« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Аптаның екінші күнінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұлт азаттығы қозғалысының қолбасшысы, халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жайлы жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Биыл Жанқожа батырдың туғанына 240 жыл толып отыр. Осыған орай түрлі мәдени шаралар өткізіліп, оның есімі кеңінен ұлықталуда. Жан аямай күрескен ол халқын жаудан азат етсе, ал ұрпақтары халқына қорған болған батыр рухын тірілту үшін аянбай жұмыс жасады. Соның дәлеліндей, Әбдісаттар Оспановтың "Наркескен” атты тарихи-көркем трилогиясы, Молдахмет Қаназдың "Жанқожа Нұрмұхаммедұлы: зерттеулер мен мақалалар”, Нұрлан Көбегенұлының "Жанқожа батыр туралы жырлар”, Сардарбек Қожағұлдың "Жанқожа батыр” дастандар жинағы өз оқырмандарына жол тартты.
Иә, Жанқожа батыр туралы шынайы деректер ұзақ уақыт бойы бүркемеленіп келді. Мұрағаттарда шаң басып жатқан олардың кейбірі жоғалды да. Тек еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана шындықтың беті ашылды. Алдағы уақытта оқырман қауымды тарих шындығына алып баратын да, батыр бабаның кесек тұлғасын әр қырынан аша түсетін құнды дерек көздер де, талай ғылыми зерттеулерге арқау болатын да осы кітаптар болатындығы ақиқат.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрайымы Қаршыға Есімсейітова рәсімді сөз сөйлеп ашқаннан кейін сахна төріне көтерілген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдісаттар Оспанов кітапты жазуда шынайы да тың деректердің назарға алынғанын айтып берді.
Бұдан соң осы үш томдық туралы Атыраудағы "ҚазМұнайГаз” жобалау ғылыми-зерттеу институты заң-ұйымдастыру департаментінің директоры, жерлесіміз Дәреже Нәбиқызы, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Сәдібекұлы пікірлерін білдіріп, автордың батыр баба өмірінен тың деректерді көркем тілмен бейнелегеніне ризашылықтарын жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған жерлес жазушы Молдахмет Қаназ өз туындысындағы батыр туралы зерттеулерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ әдебиетші-ғалым Нұрлан Көбегенұлы да Жанқожа батыр туралы жырларға толық мағлұмат берді.
Тұсаукесер шарасында "Ақмешіт” фольклорлық ансамблі Ә.Оспановтың "Аттаныс”, Ә.Күлшебаевтың "Қолбасшы” күйлерін көпшілік назарына ұсынса, жыршы Айбек Тәңірбергенов Сардарбек Қожағұлдың "Жанқожа батыр” дастанынан үзінді орындады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |