БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ӨНЕРПАЗ «СЫР ЖҰЛДЫЗЫ» АТАНДЫ

БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ӨНЕРПАЗ «СЫР ЖҰЛДЫЗЫ» АТАНДЫСенбі күні Н.Бекежанов атындағы драма театрда «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының төл жобасы «Сыр жұлдыздары» байқауы 8 мәрте өз шымылдығын ашты. Телебайқаудың сахнасы 2012 жылы жеңімпаз атанған «ВОЙС» тобының өнерімен түрілді. Тұсауы кесілгеніне 10 жыл болған бұл телевизиялық жобаға осы уақыт аралығында 2000-нан аса жас талант қатысыпты. Биылғы өнер бәйгесінде 15 жас орындаушы топ алдына шықты. Екі айналым бойынша бақ сынаған өнерпаздар бірінші айналымда жартылай финалда шырқаған әндерін қазылар алқасына ұсынса, екінші айналымда Қазақстан және шетел сазгерлерінің танымал әндерін орындады. Жас өрендердің өнеріне ҚР еңбек сіңірген артисі, қазылар алқасының төрағасы Бақтияр Тайлақбаев және ҚР еңбек сіңірген артисі, байқаудың көркемдік жетекшісі Қаракөз Ақдәулетова, Қазақстанның мәдениет қайраткері Сәрсен Ибрашова, Р.Глиэр атындағы Алматы музыка мектебінің директоры, белгілі әнші, сазгер Алтын Маханбетова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов, сондай-ақ, эстрада жұлдызы Алмас Кішкенбаев пен танымал музыкант Ғалым Елубаевтар қазылық етті.

Нәтижесінде ІІІ орынды Ақбота Құснадин, Әйгерім Ораз, Әділхан Тәуекел өзара бөліссе, ІІ орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ филология факультетінің студенті Дархан Жамантаев пен Алматы эстрада-цирк колледжінің студенті Балжан Бидаш қанжығасына байлады. Ал, І орынды Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен шыққан Гүлназ Нағашыбай мен Мәдина Айдарбекова дуэті еншіледі. VІІІ облыстық «Сыр жұлдыздары» байқауының гран-приін байқоңырлық өнерпаз, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 3 курс студенті Берік Бердікеев иеленді. Бұдан бөлек 6 өнерпаз арнайы номинация иегері атанды. Шара соңында жеңімпаздары ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдармен марапатталды. Осылайша, жас әншілерді өмірге әкеліп, таланттарды танытқан кезекті жоба өз мәресіне жетті.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


РУХАНИЯТ 03 желтоксан 2014 г. 1 690 0