
Сахнаға Алмас Алматов бастаған Сыр бойынан келген жыршы-термешілер шыққанда, көрермен ерекше ықылас білдіріп жататынына талай рет куә болдық. Қазақ даласындағы жыраулық дәстүрдің бірден-бір қайнарынан сусындаған шәкірттер Алмас ұстазына жыр бастатқызып, өздері Нұртуған, Тұрмағамбет, Нартайдың мақамдарын төгілткенде көрермен залындағы рухы асқақтаған ағайын "әп, бәрекелді”, "әу де” деп, дем беруден жалыққан емес. Осындайда тарихи баянын сонау түркі дүниесінен алатын саф өнер оны тірнектеп жинаушылар мен тыңдаушылар барда ешқайда жоғалып кетпейтініне көзің жете түседі.
Алмас ағаның әкесі Нұрмақан қарияның қонақжай шаңырағы ел сыйлаған ақсақалдар мен есті әңгіменің кеніндей құймақұлақтар түсетін үй еді. Ол ескіше оқыған ғұламалар, молдалар мен мақсұмдардың сөзін тыңдап, қолына су құйған, кебісін қойып, батасын алған. Нәби, Сыдық жыраулардан кейін Машарап, Орақ, Шамшат, Әбдірәлі сияқты көшелі кісілердің көмейінен төгілген күміс жырға қанықты. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» жаттаудан басталған құштарлық келе-келе Шораяқтың Омарының, Балқы Базардың жырларын түгелдей жадқа тоқуға ынталандырды.
Жеті атасынан жыраулық үзілмеген Кете Жүсіптің баласы Мұзарап жырауды көрді. Арабша, парсышаға сауатты жырау Машарап Әлиев өзі сияқты талапты балаларға киелі өнердің қыр-сырын үйретті. Сонау Жиенбай жыраудан бастау алған жыр бұлағының адуынды арнасы Көшенейді үлгі тұтты.
Жыр керуеннің көшбасшысы Алмас Алматовты қалың қазаққа, сырбойылықтарға таныстырып жату артық. Оның сахнаға шығып, терме-жырларды төгілтуі жыршылық дәстүрді жоғалтпау үшін жасап жүрген жанкешті еңбегінің бір парасы ғана. Ол жырауларды арнайы оқытып, кәсіби білім берудің, дәстүрлі мектептерді негізге ала отырып, тәрбиелеудің бастауында тұр.
"Жүз жыраудың Отаны” атанған Қармақшы топырағында туып-өскендіктен, мұғалімнің де, тракторшының да, егінші мен малшының да қолына домбыра алып, тамағын кенеп жыр бастағанын көзіміз көріп өсті. Бала көңілімізге бұл қалыпты құбылыс сияқты болып көрінетін. Сөйтсек олардың көкірегінде жыр бұлағы буырқанып жатқанымен, таланттарын ғылыми тұрғыда ұштай алмаған екен. Негізгі кәсіптері жыршылық өнермен әуесқойлық деңгейде ғана айналысуға мүмкіндік беріпті.
Алмас Алматов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 1998 жылдан бастап мемлекеттік стандартқа сай «Дәстүрлі музыкалық өнер» атты мамандықтың енгізілуіне, арнайы кафедраның ашылуына ұйтқы болып, жеті атасынан жыраулық үзілмеген сырбойылық талантты жастардың талабын ұштады. Алғашқы жырды атасы мен әкесінен естіген небір қыз-жігіттер жүрек қалауымен таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алып, бүгінде дәстүрлі өнердің шаңырағына уық болып тігілді. Олар Сыр сүлейлерінен қалған мол мұраны тірнектеп жинаған ғалымдардың ізін жалғады. Асыл қазынаның сабақты жібіне дейін шашау шығармай жинауға атсалысты. Диплом жұмыстарына жыраулық өнердің зерттелмей жатқан тұстарын арқау етіп, кем-кетігін толтырды.
Он бес жыл ішінде дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасы шәкірттерді дәстүрлі күй, дәстүрлі ән, дәстүрлі жырдың тұнығына бойлатты. Қазақтың ауыз әдебиетін фольклоршылар бойлай зерттегенмен, даңғайыр жыршылар жырлаған дастандар мен қиссалар, жырларды түгендеуде есеміз кеткен тұстар баршылық. Ізіне өзіндік мектеп тастап кеткен атақты жыраулардың мақамдары бүгінгі жас жыршылардың аузында жүргенімен, өз дауыстарының сақталмағаны жыраулық өнердің бір бүйірін қоңылтақсытып тұрады. Бірақ қолда барды ұқсатуда, жыраулардың кейінгі буынынан, балаларынан жазылып алынған жырларды мәңгілік мұраға айналдыруда Алмас Алматов сіңірген еңбек өлшеусіз.
Алмас жыраудың шәкірттерімен шетелдерге барып қазақ жырының құдіретін танытып жүруінің өзі бір бөлек әңгіме. Сырттағы көрермен айтылып жатқан жырдың не туралы екенін түсінбесе де, ішкі қуатын, мақамның әралуандылығын аса құрметтейді. Өздерінің ежелгі мәдениетін сақтап қала алмаған еуропалықтар жыраулық дәстүрді жоғары бағалайды.
Шәкірттерін жыраулық өнердің шырқау биігіне қанаттандырған Алмас Алматов "Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер”, "Мәдениет қайраткері”, "Білім беру ісінің үздігі” деген атақтарға ие болған. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі өнер факультеті, дәстүрлі ән-жыр кафедрасының профессоры.
Жыр керуені небір асыл қазынаны алдағы күндерге жеткізу үшін ертеңге бет алып барады. Сол керуеннің басында Алмас Алматовтай азаматтардың болуы дәстүрлі өнердің өміршеңдігіне кепіл.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.