СЫРЛЫ САЗБЕН ӨРІЛГЕН КЕШ

СЫРЛЫ САЗБЕН ӨРІЛГЕН КЕШЖуырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Дидар» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шығармашылық есеп беру кеші болып өтті.

2000 жылы құрылған ансамбль бүгінде Сыр бойындағы жыршылық, әншілік, күйшілік дәстүрді дамытып, ұлтымыздың баға жетпес асыл қазынасын халыққа жеткізу мен оны кейінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында жұмыстар атқаруда. «Дидардың» репертуары бүгінгі таңда халық әндерімен, күйлерімен, елімізге белгілі өнер майталмандарының шығармаларымен ғана емес, әлемдік классикалық шығармалармен де толығуда. Мұны «Дидар» ансамблінің Ресей, Корея, Түркия секілді алыс және жақын шетелдерге өздерінің кәсіби әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеген ұжым еңбектеріне сай бірқатар жетістіктерге жетті. Мәселен, өнер ұжымы 2000 жылы Түркияда өткен халықаралық «Жастар және фольклор» фестивалінің «Ең үздік ансамбль» жүлдегері, 2008 жылы ХІ халықаралық «Шабыт» байқауының гран-при жүлдегері, 2013 жылы Ақтөбе қаласында халық-аспаптар ансамбльдері арасында өткен халықаралық «Жұбанов көктемі-2013» байқау фестивалінің гран-приін иеленді. Бүгінгі таңда «Дидар» ансамблі өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған, шоқтығы биік фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер қатарында.

Осындай табыстарға қол жеткізіп, өз қоржындарын әнмен байытып қана қоймай, халықты жырға бөлеген «Дидар» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі шығарма­шылық кеште халық әндері мен күйлерін, терме-толғауларын, шетел композиторларының түрлі шығармаларын орындап көпшілікті тәнті етті. Шара барысында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов өнер ұжымына алғысын білдіріп, шығармашылық еңбекте табыс тіледі.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


РУХАНИЯТ 06 қаңтар 2015 г. 1 331 0