“КЕНТАВР” АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

Жақында қазақ поэзиясының хас шеберлерінің бірі, «Алаш», «Дарын», Президент сыйлықтарының иегері, арқалы ақын Маралтай Райымбекұлы Сыр еліне келіп, өлеңсүйер қауыммен жүздесті.
Біз замандасымызды әңгімеге тарттық.
– Маралтай, ел-жұрт сені ақын есебінде өте жақсы таниды, ал, қызметің жөнінде біле бермейді.
– Алматыға өлең буы көтеріп келген, жоғары білімі жоқ мен әуелі басымды Жазушылар одағы басқармасына тірегенмін. Ақыры күндіз-түні осы жерді торуылдап жүрсің ғой деп мені одақ ғимаратының қарауылдығына жұмысқа алған.
Қазір осы басқарма төрағасының орынбасарымын. Бұл қызметке басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин ағамыздың ұсынысымен келдім.
Қарауылдық пен орынбасарлық ортасында қаншама қиын да қызық өмір белесі жатыр. Ол енді ұзақ әңгіме.
– Біз сенің өз қызметіңнен бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, көкейкесті мәселелер қозғап жүретін отаншыл, жанашыр азаматтығыңнан да хабардармыз. Соның бірі Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшесі болып жүргенің...
– Иә, мен осы кеңестің мүшесімін. Бұл кеңеске менен басқа да 48 кісі мүше. Олардың көбі лауазымды тұлғалар, бизнесмендер, солардың ішінде өнер адамы мен ғанамын. Сондықтан кеңес отырыстарында өнерге қатысты мәселелерді көтеріп жүремін. Мәселен, қазір мектеп  оқушылары арасында Абай оқулары, Ілияс оқулары, Оралхан оқулары деген бар. Осы оқулар арқылы оқушының білім деңгейі, таным таразысы танылады. Ендеше, осылардың әрқайсысына 5 гранттан бөлуге болады ғой. Сонда жоғары мектепке барамын деген қаншама талантты жасқа жол ашылар еді. Сонымен бірге әр облыста жүрген жас өнер өкілдеріне бірнеше баспана да бөлуге болар еді. Біздің жастарымыз өз ішімізде, өз қазанымызда қайнай бермей, алыс-жақын шет елдерге де танылуы керек. Шығармашылық өкілдерінің дүниелерін ең болмаса мынау өзіміздің өзбек, қырғыз тілдеріне неге аудармаймыз.
Идея жүректе жатады, санада туады. Осы ішкі әлемді алып шығатын өнер ғылымы. Олай болса біздің аға буын, билік иелері жастар шығармашылығына барынша ыстық ықыласпен қарауға тиіс.
Мен кеңесте осындай мәселелер төңірегінде сөз қозғап отырамын.
– Жақында бір жақсы жаңалық естідік. Маралтайдың «Кентавр» атты жыр жинағы ағылшын тіліне аударылмақшы екен.
– «Кентавр» жинағы бар-жоғы 99 өлеңді топтастырған кітап. Бұл Алланың біз білетін 99 сипаты бар дегенге саяды. Менің осы кітабым кезінде Қадыр ақын бастаған қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай өкілдерінен құралған қазылардың жабық дауысқа салуымен «Алаш» әдеби сыйлығын алған еді.
Былтыр қоғамдық ұйымдар әлеуметтік желілер бойынша әлемдік брендке айналдырар қандай әдеби мұраларымыз бар деген сұрау жүргізді. Әрине, ондай інжу-маржандарымыз баршылық қой. Дегенмен, осы сұрау нәтижесінде әр дәуір бойынша сараптағанда «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» эпосы, Ш.Уәлихановтың зерттеулері және менің «Кентавр» жыр жинағым басым дауысқа ие болыпты.
Бұл туындылар ағылшын, орыс, қазақ – үш тілде жарық көрмекші. Оның тұсаукесері Лондонда өтеді. Осыған дейін Лондон сарапшылары осы шығармалардың аудармасын қабылдамай тастады. Бұл – әрине, жақсы. Олардың аудармаға биік талғаммен қарағанына менің ішім жылып қалды.
Қазір менің жинағымның жолма-жол аудармасымен «Простор» журналының қызметкері Қайрат Бақберген, көркем аудармасымен Надежда Чернова деген орыс ақыны айналысып жатыр.
– «Келген сөзге еркіндік берсем, ақын – мен» депсің бір сөзіңде. Оқырманға «Кентаврдың» осы еркіндігі ұнаса керек.
Ал, ендеше ағылшынша сөйлейтін «Кентавр» – тұлпар жырдың тұяғы тозбасын, қанаты талмасын, Маралтай.
Себебі, мен поэзияны бір жұрттыкі, бір ұлттыкі деп емес, әлемге ортақ қазына деп білем. Әлем қазынасына қосқан әшекейің ғасырлардың көзінен нұр болып төгілсін, досым.
– Айтсын. Мені ақын деп алақанына салған Алаштың анасына мың алғыс.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

РУХАНИЯТ 16 қараша 2013 г. 1 083 0