Аудан әкімінің өкімімен биылғы жыл ауданда «Халықаралық Аралды құтқару қорына – 20 жыл» деп жарияланған болатын. Қордың негізгі мақсаты – халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру, аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен істер мен бағдарламаларды қаржыландыру екені белгілі. Арал дағдарысы салдарымен күресті Халықаралық Аралды құтқару қоры үйлестіріп отыратынын атап кету ләзім.
Осы айтулы мереке аясында облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет басқармасы мен Арал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, жыршы-термешілер фестивалі өткізілді. Өлкенің тарихын өскелең ұрпақтың жадына сіңіріп, ата қонысқа деген сүйіспеншілікті туындату мақсатындағы салтанат көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
«Арманы асқақ Аралым» тақырыбындағы ақындар айтысы кәнігі майталмандармен қатар, жас дарындардың легі өсіп келе жатқанын аңғартты. Додаға барлығы 12 ақын қатысты. Оралымды ой, ұшқыр қиялды ақындарға көрермендердің ілтипаты да шексіз болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда». Сайыс нәтижесінде Айдос Рахметов бас жүлде, Мұхтар Ниязов І орынды иеленді. Марат Сүгірбаев, Нұрмат Мансұров ІІ-ІІІ орындарды жеңіп алды. Сондай-ақ, жазба ақындар сайысында топ жарғандар да марапатталды.
Фестивальда танымал жыршы-термешілердің өнері тамашаланды. Теңіз төскейін дүр сілкіндірген шара облыстық филармонияның гала-концертімен қорытындыланды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.