Жаңақорған ауданы Манап ауылында мәдениет саласы қызметкерлерінің облыстық семинар-кеңесі өткізілді. Оған аудандық мәдениет саласы басшыларымен қатар, ауыл клубтарының меңгерушілері, белгілі өнерпаздар қатысты. Жиынды Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Қаржыбек Бүркітбаев ашып, жиынға қатысушыларға табыс тіледі.
Халық ақыны Манап Көкеновтің есімімен оның туған және ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған осы ауыл аталынады. Талантты ақын бала кезінде жергілікті жердегі «Қызыл отау» меңгерушісі болып бекітілген екен, сол қасиетті шаңырақта өмірден өткенінше қызмет қылды. Елге сөзімен нәр берген, қызулы жырларымен ағайынға азық сыйлаған ақынның көзі кетсе де сөзі жамағатының жадында әлі жаңғыртылып келеді. Бүгінгі өткізілген семинар-кеңесте сол жақсы істердің жалғасы іспетті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес, алғашқы хабарламаны Жаңақорған ауданы мәдениет үйінің директоры Мәдениет Тотаев жасады.
Ақын Адырбек Сопыбеков Манап ақынның «қыз-келіншектермен айтысындағы ерекшеліктеріне» тоқталса, Әбдікәрім Манапов ақын айтысындағы әзіл-сықақтардың мән-мазмұнына тереңірек үңілді. Жұртты күлдіру үшін емес, оның алар жүгінің әлеуметтік салмағы сөз етілді.
Манап Көкеновтің 85 жылдығына арналған «Айтыстың дарабозы» атты облыстық айтыс біраз жас ақынның адымын ашып, айтыс өнеріне төселуіне жол ашқан секілді. Бас жүлдені талаптық Тұрар Төленді иеленсе, бірінші орын шиелілік Ержан Әміровтің қанжығасында кетті. Ал екі екінші жүлде жаңақорғандық Серікхан Жүзеев пен қызылордалық Сырым Әділбекке бұйырды. Нұрхан Қарабалаев (Жалағаш), Тұрар Бекмырзаев (Қармақшы) үшінші орынға табан тіреді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.