Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық
үйінің коммуникациялар орталығында ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілдігі,
"Ақмешіт-Сырдария” мешітінің бас имамы Талғат Сейіткәрімұлы баспасөз мәслихатын
өткізіп, журналистерге алдағы мұсылман мерекесі жайында жан-жақты мағлұмат
берді.
– Құрбан (Зүлхиджа) айы – Алла тағаланың
пенделеріне жасаған сыйы. Әсіресе, оның
алғашқы он күні жайында Алла арнайы аят түсіріп, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с)
ол күндердің сауабы сансыз екенін бірнеше хадистерінде айтып өткен,–
деді ол.– Осы күндері намаз, ораза, қажылық, арафат күні және садақалар таратылатын ұлы ғибадаттар топтасқан. Яғни, өзін мұсылман санайтын әр пенде арафа
күні ораза ұстаса, өткен жыл мен алдағы
жылдың күнәларынан арылуына себеп болады. Зүлхиджа айының алғашқы он күнінде
ораза ұстаса оның сауабы тіпті мол болмақ.
Қасиетті айт
күндері мұсылмандар Мекке қаласында қажылық парызын өтейді. Жыл өткен
сайын қажылық парызын өтеушілер саны
артып келеді. Мәселен, өткен жылы Мекке сапарына 4 мың қазақстандық аттанса,
биыл олардың саны 5 мыңға жетті. Арафа күні олар Арафат тауының басында қажылықтың алғышарттарын орындайды. Қажылыққа
негізінен тұрмыс жағдайы жақсы, артық
қаржысы бар, денсаулығы мықты жандар барады. Одан бөлек, қажылыққа барған жандарға бағыт-бағдар
беріп, олардың сұрақтарына жауап беретін
және құлшылықты дұрыс орындау шарттарын түсіндіретін дін саласы қызметкерлеріне
тегін жолдама беріледі. Биыл осы мәртебеге Жаңақорған және Сырдария ауданының
екі имамы ие болды. Әрине, олар да қажылық парыздарын өтеп қайтады.
Құрбан сөзі араб тілінде "жақындау” деген мағынаны
береді, яғни пенде өзінің жасаған сауап істері арқылы жүрегін тазартып, Аллаға
жақындай түседі. Ал шариғаттағы мағынасы – "шарттармен санаса отырып, құлшылық
ниетімен мал бауыздау” дегенге саяды. Қазан айының 3 күні арафа болып есептеледі.
Құрбан айт намазы 4 қазан күні таңертеңгі 8.30-да оқылады. Құрбандық осы
намаздан соң шалынады. Құрбандықты кімдер шалады? Ең бастысы құрбандық шалуға
ниеттенген жанның мұсылман болуы,
ақыл-есі түзу және балиғат жасына
толуы, айт уақытында жолаушы болмауы, негізгі қажеттерден тыс нисап
мөлшеріндегі қаржыға ие болуы
қажет. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның
құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Құрбан айт үш күнге созылады.
Құрбандыққа
негізінен қой, ешкі, сиыр, түйе малы шалынады. Олардың етті, дене
мүшелері түгел болуы шарт. Қой мен ешкі бір жас, сиыр екі, түйе бес жасар
болғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың еті үш бөлікке бөлініп, бірінші бөлігі
туған-туыс пен көрші-көлемге, екіншісі кедей және мұқтаж жандарға таратылады,
ал үшінші бөлігі өз отбасына тиесілі. Алайда, шалынған малды түгелдей
мүсәпірлерге бөліп те беруге болады, егер өз отбасында адам саны көп және өзі дәулетті болмаса, бәрін өзіне қалдыруына
да болады. Ірі малдарды бір және жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады. Басты
шарт, құрбандық шалуға біріккендердің барлығының да ниеті құрбандық құлшылығын
өтеу мақсатында болуы керек. Егер біреуінің ниеті басқа болса, бәрінің де
құлшылығы қабыл болмайды. Ал қой мен ешкіні бір адам ғана шалады.
Сыр өңірінде қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық
жұмыстары басталып та кетті. Дін қызметкерлері, мешіт жәмиғаттары арасында кіші
футболдан жарыс өткізілді. Қасиетті күндері қаладағы Қарттар, Балалар,
Жастар үйлерінде кездесулер ұйымдастырылады, оларға тамақ таратылып, сый-сияпат
жасалады. Балалар үйіндегі балғындарды қаланың көрікті жерлерімен таныстыру
көзделуде. Арафа күні «Жібек жолының» алдында,
орталық мешітте халыққа тегін тамақ таратылады. "Ақмешіт-Сырдария”
мешітінің алдына киіз үйлер тігіліп,
ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылады, оның жеңімпаздары
сыйлықтармен марапатталады, дастархан жайылады. Құрбан айт намазынан кейін облыс басшысы өз құрбандығын шалып, жәмиғатты
мерекемен құттықтайды деп күтілуде. Сонымен қатар, айт күндері қаладағы бір немесе екі бағытта жүретін жолаушылар
көлігін тегін жүргізу көзделуде. Ондағы мақсат қасиетті Құрбан айт мерекесін
халықтық мерекеге айналдыру болып табылады.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.