БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАТЫР БАБАНЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Жер кіндігі атанған Байқоңырда мәреге жеткен жыр кеші поэзия құдіретіне қоса Сырдың соңғы сардары Жанқожа бабамыздың өр рухын баршаға паш етті. Ұлағатты шара қалалық мұражаймен танысудан басталды. Мұнда халқымыздың салт- дәстүрі, тарихы жайлы сыр шертетін арнаулы орын бар. Мұражайдағы бай жәдігерлерді тамашалаған ел ағалары ұжымға  жазушы Молдахмет Қаназдың туындысын, батыр бабамыздың бейнесін естелікке ұсынды.
Жазба ақындардың арасында жастар ғана емес, самайын қырау шалған аға буын өкілдері де мол екен. Бұл ғұмырын елін-жерін қорғауға арнаған батыр бабамыздың аруағына деген сүйіспеншілік болатын. Соның бірі Ару Баймаханова есімді кейуананың жасы сексеннің сеңгірінен асыпты. Үйінде сырқаттанып жатқан әженің жалынды жырын немересі жатқа оқып бергенде, аумақты залға жиналғандар ерекше толқыды. 
Мүшәйраға белгілі жазушы, республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы Молдахмет Қаназ, өңірге мәлім азамат Амангелді Суханберлиев бастаған өнер адамдарының қазылық жасауы шара мәртебесін арттыра түсті. Сарапшылар әрбір өлеңнің ұйқасына, баяндау шеберлігіне, тіл көркемділігіне баса көңіл бөлді. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Тура ет асым уақытқа созылған жыр додасы жұртшылықты жалықтырған жоқ. Керісінше, әрбір сәтті шыққан шумақтар көрермендердің көңілін көкке   шарықтатты. Нәтижесінде Жеңіс Аюбаев жеңімпазға арналған 50 мың теңгені еншіледі. Ал Әбіләзім Тұрғанбаев ІІ орынға тігілген 30 мың теңгені, Жеткерген Әбдірейұлы ІІІ орынға белгіленген 20 мыңды иемденді. 
Жеңімпаздарды марапаттаған қазылар алқасының төрағасы Молдахмет Қаназ бүгінгі шараның маңызына тоқталды. «Жанқожа батыр» қоғамдық қорының төрағасы Нұрсұлтан Мұратбаев батыр баба бейнесі кескінделген төсбелгі, алғыс хат тапсырды. Мүшәйраның демеушісі, баба ұрпағы Марат Назарханов ақшалай жүлде, Құдайберген Есекей бағалы сыйлықтар табыс етті. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Байқоңыр қаласы.

РУХАНИЯТ 12 желтоксан 2013 г. 1 196 0