
Мәдениет – адамзат баласының рухани азығы, сарқылмас байлығы, дүниенің құнды қазынасы. Ұлтымыздың рухын көтеруде тарихи оқиғалар желісінің маңызы зор екендігін ескерсек, ол да мәдениетімізден бастау алатыны анық. Сондықтан да мәдениет тарихымыздың әр кезеңімен үндес болып келеді. Жылдармен бірге қоғам да даму үстінде. Ал қоғамның қозғаушы күші мәдениет екені белгілі. Облысымызда өзге салалармен бірге мәдениет саласы да жылдан жылға дамып келеді. Оның айғағы – клуб кәсіпорындары санының жыл сайын өсуі. 2001 жылдары клуб кәсіпорындарының саны 155 болса, қазіргі таңда 173-ке жетіп отыр.
Облыстағы осы мәдениет ошақтарында күні бүгінге дейін 43 «Халықтық» ұжым жұмыс жасаса, үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен 20 көр¬кемөнерпаздар ұжымына жаңадан «Халықтық» атақ беріліп, қазіргі таңда осындай атағы бар 63 ұжым халыққа мәдени қызмет көрсетуде.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту қазіргі өмір талабы болса, облыс әкімі тарапынан мәдениет саласына да қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Арал ауданында Қамыстыбас, Сексеуіл, Қазалы ауданында Абай, Сырдария ауданында Сейфуллин, Іңкәрдария, Айдар¬лы, Шиелі ауданында Ш.Қодаманов, Сұлутөбе ауылдық клубтары жаңадан бой көтерсе, Қазалы ауданында Қожабақы, Бекарыстан би, Өркендеу, Қ.Пірімов, Қармақшы ауданында аудандық мәдениет үйі, Ақтөбе, Жалағаш ауданында Ақарық, Сырдария ауданында Аманкелді, Шаған, Бесарық, Шиелі ауданында Ы.Жақаев, Жаңақорған ауданында М.Нәлібаев, Қандөз, Қаратөбе ауылдық клубтары күр¬делі жөндеуден өтті. Осы жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын тауып, Қазалы ауданында қалалық мәдениет үйі, Ақтан батыр, Шиелі ауданында аудандық мәдениет үйі, Бала би, Алғабас, Ақмая, Жаңақорған ауданында Кейден, Қожакент ауылдық клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, клуб кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қайта жаңартылды. Көптеген мәдениет ошақтары жаңадан дыбыс күшейткіш аппаратуралар, заманауи техникалық құралдар және кеңсе жиһаздарымен жабдықталды.
Сонымен қатар, 2014 жылы 7 ауданға жаңа техникалық құралдармен толық жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігі берілді.
Қай саланың болмасын қозғаушы күші кадрлар болғандықтан оларға қояр талап та, міндет те жоғары. Сол себепті, мәдениет пен өнерді өркендету үшін ең бірінші кадрлардың біліктілігін, кәсіби деңгейін үнемі арттыру үшін орталық тарапынан кешенді шаралар жүргізілуде. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыстық бюджет есебінен клуб кәсіпорындарына барлығы 410,5 штаттық бірлікте әдіскер, сүйемелдеуші штаттары беріліп, клуб қызметкерлері жас мамандармен толықты.
Ауыл мәдениеті мен өнерін көтеруде клуб жұмысы уақыт талабына сай түрленіп, мәдени қызметтің жаңа тәсілдері мен әдістерін, түрлерін өмірге әкелді. Олар тұрғындардың әртүрлі талап-тілектерін қанағаттандыруға, талантты өнерпаздардың қабілеттерін дамытып, шығармашылығы үшін қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, әлеуметтік өмір салтын байытуға, жоғары рухани байлығын қалыптастыруда жұмыстар жүргізіп келеді.
Ауылға тән ауыл мәдениетін, ұмыт болған дәстүрлерді қайта оралту – міндетіміз. Мәдениет деген тек концерт деп қабылдамай, бұрыннан келе жатқан мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа табыс ету, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-санамыздың игі тұстарын жас ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек.
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Әбдірахмановтың басшылығымен үстіміздегі жылы облыс бойынша 5077 мәдени шара ұйымдастырылып, 1 015 296 көрермен тартылса, оның 3989-ы ауылдық жерде өткізіліп, 520659 көрермен тартылған.
Атап айтар болсақ, Кеңес Дүйсекеевтің 70 жылдық мерейтойына арналған V республикалық «Туған жер» атты әншілер конкурсы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ерікті елшісі Батырхан Шөкенов атындағы «Отан - Ана» атты республикалық әншілер конкурсы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың 60 жылдық мерейтойы аясында «Шыңғыснама» тарихи дастаны, «Жыр керуені» кітабының, «Шыңғыснама» музыкалық эпосының тұсаукесері мен «Ұлы дала әуендері» атты халықаралық мәдени шара өткізілді.
Облыстық деңгейдегі ірі шаралар, конкурстық байқауларды аудандық мәдениет үй¬лерімен бірлесе өткізу дәстүрге айналған. Атап айтар болсақ, Шиелі ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театртанушы, педагог, профессор Бағыбек Құндақбайұлының 90 жылдығына арналған «Театр көктемі» атты халық театрларының облыстық байқауы, жыршы-термеші, Нартай әндерін насихаттаушы Әбіләш Әбуовтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Алты Алаштан ән оздырған – Әбіләш» атты облыстық жас жыршы-термешілердің байқауы, М.Нүрекеевтің 70 жылдығына арналған «Мінекей, Мейірманның інілері» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының байқаулары, Қар¬мақшы ауданында ұлттық өнерді дәріптеуде артына өшпес із қалдырған Орақ Дәнекеровтің өнерін халық жадында насихаттау, өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Жыр Орданың Орақ жырауы» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі, Арал ауданында Елбасының Жолдауын насихаттау мақсатында «Мәңгілік елге нұрлы жол» атты мә¬дени-үгіт бригадаларының облыстық байқауы, Сырдария ауданында Елбасының Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» атты жоспарын халық арасында насихаттау мақсатында «Ұлт жоспары – ел тұтастығының кепілі» атты жылжымалы мәдени-демалыс кешен қызметкерлерінің облыстық байқауы өткізілді.
Осындай игі шаралардың ұйытқысы болып отырған облысымыздағы халық шығармашылығын дамыту және мә¬дени-продюсерлік орталығы – өнер жанашырларының бастарын қосып, жас та¬ланттарды тауып, оларға қолдау көрсетіп, киелі сахна әлеміне жолдама беретін орын. Өнердің қаймағын бұзбай, қайнар көзін сақтаған бұл орталықтың құрылғанына 59 жыл. Осынау жылдар ішінде қандай биіктерді бағындырып, қаншалықты баға¬ға ие болып жүр десек, әрине, бұл ұжымның ауқымды шаралары мен игі істеріне байланысты.
Орталықтың негізгі жұмыстарының бірі – клуб кәсіпорындары мен шығармашылық адамдарға түрлі формада әдістемелік көмек көрсету болса, осы бағытта орталық мамандарының еңбегі орасан зор екені белгілі. Олар үнемі аудандық клуб кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынаста болып, семинар-кеңестер өткізіп, аудандық, облыстық, реcпубликалық, халықаралық конкурстар мен фестивальдарды ұйымдастырып, өту дәрежесін дәріптеп танытуды, наси¬хаттауды мақсат етеді.
Осындай жетістіктерімізді ауылдық мәдениет нысандарына тарату мақсатында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 5 қазаны күні Қазалы ауданында «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» атты облыс клуб кәсіпорны қызметкерлерінің облыстық семинары өткізілгелі отыр. Бұл семинар алдағы міндеттерді айқындайтын жиын, яғни клуб қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу алаңы болады деген сенімдемін. Осындай жетістіктер жалғасын тауып, әріптестердің тәжірибе алаңы ұлғайып, өнер көшінің желісі үзілмесін демекпін.
Сәбит АМАНКЕЛДИЕВ,
облыстық халық шығармашылығын дамыту
және мәдени-продюсерлік орталығының
директоры.