ҚУАНЫШ ПЕН ШАТТЫҚТЫҢ ШАҢЫРАҒЫ

"Өнер көзі – халықта” деген қанатты сөз бүкіл өнерпаздарға арналған темірқазық секілді. Шын мәнісінде өнерпаздардың бәрі де халық арасынан шыққан дарындар. Табиғаттың берген осы қасиетін қастерлеп, қадірлеп рухани байлыққа айналдырып, өзіне қайтарып берген өнерпаздар осы халықтың төл перзенттері. 
Өткен кезеңдерге көз салсақ, біздің Сыр өңіріндегі өнер иелері – ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз, әншілеріміз, күйшілеріміз, т.б өнерпаздарымыздың да тарихы бай әрі әсем. Сонау Қорқыт бабадан тін тартатын дәстүрлі өнерімізден бастап, осы кездегі өнерпаздарымыз ұсынып жүрген өнер түрлерінің түп-төркіні тым әріде. Қилы-қилы заманғы уақиғаларды тарих бетіне жазып, айтып, кейінгі ұрпаққа шежіре сияқты беріп отырған да өнер иелері.
Біздің облысымыздың рухани орталығы – облыстық филармонияның елге қызмет етіп келе жатқанына 40 жыл уақыт өтіпті. Осынау орны дара өнер ұжымының Сыр өңірінен, халықтың дәл ортасынан шыққан небір жезтаңдай әншілері, көмейінде күміс қоңырауы бар жыршы-жыраулары, саф алтындай жарқыраған, жан дүниеңді алай-дүлей ететін өлең сөздің жампоздары елге қалтқысыз еңбек еткенін біз тарихтан білеміз. Солардың шығармаларын төкпей-шашпай кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыру бағытында еңбек етіп келе жатқан осы ұжым.
Кешегі Кеңес дәуірінің өзінде Сыр бойының бойтұмары секілді жыршы-жыраулық өнерді өгейсінсе де ел арасында бабаларымыздан қалған төл өнерімізді ұмытпай, халыққа насихаттап жүрген біздің ақын, жырауларымыз аз болған жоқ. Әр заманның өз саясатына лайық түрлі рухани, мәдени қозғалыстары болған. Сырдағы мәдени қозғалыстар өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары арасында өңірдегі өнерпаздардың басын қосып, біріктірген Нартай Бекежановтың (1890-1954) басқаруында пайда болған. "Нартай бригадасы” деген атпен елдің есінде қалған өнер ұжымы дүниеге келді. Өздері Қызылорда аймағы өнерпаздарынан құралса да орталығы Шымкент қаласында болды. Оны "концерттік эстарада бюросы” (КЭБ) деп атады. Осы бюроның бір саласы жоғарыда айтылған «Нартай бригадасы» еді. Нартай Бекежанов өзінің өнер отауына Қызылорда төңірегінен жеке-жеке өнер көрсетіп,  елге танымал болған өнерпаздардың басын құрап, бригадаға тартты. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Қызылорда, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған аудандарын аралап жергілікті жерлерден өнерпаздарды ұйымдастырды. Оларға айлық беріп, сахналық киімдер, музыкалық аспаптармен жабдықтап сахнаға әзірледі. Айтыс ақындары-жыршы, жыраулар Әлібек Байкенов, Әбділда Жүргенбаев, Күндебай Алдоңғаров, күйшілер Құрақтың Досжаны, Жолдыбай Елеукенов Төлеген Қаражанов, әншілер Айзахан Бижанова, Фатима Төлегенова, Тұрсынкүл Баяхунова, Мырзабай Әділов, жас жыршы Шамшат Төлепованың көрсеткен өнерлері, дауыстары әлі ел құлағында. 
Нартай Бекежанов өмірден озғаннан кейін де бұл ұжым өз жұмыстарын жалғастырып, ұжымды Мырзабай Әділов, Ақмырза Тұяқбаев басқарды. Нартай Бекежановтың бригадасы Ұлы Отан соғысы кезінде еңсесі түскен елдің рухын көтеріп, қыруар еңбек етті. Сол кездегі халықтың ауыр тұрмыстарындағы қиыншылықтарды жеңу жолында елге сүйеніш болып азалы отбасыларының қолтығынан демеген өнер ұжымы болды.
1972 жылы үкіметтің арнаулы қаулысымен сол Нартай бригадасы өнер ұжымының ізімен Қызылорда мемлекеттік филармониясы өмірге келді. Бұл өнер мекемесіне жаңадан оқу бітіріп келген жастар тартылды. Бірінші филармонияның директорлығына Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын бітіріп келген жас маман Тәңірберген Қалауов сайланды. Сол кездегі саясат ағымына сәйкес филармония ұжымы репертуарларын сараптап, орындаушылардың мамандық сапасына лайықтап «Өнер күмбезі» фольклорлық, «Ақтолқын» эстрадалық ансамбльдерін жасақтады. Филармония тек қана Қызылорда облысы еңбеккерлерін қамтып қана қоймай, көрші Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл облыстары еңбеккерлеріне де өнер көрсетті. Кейін басқа республикаларға да шығып тұрды. Қарақалпақ АССР-ы, Кенимех, Тамды, Үшқұдық аудандарына барып өнер көрсетуді дағдыға айналдырды. Бірте-бірте филармония халықтың сұранысына ие болған өнер ұжымына айналды. Филармонияның материалдық базасы кеңейіп, концерттік киім, гастрольге шығуға лайық автобустар, музыкалық аппаратуралармен қамтамасыз етілді. 40 жылдық тарихы бар филармония ұжымы түрлі-түрлі өнер байқаулары мен республикадан тыс мәдени шаралар-конкурстарға қатысты. Өнер ұжымында Күлән Қалымбетова, Қазақ Республикасына еңбегі сінген артист атағын алса, дәстүрлі әнші Шынберген Тілеулесов «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет Грамотасы» алғыс хаттармен марапатталған өнерпаздар бар. Әртістер Үміт Медеуова, Мейрамкүл Сейталиева, Әлмырза Ноғайбаев, Талғат Мақашовтар Мәдениет министрлігі берген «ҚР Мәдениет қайраткері» төс белгісімен марапатталды. 
Қазір руханиятшыл азамат Талғат Мақашев басқарып отырған облыстық филармонияда Тұрмағанбет Ізтілеуов атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ошаған» әзіл-сықақ  отауы, «Сыр самалы» вокальды-аспапты ансамблі, «Тұран» вокальды-эстрадалық триосы, «Жанкент» аспапты дуэті, «Томирис», «Бұраң бел» би ансамбльдері, «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльдері халыққа қызмет етіп келеді.
Болашағы зор, облыстық филармонияның алда әлі де атқаратын рухани қызметтері көп. Бұл өнер ұжымы Сыр елінің қуанышы мен шаттығының шаңырағы болып қала бермек. 
Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
мәдениет ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері.

РУХАНИЯТ 16 қараша 2013 г. 1 262 0