітовалармен бірге жұмыс істеді. Мәскеуде оқыған дипломы болғандықтан Кәшифа апамыз Үштөбе театрына директор және әртіс болып тағайындалады. Бір кездері  ол Алматы облысының Ақсу ауданында режиссер болып істеп, көптеген пьесаларды сахнаға шығарған. 1960 жылдардан бастап Қызылорда қаласындағы қазақ драма театрында қызмет атқара бастайды. Осы уақыт ішінде В.Абызовтың «Ғашықтардың айналасындағы» Бас кездің, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрі астындасында» Жаңылдың, «Құдағи келіпті» – Құдағидың, Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Анна Андреевнаның, С.Мұқановтың «Мөлдір махабатындағы» Нарботаның, тағы басқа сүбелі рөлдерде ойнап, кесек тұлғалар жасады. Сондай-ақ, жергілікті драматургтар А.Тоқмағамбетов пен О.Бодықов жазған «Арман азабы» пьесасындағы өзімшіл, менмен Дүрбикенің мінезін шебер бейнеледі. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» пьесасындағы Ана рөлі де Кәшифаға тапсырылған. 
Кәшифа апамыз да зейнетке шыққан соң біраз уақыт театрда еңбек еткен. Өзінен кейінгі жас әртіс қыздарға үлгі, өнеге беріп, тәрбиелеп отыратын. Дастарханы мол, ақкөңіл апамыз: «Гүлдей жайнаған 5 қызым, азаматтай арысым – ұлым бар. Құдайға мың тәубе, 16 немерем, 31 шөберем бар. Жеріңнен, суыңнан айналайын Сыр елім...» деп айтып отыратын. Кәшифа Көпбаева балалары мен немере-шөберелерінің жанында бақытты  ғұмыр кешіп, 86 жасқа толғанда дүниеден озды. 
Екеуі бір салада жүрді, бір өнердің пұшпағын иледі, бір шаңырақта – қара шаңырақта қызмет етті. Бір-бірін сөзсіз түсінуінің, сыйластығының, махаббаттарының арқасында өнер саласында да, өз орталарында да қаймағы бұзылмаған, берік, үлгілі отбасы бола білді. Әртістердің тұрақты отбасы болуы екіталай деген пікірге тұтастай төтеп бере алатындай еді. Сыр өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Соңдарынан өздері сомдаған асқақ образдар қалдырды. Көпбаевтар! Қыдырма мен Кәшифа Көпбаеваның Өнерлі шаңырақта сол жіптің ұшын ұстағандары да табылды. Қос бірдей нар тұлғадан тараған ұрпақ та өнерден құралақан емес-ті. Көпбаевтардың қызы Ақмарал Көпбаева кішкене кезінен театрда өсті. Балалық шағында көптеген спектакльдерде ойнап, бірнеше марапаттарға да ие болды. 1967 жылы Алматыда өткен театрлар фестивалінде  «Оптимистік трагедия» спектакліндегі рөлі үшін «Ең жас әртіс» марапатымен мәдениет  министрінің қолынан жүлде алды. Бұл өнері ата-анасынан дарыған қасиет болса керек. Міне, театр өнерінде өшпес іздерін қалдыра білген Көпбаевтарға биыл 100 жыл толып отыр. Бір ғасыр. Өнегелі өмір. Елеулі оқиғаның еленбей қалмасы ақиқат. Ата-анасының жүз жылдығына соңынан ерген балалары үлкен ас бергелі жатыр. 
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының мұражайынан 7 қазан күні екі кісіге арнайы бұрыш ашылады. Онда Көпбаевтар туралы естеліктер мен суреттері және қойылым кезінде киген киімдері орналастырылады. "Жақсының аты өлмейді” деген аталы сөз бар. Бүгінгі Көпбаевтар әулетіне жасалып жатқан құрмет осының бір дәлелі. 
Айжан ІЗІМОВА,
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма 
театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
РУХАНИЯТ 06 қазан 2016 г. 958 0