Кеше әдебиеттанушы-ғалым Мырзабек Дүйсеновтің 85 жылдығына орай Студенттер сарайында «Мырзабек Дүйсенов және қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оны облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қысқаша сөз сөйлеп ашты.
– Сыр өңірінен қазақ әдебиетінің небір тарландары шыққан,– деді ол. – Әбілда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов, Зейнолла Шүкіров, Қалтай Мұхамеджанов сынды ғалым-жазушылар қатарына Мырзабек Дүйсеновті де жатқызуға болады. Аса көрнекті ғалым қазақтың әдебиеттану ғылымына зор үлес қосты, жазушылықты да қатар алып жүрді. Оның қаламынан туған «Ана махаббаты», «Ант», «Меймандар», «Гүлжан сүйеді», «Үміт» және басқа туындылары кезінде өз оқырмандарынан жақсы баға алды. Қырық жыл бойы күнделік жазған бірден-бір қаламгер ретінде де оның есімі көпшілік арасында құрметпен аталады.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзабек Дүйсеновті келер ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында қаладағы №15 мектеп-гимназияға оның есімін беру жайында ұсыныстың жоғарыға жіберілгенін мәлімдеді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың профессоры Тұрсынбек Кәкішов ғалымның жеке тұлғасы, адамгершілік қасиеттері мен азаматтығын сөз етсе, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ҰУ-дың профессоры Серік Негимов М.Дүйсеновтің ғылыми мұрасына, оның мәні мен маңызына жан-жақты тоқталды.
Өз қатарластарынан оза шауып, алғаш кандидаттық диссертация қорғаған Мырзабек Дүйсенов ғылымға ерте араласты. Ол қазақ-кеңес әдебиеті тарихының очеркін және қазақ әдебиеті тарихын жазуға белсене қатысқан әдебиеттанушы ғалым. Бірнеше әңгімелер жинағы, оннан астам повестің авторы болған қаламгердің ғылыми-танымдық эсселері мен зерттеу еңбектерінің өзі бір төбе.
Баяндамашылар Мырзабектің күнделігі іздесе таптырмайтын тамаша дүние екеніне тоқталды. Уақыт өте келе бұл күнделіктің шұқшия қарап, салыстыра тексеретін дерек-мағлұматтар қорына айналатыны сөзсіз. Оның күнделігі өзінің жанды сипаты, шыншыл баяндалуы, ажарлы жеткізілуі жағынан әдебиет тарихы үшін, мәдени өміріміз үшін таптырмайтын дүние болары хақ.
Конференцияға қатысқан ғалымдар біртуар тұлғаның ғылыми мұрасы, хикаяттарының көркемдік ерекшеліктерімен қоса ғалымның азаматтық, ұлтжандылық, адамгершілік қасиеттеріне тоқталды, өмір жолдарынан естеліктер айтты.
Конференцияға қатысушыларға Мырзабек Дүйсенов жайында жазылған «Бекзат болмыс» атты кітап таратылды.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.