Облыстық мәдениет
басқармасының ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды насихаттау
мақсатында халық шығармашылығын дамыту
орталығында Садуақасовтар халықтық
отбасылық ансамблінің "Шаңырағым – шаттығым” атты концерті болып өтті.
Ансамбль өздерінің ең алғаш құрылған 1998 жылы облыстық
"Наурыз шапағаты” өнер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бас жүлде иегері атанды. Сол жылы облыста
өткен Сырдария ауданы мәдениеті мен өнері күндерінде өнер ұжымы тағы да үздік
шығып, облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Ал жиырма бірінші ғасырдың басында
облыстық "Наурыз шапағаты” фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алып, көрерменін өз
өнерімен тәнті етті. Бұдан кейін де аудандық, облыстық байқауларға қатысып,
бірнеше жүлде иегері атанды. Өз репертуарында қазақ әндері мен күйлерін,
жергілікті сазгерлердің шығармаларын орындап, ұлттық құндылықтарды
насихаттауды мақсат еткен ансамбль осы он бес жылдың көлемінде бірқатар
табыстарға қол жеткізді. Бірнеше рет фольклорлық, отбасылық ансамбльдердің
аймақаралық, республикалық байқауларына қатысып, жүлделі оралды.
– Сырдария аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған
ансамбль құрамында он бес адам бар. Ұзақ жыл өнер саласында келе жатқан жарым
Ханшайым да, балаларым мен келіндерім де, немерелерім де осы құрамда, – деді
отағасы Сансызбай Садуақасов. – Біздің
мақсатымыз: келер ұрпаққа қайталанбас қазақ өнерін боямасыз жеткізу.
Қызылорда қаласы көрермендерінің алдындағы өз
концертін Мырзаның "Береке” күйімен
бастаған халықтық ансамбль өнердегі өзіндік өрнегімен танылды. Ансамбль жетекшісі
Талғаттың, Бекзат пен Аружанның, Ғалымжан мен Жандостың орындаған ән-күйлері
көпшілік көңілінен шықты. Облыстық "Бозторғай”, республикалық "Шаттық” байқауларына
қатысқан ансамбльдің ең жас мүшесі Қаламқастың
орындауындағы әндерге көрермен қуана қол соқты. Тағы бір айта кетерлігі,
ансамбль репертуарында өзге халықтың ән-сазы да ойып тұрып орын алғандығы.
Халықтың ежелгі ән-күйлері мен жергілікті сазгерлердің
шығармаларын, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Өскінбай мен Мырзаның ғасырдан
ғасырға жалғасқан сазды күйлерін сан түрлі аспаппен нақышына келтіре орындаған
Садуақасовтардың өрнекті өнері көпшілікке қуаныш сыйлады.
Г.РЕЙМБЕРГЕН.