« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Бүгінде Сыр елінде қазақ
сахнасының саңлағы, аналар бейнесін жасаудың алыбына айналған КСРО және Қазақ
КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың 100 жылдық
мерейтойы дүркіреп өтуде. "Театр анасы” атанған Сәбира апамыздың кіндік қаны
тамып, өмір есігін ашқан жері – Сырдария ауданына (кезіндегі Тереңөзек ауданы)
қарасты Қоғалыкөл ауылы. Көнекөздердің айтуынша, апамыздың ата тектері осы ауыл
маңындағы Майқантүбек деген жерде жатқан көрінеді. Содан да сырдариялықтар
сахна саңлағы Сәбира апаларының мерейтойына барынша дайындалып, оны туған топырағында
дүркіретіп өткізді. Тереңөзек кентіндегі мәдениет үйі мен орталық алаңға
жиналған жұртшылықтан көз тұнады. Шуақты мерекеге КСРО және Қазақстанның халық
әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған қазақ өнерінің
ондаған тарландары мен Сәбираның қызы Гүлдар Әбдрашитова арнайы келді.
Мереке "Сахна саңлағы – Сәбира” атты С.Майқанова сомдаған рольдерді орындаушылардың аймақтық байқауынан бастау алды. Бұл байқауға бір ғана Сыр емес, еліміздің Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарынан, яғни, елдің түкпір-түкпірінен он екі талапкер қатысып, бақ сынасты.
Салтанатты шараны кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі Ғанибек Қазантаев Сәбира апасы жайлы жүрекжаржы лебізін жеткізіп, байқауға қатысушыларға мерекелік гүл шоғын ұсынып, сәттілік тіледі.
Сонымен, сахнаға Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш ауданынан келген талапкер Клара Оразалиева шығып, Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлу” трагедиясындағы Мақпал бейнесін сомдады. Мұнан соң Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық аудандық халық театрынан келген талапкер Күлім Ғұмарова Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер-Ана” трилогиясынан Толғанай бейнесімен шықты. Сахна сайысында аралдық Мәуе Қаленова М.Әуезовтің "Қаракөз” трагедиясынан Маржанның бейнесін, қазалылық талапкер Айгерім Асанова Мольердің "Сараң” комедиясындағы Фрозинаның бейнесін, сырдариялық талапкер Мінаш Ысқақ Д.Исабековтің "Мұрагерлер” драмасынан Салиха кемпір бейнесін көрермендер назарына ұсынса, аралдықтар Г.Матығұлова мен С.Дінжанова, жалағаштық талапкер Ж.Азанбаева, қармақшылық Г.Әлімбаева, жаңақорғандық Н.Қыпшақбаева, сырдариялық Р.Әбдікәрімовалар Сәбира апалары ойнаған аналар бейнесін барынша паш етті.
Белгілі әртіс Бақытбек Алпысбаев бастаған байқаудың қазылар алқасы жарысқа қатысушы талапкерлер талантын сарапқа салып, бас бәйгені Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының түлегі Рахия Әбдікәрімоваға берді. Айта кетейік, байқауға қатысушылардың барлығы да марапатталып, гүл шоқтарына оранды.
Мұнан соң "Жалын” тынығу лагерінде Сәбира апамыздың құрметіне ас беріліп, аруағына құран бағышталды.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің фойесінде орналасқан "Қазақ киносының падишасы” атты фото және кітап көрмелерімен көрермендердің егжей-тегжейлі танысуымен өз жалғасын тапты. Одан әрі өнер майталманының 100 жылдық торқалы тойына орай түсірілген "Сахна саңлағы – Сәбира” атты деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі болды. Деректі фильм көрсетілімінен бұрын сахна төріне Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Мемлекетік сыйлықтың лауреаты, белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов көтеріліп, Сәбира апасы жайлы жан тебірентерлік сөз сөйледі. Кезінде Сәбира апасынан тәлім-тәрбие алып, өнер жолына түскенін тілге тиек еткен Асанәлі:
– Мені өмірге әкелген бір анам болса, өнерге әкелген екінші анам – Сәбира апам. Сәбира апайдың шуағы бізге де мол шабыт берді. Бойымызға қуат, санамызға адамгершілік сіңіріп, өркениетті өнер жолына салды. Оның ұл-қыздарын ғана емес, қайсыбір болмасын қазақ балаларын адамгершілік рухында тәрбиелеген аналық асыл қасиеті мәңгі жасай бермек, – деген ол шуағы мол Сәбира апа жайлы толғана сөйледі.
С.Майқанованың 100 жылдығына арналған деректі фильмді дайындаған "Сырдария – медиа” кәсіпорындар бірлестігі. Студия директоры Ә.Машрапов. Ал, қаржысы 1926,0 мың теңге тұрады екен.
Деректі фильм көрсетілімінен соң Сәбира апамыздың қызы Гүлдәрі Әбдрашитова сөз алып, аналарының әруағын қолдап, 100 жылдық торқалы тойын дүркірете өткізіп жатқан жерлестеріне алғысын жеткізді. Мұнан соң мәдениет үйінің сахнасында Сырдария аудандық халық театры дайындаған Дулат Исабековтің "Мұрагерлер” қойылымы сахналанды.
Тереңөзек кенті орталық алаңында қазақ эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынов, Жанболат пен Жәзираның қатысуымен кешкілік бастау алған мерекелік гала-концерт түн ортасына дейін тұрғындарға ән мен күйден, әсем биден толасыз шашу шашты.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |