Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрда ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының иегері, кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ киносының Сұлтаны» атты кеш болып өтті.
Қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған, өткеніміздің өміршең құндылығын көкірегімізде сарнатып, көз алдымызда ойнатқан «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықов көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Қазақ даласының дархан философиясын бойына өрген көркем туындыны кино тілінде сөйлеткен режиссер Сұлтан Қоңырқожаұлы 1923 жылы дүниеге келген. Сұм соғыста желкілдеген жас замандастарымен бірге майданға аттанады. Әйгілі Панфилов дивизиясының 8-гвардия құрамында қан кешіп, от төсеніп Мәскеуден Балтық теңізіне дейін жеткен. Қатардағы жауынгерліктен гвардия капитанына дейін өсті. Соғыстан соң Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының режиссура бөлімін бітірді. Еңбек жолын Алматыда көркем және хроникалық фильмдер киностудиясында бастайды. Суреткер: «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Если бы каждый из нас», «Жартастағы шынар», «Панфиловшылар», «Знай наших» фильмдерін түсірді. Ал, ұлттық кино өнерінің алтын қорына енген «Қыз Жібегі» қанша жылдар өтсе де халықтың ыстық ілтипаты мен махаббатына еш суыған емес.
Қазақ киносының жауһарына айналған «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың 90 жылдық мерейтойына арналған кешке отандық кино өнерінің қайраткерлері Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешева, Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі режиссер Болат Атабаев және тағы басқа да майталмандар қатысып, естеліктер айтты. Кеште Сұлтан Қожықов туралы деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Өнер кешіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұғырлы тұлға туралы жылы лебізін білдірді.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.