ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ШАРА

Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік мерекесіне орай облыстық өлкетану музейінде №268 орта мектеп ұжымы мен оқушыларының ұйымдастыруымен «Елбасының еңбегімен нұрланған» атты әдеби әуезді кеш өтті.

Шараның мақсаты жеткіншектердің бойына патриоттық тәрбие беру, елін, жерін сүюге баулу, Елбасының еңбек, өмір жолын көрсетіп, сол арқылы Елбасына деген жастардың құрметін арттыруға ықпал ету және Мемлекет басшысының ұлт үшін, қазақ елі үшін жасаған ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі ету болып табылады.

Еліміздің Әнұранын шырқаумен ашылған шарада арнайы дайындалған Елбасы жайылы слайдтар мен деректі фильм көрсетілді. Онан соң мектебіміздің мақтаныштары, түрлі республикалық байқаулардың жүлдегерлері Асылжан Мұхамедиярова «Сәлем саған, туған ел» әнін әуелете орындаса, Дінмұхаммед Ағаділов «Аманат», Нұрболат Шорабек «Күнге табыну» әндерін тарту етті. Қатысушылар жас бишілердің орындауында қазақ, тәжік ұлтының ұлттық билерін тамашалады. Елбасына, Тәуелсіздік мерекесіне арналған тақпақтар айтылды. Мектеп мұғалімі Данагүл Қуандықованың жетекшілігімен жасақталған хор көрермендерді тәнті етті. Шара соңында облыстық тарихи өлкетану мұражайы директорының орынбасары Жанар Ахметова мен мұражайдың экскурсиялық көпшілік бөлімінің меңгерушісі Эльзира Сағитжанова сөз алып, шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына, оқушыларға алғысын айтып, Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Игі шара барысында жақсы өнер көрсеткен оқушылар мен мұғалімдер алғыс хаттармен марапатталды. Соңында оқушылар мұражаймен танысты.

Гүлжаз САДИРСЛАМОВА,

№268 орта мектептің тарих және география пәнінің мұғалімі.


РУХАНИЯТ 13 желтоксан 2014 г. 1 399 0