СЕКСЕУІЛ ГҮЛДЕГЕН КЕЗ ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ

Қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры әрбір артист үшін үлкен тәрбие мектебі екені белгілі. Осынау киелі өнер ордасы – "әкем театрдың” анасы атанған КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанова апамыздың туғанына бір ғасыр толып отыр.

1914 жылдың алғашқы күнінде Сырдария ауданының Айдарлы ауылында қарапайым отбасында дүние есігін ашқан ол қаршадайынан өнерге бейім болып өседі. Алғашында Алматы кооператив техникумында білімін ұштаған бойжеткен он сегіз жасында театрға қабылданады. Тума талант иесінің одан әргі шығармашылық жолы осы киелі шаңырақтың тарихымен, оның өсу жолымен тығыз байланысты болды. Оның театр сахнасында ойнаған тұңғыш ролі Бейімбет Майлиннің "Майдан” драмасындағы Алтынай бейнесі.

Мәңгі өлмес өнер иесі 1936 және 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып,1958 жылы Қазақстанның, ал 1970 жылы Кеңес Одағының халық артисі атанды.

Қанша айтқанмен, театрдан гөрі киноның аудиториясы ауқымды екені анық. Ол әрі танымалдылыққа жол ашады. Ол таспа боп тарихта қалады. Театр сахнасында түгенше актриса болды дейміз, бірақ оны көрермен есінен шығарып алады. Ал кинода ол актрисаны ұмыту мүмкін емес. Өйткені, кино – мәңгілік. Сол айтпақшы, Сәбира апамыз бірнеше киноға да түскен екен. Санамалар болсақ, 1954 жылы "Махаббат дастаны” фильмінде – Мақпал, 1955 жылы "Қыз бен жігітте” – Гүлбарша, 1957 жылы "Біз осында тұрамыз” фильмінде – Торғын, 1961жылы "Құйма” көркем фильмінде Дәметкен рөлінде ойнаған.

Сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры гастрольдік сапармен Қызылорда қаласында болды. Мен ол кезде облыстық радиода қызмет жасайтынмын. Бас редактор Есенкелді Шілдебаевтың ұйғарымымен өнер ұжымы жайлы хабарлар ұйымдастыру маған жүктелді.

Театрдың бас режиссері Әзірбай­жан Мәмбетов, сахна саңлақтары Асанәлі Әшімов, Жұмабай Медетбаев, Торғын Тасыбекова, Рахиля Машурова және басқаларымен циклды хабарлар ұйымдастырылып, эфирден берілді. Сондай хабардың бірі Сәбира апамен болып еді.

Радионың бір ерекшелігі – эфирге қатысушы қонақтың таспаға жазылған сөздері үтір, нүктесіне дейін қағазға түсірілетін. Сәбира апаның сөздерін тексеріп отырған бас редактор: Жиде гүлдеген десең дұрыс, сексеуіл гүлдеген дегенді қайдан шығардың, – деп сызып ала жөнелді.

– Оу, Ес-аға! Театрдың анасы атанған апамыздың сөзін қалай қысқартасыз? Сексеннің сеңгіріндегі жан өтірік айтпайтын шығар. Бүгін болмаса ертең берейік. Сізді сахнагермен кездестірейін, – деп мен де бой бермедім.

Тума таланттың сондағы сөзі мынау еді: – Табаныма шөңге кіргеніне қарамай, май топырақты борпылдатып ойнаған балалық шағым әлі күнге көз алдымда. Әсіресе, сексеуіл гүл ашқан кездегі хош иісін айтсайшы, – деген-ді.

Сонымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына телефон соғып, тиісті мамандардан бас редактор сенімсіздік білдірген сөздің толыққанды жауабын алдық.

Сөйтсек, сексеуіл гүлдеген кездегі хош иісінің жанында жидеңіз жолда қалады екен. Оны кім білген. Мамандардың пікірінен кейін Сәбира апаның сөзі толық күйінде тыңдарман қауымға жеткізіліп еді.

Жұмысын тоқтатқанына он жылдан асқан радио қорында сахна өнері корифейлерінің сол сөздері сақталған-сақталмағанына көз жеткізе алмаймын.

"Әкем театрдың” анасы атанған сахна саңлағы, жерлесіміз Сәбира Майқанова 1995 жылы 14 қаңтарда сексен екі жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүние салды. Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің Мәдениет үйі Сәбира Майқанованың есімімен аталады.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


РУХАНИЯТ 13 қыркүйек 2014 г. 996 0