« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Дін жалпы қоғам және жеке адам өмірінің бөлінбес бөлшегі. Ал, қазақ халқы үшін Ислам дінінің орны ерекше. Ислам қазақтың өмір сүру салтына, ұлттық дәстүріне және тіліне ерекше әсер еткен. Қазақтың тілі, ділі мен діні біте қайнасқан. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Түбіміз – түркі, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» деген сөзі бұның айқын айғағы.
Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі болып саналады. Елдегі ортақ ұйғарым, ауызбіршілік, адамгершілік, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы. Татулықты ту еткен асыл дініміз Ислам XV ғасырға жуық уақыттан бері күллі адамзатты түрі мен түсіне, ділі мен тіліне, ұлты мен ұлысына қарамастан, ынтымақ, бірлікке шақырып келе жатқан соңғы дін. Бұған иісі мұсылман баласы үшін қасиетті Құран Кәрім айқын дәлел.
Исламның туын желбіреткен сахабалар бірлік пен ынтымаққа қаншалықты мән берді?! Олар халыққа дініміздің хақтығы мен пәктігін паш етіп, Алла мен Расулалланың жолына шақырғанда, сол жолда күрескенде, алауыздыққа жол бермей, бір-бірімен араздасудан қалай сақтады десеңізші!
Саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғұд (р.а.) хұтпасында былай деген: «Ей адамдар! Басшыға бағыныңдар, жамағаттан бөлінбеңдер. Өйткені, жамағат – Алланың бұйырған мығым арқаны. Жамағаттың арасында жүріп, ұнатпаған қандай да бір нәрсе, сендердің бөлініп, алауыз кездеріңдегі көңілдеріңе майдай жаққан нәрселеріңнен әлдеқайда қайырлы». Бұл жерден байқайтынымыз – көпшілікпен бірге болудың адам баласы үшін ең дұрыс шешім болатындығы. Қазақ халқында бірліктің мәнін «Бөлінгенді бөрі жейді» деген орамды оймен қысқа қайырады.
Алла тағала «Һүд» сүресінің 118-ші аятында: «Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. Бірақ Раббыңның рақымына бөлеген басқа» дейді.
Аяттан аңғаратынымыз, Алла тағала рақым-мейіріміне бөлегендерден басқасы үнемі қарама-қайшылықта болады. Демек, алауыздықта өмір сүріп жатқан қоғам Құдайдың мейірімінен алыстап қалған қауым саналады. Ал, Жаратқанның жарылқауына лайықты болған жандар ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешері сөзсіз. Құдай тағаланың рақымынан құр қалған пенделер саналары сан-саққа жүгіріп, қырық пышақ болып бөлшектенерін осы аят айқындап тұр.
«Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үш адам жайлы сұрама, олар: «Жамағаттан бөлінген кісі, басшыға қарсы шыққан адам, күнә жасаған күйінде көз жұмған пенде» деп ескертті. Имам Бухари мен Муслимде келген сахих хадисте Пайғамбарымыз әйгілі сахабалардың бірі Хузайфа ибн әл-Яманға келешекте орын алатын алауыздықтар мен басшылыққа қарсы шығу бүліктері жөнінде хабарларғанда, Хузайфа: «Уа, Алла елшісі! Сол заманға кезіксем, маған нені бұйыратын едіңіз?» – деп сұрады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман жамағатымен және олардың басшысымен бірге болуың керек» деп кеңес берді.
Жер шары – күллі адамзатқа ортақ шаңырақ, құт мекен. Оны сақтау бәріміздің алдымызда тұрған адамзаттық борышымыз. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғибратты өмір жолына қарасақ, кәпір болсын, мүшрік болсын, кітап иелерімен татулық пен жарастықта өмір сүргенін көреміз. Келісімдер, достық қарым-қатынастарда болу, сауда серіктестіктерін құру – Исламдағы дінаралық татулықтың аса маңыздылығын байқатады. Мұндай мысалдар Пайғамбарымыздың барша адамзат үшін көрсеткен үлгісі болғандықтан, бұл барлық мұсылмандар үшін де маңызды болмақ.
Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде қайтыс болған яһудиді жерлеуге апара жатқандарды көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сахабалары оның яһуди екендігін айтқанда, «кім болса да адам емес пе», деп адамдық ардың биік үлгісін көрсетеді.
Қасиетті Құранның төмендегі аяты мұсылман жұртшылығын қоғамдағы ынтымақ-бірлікке шақырады. «Хужурат» сүресінде: «Уа, Адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың» делінеді. Бұл аятқа терең үңілсек, барша адамзат бір ата мен бір анадан өрбіп өскендіктен, баршамыздың арғы тегіміз бір. Бірлік – біздің басты ұстанымымыз. «Алтауы ала» елдің алдағы уақыттан алары аз. «Төртеуі түгел» елдің болашағы зор. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген нақыл сөз бар. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау – біздерге, дін өкілдеріне де жүктелген үлкен жауапкершілік. Біздер, мешіт имамдары, жұма уағыздарымызда бірлігі жарасқан елге Алланың назары түсетінін айтып, халықты қанаттандырып отырамыз. Өйткені, діннің мақсаты – ізгілік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Еліміздегі барлық мешіттер мен медреселер бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенеміз.
Сержан АНДАРБАЕВ.
Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының
дін мәселелерін зерттеу орталығының бас маманы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |