« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Астана
қаласының әкімдігі және Ұлыбританияның Лордтар Палатасының өкілі Алисон Сатидің
қолдауымен 26-28 қыркүйек аралығында Еуропалық Одақтың ресми бекітуімен Тілдер
күніне арналған Ұлыбритания, Ресей Федерациясы және Қазақстанның шығармашылық
ұжымдарының қатысуымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Д.Исабековтың «Өкпек
жолаушы» атты пьесасы үш тілде қойылды.
Қазақ театр тарихында бұрын-соңды болып көрмеген бұл мәдени оқиғаны құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ерекше құптады. Ұлт драматургтерінің арасынан оқ бойы суырылып шыққан Д.Исабеков пьесаларының алыс-жақын шетелдердің репертуарынан берік орын алғанына алдыңғы жылы болып өткен «Исабеков әлемі» атты Халықаралық театр фестивалі жарқын мысал бола алатынын да еске салды. Ал Тілдер күні қарсаңында бір пьесаның ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде қойылуы елдер арасындағы ынтымақ пен бірліктің нығаюына мол септігін тигізетін маңызды шара екендігін айрықша атап өтті.
Театр сүйетін көпшілік қауымның асыға күткен мерекесін алғашқы күні Лондонның Кентиш Таун ауданының «Giant Olive Theatre» ұжымы бастады. Спектакль бағдарламасына қараған кезде театр ұжымының әртүрлі ұлт өкілдерінен құралғаны назарды бірден аударып әкетті. Осы тұста Лондондағы өзбек пен қырғыз ағайындардың қазақ драматургиясын насихаттаудағы еңбегінің айрықша болғанын атап өту орынды. Спектакльдің қоюшы-режиссері Юлдош Жорабаев, композиторы Азиза Садықова мен аруақ рөліндегі актер Абдурашид Шадиев – өзбек ағайындар болса, кішкентай қыздың аруағы болып ойнаған Назгүл Жүсімова – қырғыз. Киім дизайнері мен сахна безендірушісі Әлия Боранбаева – қазақ. Спектакль продюсері Жозеф Сандерс, жарық қоюшысы Патрик Гудден, дыбыс қоюшысы Эмма Спириндер, Айтөре – Марк Стансон, Зейнеп – Катзи Тревелия – ағылшындар. Осындай бірнеше ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған театрдың спектаклі алғашқы сахнасынан, яғни үйдің ішін аластап жүрген ақ жаулықты ананың әрекетінен бастап көрермендерді ынтықтырып әкетті. Спектакльдің бір ерекшелігі – пьеса идеясын жете түсінген режиссер Айтөренің қайтыс болған анасы мен баласының және Зейнептің жастай үзілген қызының аруақтарын жанды кейіпкерге айналдырып, Айтөре мен Зейнеп басындағы трагедиялық жағдайды тереңдетіп көрсетуге орынды пайдалана алған. Ақ киім киіп сахнада әдемі қозғалған қыз бен жігіт ата-аналары қысылған кезде үнемі қастарынан табылады. Режиссердің бұл шешімі спектакльдің барынша динамикалы болуына әсерін тигізген.
Спектакльдің музыкасы да режиссер тарапынан сәтті табылған. Қазақ күйлері мен «Бір бала» әнінің лейтмотив етіп алынып сахна түкпірінен баяу орындалуы кейіпкерлердің жан толғаныстарының ашылуына мол ықпал етті. Спектакльдегі кейіпкерлердің костюмдеріне тоқталып өтсек, Зейнептің көйлек астынан шалбар киіп жүруі көзге бірден оғаш көрінді. Себебі, қазақ әйелдері көйлектің астынан еш уақытта да шалбар кимеген, бұл өзбектердің киіміне ұқсас. Одан кейін әйелдің орамал тартысы да қазақтардан гөрі түріктерге жақынырақ болып кеткен. Бұл алдағы уақытта ескеруді қажет ететін тәрізді.
Зейнеп рөліндегі К.Тревелия саналы ғұмырын балаларына арнаған қарапайым қазақ әйелінің бейнесін сомдауға бар шеберлігін салды. Беймезгіл уақытта үйінің есігін қағып, кіргізуді өтінген бейтаныс адамға сенімсіздікпен қарап тосырқауы, кейін рухани жақындастықты сезінген адамына ішкі сырын ақтаруы да орындаушы ойынында нанымды шықты. Айтөре рөліндегі М.Стансон да өз кейіпкерінің жан дүниесін ашуға барын салды. Оның Айтөресі басынан көптеген қиындықтардың өткеніне қарамастан, өте сергек, әзілқой, сонымен бірге, өмірден көрген-түйгені мол ақылды адам болып бейнеленді. Спектакль негізінен екі актердің ойынына құрылғандықтан да, Зейнеп пен Айтөренің мінездерінің ашылуы орындаушылардан өзара үндестікті талап етеді. Мұны дұрыс түсінген К.Тревелия мен М.Стансон өздеріне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен алып шықты. Әсіресе, оңашада танымайтын еркекпен бірге отырғанын балалары көріп қалмасын деп қысылған Зейнептің есік қағылған кездегі абыржуын, сасқалақтаған Айтөренің плащын кие алмай қалатын кезін екі актер әдемі ойнатты. Жандары жарасқан қос мұңлықтың бір сәт мәз болып билей жөнелуі де, спектакльдің лирикалық бояуын қанықтыра түсті.
Әрине, актерлердің ойынында қазақ халқының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері қалыс қалып жатқанына қарамастан ағылшындардың қазақ болмысын ұғуға деген алғашқы қадамдары көңілге жылы сезім тудырды.
Келесі күні Санкт-Петербург қаласының «Эксперимент» театры көрсеткен спектакль де көрермендерді бей-жай қалдырмады. Пьесаны орыс тіліне аударған Юрий Егоров. Спектакльде Бақыт Қайырбеков пен Ярослав Смеляковтың өлеңдері пайдаланылған. Спектакль режиссері театрдың көркемдік жетекшісі, Ресей халық артисі Виктор Харитонов. Ол өзінің бұл спектаклімен сәуір айында Алматыға гастрольдік сапармен келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Оқу театрының сахнасына көрсетіп кеткен болатын. Содан бері бұл спектакль театр репертуарында тұрақтап қалды. В.Харитонов психологиялық тұрғыда иланымды, актерлік ойындары шынайы көңіл-күйлерге жетелейтін спектакль тудыра алған. Ол Зейнептің сыртқы түрінің қазақтарға ұқсауын қажет деп таппапты. Сахнада кәдімгі сары шашты, бүгінгі заман киіміндегі орыс әйелін көрдік. Бұл көрермендердің қабылдауына кәдімгідей кедергісін тигізді. Қанша дегенмен де, басқа ұлттың шығармасын сахналаған кезде сыртқы келбет көп рөл ойнайтынын режиссердің ескеруі қажет еді. Соған қарамастан Айтөре – В.Харитонов пен Зейнеп – Лариса Пилипенко өз кейіпкерлерінің ерекшелігін ашуға шеберліктерін сарқа жұмсады. Олардың ойынында жарасымды үйлесімділік болды. Бірақ өмірдің талай белесін соңдарына қалдырған Зейнеп пен Айтөренің қазаққа тән мінез байлығы мен ұлтқа тән қасиеттерін әлі де ұштай түсу жағы жетпей қалған. Біздіңше, қазақ драматургиясының орыс театр сахнасынан енді ғана қойыла бастағанын ескерсек, «Эксперимент» театрының бұл спектаклін жетістік деп бағалағанымыз жөн.
Іс-шараның үшінші күні Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклі көрсетілді. Аталған шараға аз уақыттың ішінде тез дайындалып үлгірген театр ұжымы тәжірибелі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темірдің режиссурасымен толыққанды көркем туынды жасап шығыпты. Расын айту керек, өзге мемлекеттен келген басқа ұлттың өкілдері Д.Исабеков пьесасының туған елінің сахнасында қалай қойылатынын ынтыға тосқандары рас. Себебі, қай ұлттың шығармасы болмасын, тек өзінің төл топырағында ғана барлық қыры жарқырай ашылары ақиқат.
Халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан бұл шараға қатысу мәртебесіне ие болған Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы өздеріне жүктелген сенімді артығымен ақтап, көрермендерді айрықша сезімге бөлеген спектакль ұсынды. Спектакль премьерасы жақында ғана (25 қыркүйек, 2014 ж.) болғанына қарамастан пьесаның идеялық мазмұнына терең бойлаған актерлер өз кейіпкерлерін қарапайым да шынайы бейнелеп берді.
Режиссер спектакль оқиғасын кездейсоқ танысқан Зейнеп пен Айтөренің кездесулеріне құрып, бүгінгі тыныс-тіршілігімізді бейнелеуді мақсат тұтыпты. Спектакльде адамгершілік пен ізеттілік, жан дүниелерін қалтқысыз ұғысқан жандардың рухани бірліктері мен ата-бабаларымыздан бермен жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлеріміздің озық үлгілерін көрсетуге баса назар аударылған.
Айтөре рөліндегі Ұғым Баймаханов пен Зейнеп рөліндегі Қарлығаш Айтжанова бір- бірін қас пен қабақтан ұғысып, жарасымды актерлік дуэтке қол жеткізген.
Жиырма жыл көрмеген үйін бір көруге зар болып аңсап келген Айтөренің босағадан аттаған сәтін Ұ.Баймаханов өте әсерлі ойнады. Тек қазақтар ғана ұғатын қара шаңырақтың киесін Айтөренің әр қимылымен ұлықтай алды. Әсіресе, өз қолымен қаптаған есікті сипап, өз қолымен қаққан шегені бірден тануы, үйдің әр бөлмесін сағынышпен аралап шығуы көрермендерді толқытып өтті. Режиссер интерпретациясын жақсы ұққан актер Зейнеппен өтетін сахналарында қазақ ерлеріне тән салмақтылық пен сабырлылықты таныта алды. Айтөренің әйел алдында қобалжуын, біртіндеп Зейнептің ақылы мен парасатына тәнті болуын орындаушының көз жанарындағы жылылықпен білдіруі де иланымды шықты. Зейнептің баласы келіп қалған кезде артық сөзге бармай шыдамдылық танытуы мұның барлығы да салт-дәстүрді жетік білетін адамның мінезін көрсетеді.
Зейнеп пен Айтөренің әзілдері де сыпайылық шеңберінен аспай, жарасымды шыққан. Ұлттық құндылықтарымызды бағалап өскен қос замандастың сөз саптаулары, бір-бірімен сөйлескен кезде зор құрмет танытып отырулары, ең бастысы, осының барлығынан ұлттық даралығымыздың сезілуі режиссерлік жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Қ.Айтжанова Зейнептің бойына қазақ әйелдерінің барлық асыл қасиеттерді жинақтай білген. Орындаушы спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап, біресе есікке, біресе телефонға қарап балаларының тағдырына алаңдаулы ананың көңіл-күйін жүзіндегі мазасыздықпен таныта алды. Айтөремен өтетін келесі сахналарда Қ.Айтжанованың орындаушылық тәсіліндегі контрастық бояулардың молдығы кейіпкердің бар қырынан ашылуына үлкен септігін тигізді. Бұрын мүлде білмейтін Айтөремен сырын бөлісуі, жалғыздықтан шаршаған әйелдің жан жылуын іздеуі барлығы актриса ойынында ақталып жатты. Орындаушының екінші, үшінші пландарды алып жүруі, әсіресе, бөгде адаммен отырғанын баласы көріп қалмаса екен деген ойдың бір сәтке де миынан шықпауын сездіре алуы актрисаның шеберлігін танытады. Қ.Айтжанованың кез келген детальдерді ойната жөнелетін қағілездігі, сөз астарына мән беруі кейіпкердің ірілене түсуіне көмектесті. Орындаушы көптеген қиындықтарға мойымаған, бар ғұмырын балаларының бақытты болуына арнаған қайсар мінезді, мейірімді қазақ әйелінің рухының мықтылығын көрсете алды.
Спектакль соңы Зейнеп пен баласы Ертай – Еркін Асанов екеуінің бірге қалуымен аяқталады. Режиссер бұл шешімімен ұрпақ тәрбиелеудегі қазақ аналарының еселі еңбегін дәріптей алған.
Сонымен, үш күнге созылған мерекелік іс-шара өз мәресіне жетіп, қазақ драматургиясының басқа елдердің сахнасынан жарқырап көріне алатындығын дәлелдеп берді.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |