« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғым оның өзіне тән ұлттық мәдениеті мен өнері. Осындай қалың көпшіліктің көңілінен шығып жүрген оркестр өнері бүгінде жанға жылу сыйлайды. Оркестр бізге 1932 жылдан бастап енген. Ең алғаш болып Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі құрылған. Бүгінде сексен жылға жуық тарихы бар оркестрдің ізін Талғат Мақашев басшылық жасайтын облыстық филармония жанынан облыс әкімінің қолдауымен құрылған Камералық оркестр жалғап келеді.
«Ұлттық саз байлығынан нәр алып, еуропалық дәстүрге бой теңеген, екпіні ерен, үні ғажап, інжу-маржан осынау музыка отауы – қазақ халқының жан дүниесінің, арманының, ар ұятының, елсүйгіштігінің келісті көрінісі...» деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев оркестр өнеріне жоғары баға берген. Қызылордалық оркестрдің де осындай бағаға лайық екені сөзсіз. Камералық оркестрдің алдағы алар асуы биік, мақсаты айқын дегіміз келеді. Ол үшін оның қажетіне сай жағдайлар жасалып отыр. Кәсіби деңгейі жоғары музыканттар жұмысқа тартылуда. Бүгінде камералық оркестрде 20-ға жуық өнерпаз жұмыс жасайды.
Орындаушылық жағынан тыңдарман қауымның өнерге деген құлшыныстарын тудыра жүріп, бізді халқымыздың музыкалық асыл қазына – мұраларымен, отандық және әлемдік классиканың озық үлгілерімен сусындату үшін өз жұмысын бастаған оркестр Конституция күніне орай облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында «Конституция – тәуелсіздік тірегі» атты мерекелік концертте өнер көрсетті.
Күй өнерi әр қазақтың алпыс екi тамырында ойнаған, сезiмiн оятқан құдiреттi күш болса, бүгінде операның алар орны да ерекше. Опера – өнердің шыңы. Саф алтындай бекзат өнер әркімнің бағына бұйыра бермейді. Кіршіксіз өнерге тек табиғи талантты тарландар ғана терең бойлай алады. Осы концертке ұлттық опера өнерінің жарық жұлдызы, «Астана Опера» театрының әншісі, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұржамал Үсенбаева келіп, әсем даусын көкке созып, ән шырқады.
Конституция күніне арналған мерекелік салтанатты шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп, Сыр жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
Аталмыш оркестрдің ашылғанына көп болмаса да, әлемдік және қазақ халқының туындыларын орындады. Аспап пен адам, саз бен сана, иірімді ырғақ пен үйлесім кештің көркін қыздырды. Өнерпаздар Камиль Сен-санстың – «Лебедь», М.Төлебаевтың – «Біржан-Сара» операсынан би, Иоганн Себастьян Бахтың – «Ария», Астор Пьяцоллоның – «Либертанго», Кристоф Глюктің – «Мелодия», Вольфганг Амадей Моцарттың – «Маленькая ночная серенада», Ғазиза Жұбанованың – «Мерекелік күй», басқа да жоғары талғамды шығармаларды шебер орындап шықты.
Қоңыр дауыс, күмбірлеген күй кешке жиналған көрерменге рухани демалыс сыйлады. Камералық оркестр Сыр өңірін әдемі әуенімен, сырлы сазымен қуантты.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |