Аңсаған МҰСТАФА,
суретші, иллюстратор:
Аңсаған Мұстафа – суретші, иллюстратор. республикалық отбасылық «Ақ босаға» газетінің көркемдеуші редакторы. Алматы қаласындағы сурет колледжінің, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы графикалық дизайн бөлімінің түлегі.
- Қоғамдағы әлеуметтік проблемаларға арналған графикалық суреттеріңіз әлемді шарлап кетті, тіпті, кейбірі қызу талқыға түсуде. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін сурет арқылы жеткізу қаншалықты тиімді?
- Сурет арқылы адамның көп уақытын алмай, айтатын ойыңды тезірек жеткізуге болады. Бұл – үнсіз-ақ айтарыңды айта аласың деген сөз. Шығармашылығымдағы негізгі мақсат – жастарға ұлттық тәрбиені насихаттау болғандықтан әлеуметтік проблемаларға арналған суреттерімді қазақи оюлармен безендіріп, онда қазақша жазуға тырысамын. Алайда ғаламтордың ғаламат күшімен шекара асып кеткен туындыларым бар. Осыған қарап біздің елдегі жастардың мәселесі өзге мемлекеттерде де бар екен деген ойға келемін.
- Әлеуметтік желілерге жариялаған шығармаларыңыздың ішінде халықтың ықыласына көбірек бөленгені қайсысы болды?
- Ең көп таралғаны – «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретім. Он шақты тілге аударылып, әлеуметтік желілерде, сайттарда талқыланып жатқанын көрдім. Қатты қуандым, бір өкініштісі, аты-жөнім қиып тасталынған. Суреттерімнің авторлық құқығын қорғау керектігімді білемін. Дегенмен, менде бір-екі емес, екі жүздей сурет бар. Олардың бәрінің құқығын қорғау үшін қаражат керек, барлығын бақылауға алу қиын. Сондықтан жастар менің шығармашылығым арқылы ой түйіп, жамандыққа жуымай, жақсылыққа ұмтылса, соның өзін жетістік деп білемін.
- Балаларға арналған жаңа әліппе жасап шығарыпсыз. Сенсорлы гаджеттерге жүктелген қосымша әліппені үйренуге қаншалықты баулиды деп ойлайсыз?
- Интернетте «осындай идеям бар, ол үшін бір әнші, бір компьютер маманы керек» деген болатынмын. Төрт адам суырылып шықты, «қатырамыз, балалар үшін жасаймыз!» деп. Оларға 42 әріпке салған суреттерімді жібердім. Қазақ балаларына қазақша тіл ашуды, қазақша ойлатуды үйрететін осы дүние қолданысқа енсе, керемет болар еді бұрыннан армандайтынмын. Себебі қазіргі заманда балалар кешке дейін телефонға телміріп отырады. Қарап отырмай, қазақша бір әріп үйренгенінің өзі өздеріне жақсы ғой деген ой ғана менікі.
- Шет елдерде қоғамға қажетті жобалар жақсы қаржыландырылады. Ал біздің елде қаншалықты қолдау бар?
- Ешқандай қолдау көрмедім. Айтатын ойымды ғаламтор арқылы-ақ жеткізуге тырысамын. Ең бастысы, БАҚ өнерімді, бастамамды қолдаудан кенде емес, бірақ үкімет үнсіз. Маған жастарға ойымды жеткізсем, сол да жетеді. Отанды сатпасын, жаман жолға түспесін, әке-шешелерін қарттар үйіне тастамасын деген сияқты мәселелердің азайғаны дұрыс.
- Суреттерді түрлі-түсті бояумен салуға қалай қарайсыз? Әлде осылай ерекшеленгіңіз келді ме?
- Түрлі-түсті бояумен салынған суреттер, әрине, әдемі шығар еді. Бірақ әдемі түстер айтайын деп отырған ойдан көзді алдап бұрып әкете ме деген себептен ақ-қара болғаны дұрыс деп шешкенмін кезінде.
- Суретті салып қана қоймайды екенсіз, тақырыптары да неше түрлі. Өзіңіз тауып қоясыз ба? Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты идея қалай келді?
- Әрине, өзім қоямын. Ал Қазақ хандығына арналған 55 суреттің идеясы фейсбук желісінде пайда болды. Бір сурет салып, осы сурет 550 лайк жинаса, жазға дейін 55 түрлі жейденің дизайнын жасап берем деген болатынмын. Лезде 1 000 лайктан асып кетті. Жазға дейін 55 түрлі дизайн дайындап, «Шашу» атты көрме ұйымдастырып, осылайша суреттерді шашып жібердік. Жастар әлі де «abai.kz» сайтынан алып, жейделеріне бастырып, киіп жүр.
- Қазақта иллюстраторлар санаулы ғана. Ол үшін адамға қандай қасиет керек?
- Еңбекқорлық керек шығар, сосын үнемі елде қандай жаңалық болып жатыр, соны бақылап отырған маңызды. Жазда қыстың суретін салып, қыста жаздың суретін салсаң, ешкімді елеңдетпесің анық.
- Сіздің дүниелеріңіз арқылы ақылға келіп, «Мен қателігімді енді түсіндім, рақмет!» дегендер болды ма?
- «Мамам мені өлтіретін шығар» деген сурет жасанды түсік жасаймын деп шешкен, бірақ оған қолы бармай, жылап жүрген екі қызды тоқтатқан екен, біреуі бөпесінің фотосын жіберді. Қатты толқыдым. Яғни мен осы жағдайда мақсатыма жеткенім.
- Туындыларыңызға сұраныс қандай? Сатып алғысы келгендер бар ма? Оларға не айтасыз?
- Енді сатуға арнап мағынасыз әдемі сурет салмасам, әлеуметтік тақырыптағы суретті ешкім сатып алмайды. Күн көру үшін көбелек, жылқы, тау, тағы сондай бірдеңелер салу керек шығар.
- Әңгімеңізге рақмет. Әлі де көкейге ой салатын туындыларыңызға куә болуды бұйыртсын!
Сұқбаттасқан:
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.