Тағдыр тоғыстырған ұлттар ордасы

Архив құжаттарын ақтара отырып, Сыр елі талай ұлтқа пана болғанына көзіміз жетеді. Сонау патшалық Ресейдің кезінде-ақ, саяси сенімсіз адамдарды біздің территориямызға жер аударып отырған. Сол дәстүр Одақ кезінде жалғасын тапқандай.

Перовскіде 1919 жылы 318 шетелдік тұтқындар тұрған. Олардың негізгісі поляктар мен  австро-немістер еді. Бұл халықтар әртүрлі өндіріс және мәдени орындарда қызмет етті. Австриялық офицер Станислав Людкеевич музыкадан дәріс оқыса, итальяндық Сибольди құрылысшы болған.

Республикамызға 1937-1938 жылдары бірнеше ұлттың өкілдерін жер аударып, күштеп көшіріп әкеле бастаған. Алғашқы құрбандардың бірі - Қиыр Шығысты мекендеген кәрістер болды. Осы бір еңбеккеш халықты Орта Азия мен Қазақстанға еріксіз көшірді. Тек қана 1937 жылы Қазақстанға 18500-ге жуық кәріс отбасы жер аударылған. Қазақтар жаңа қоныстанушыларды жылы қабылдап, алдарына жер мен мал бөліп берді.

Облысқа келген кәріс бауырларымыздың арасында Қиыр Шығыстағы азамат соғысының ардагері, халық батыры Хон Бен До және басқа да ардагерлер мен мемлекет, өнер қайраткерлері баршылық.

Жер аударылып  келген  8476  кәріс ағайындар 1938 жылы 10 наурызда облыстық атқару комитетінің қаулысымен  аудандарға бөлініп, Аралға 712, Қазалыға 1249, Қармақшыға 1937, Тереңөзекке 584, Сырдарияға 996, Шиеліге 906, Жаңақорғанға 262 адам орналастырылған, 400 адам Қызылорда қаласында қалдырылған, 1430 адамды басқа облыстарға жіберу сұралған.  1938 жылы Қызылордада кәріс балалары үшін  400 орындық жаңа мектеп салынды.

...1941 жылы фашистік Германия кенеттен бастаған қанқұйлы соғыс бүкіл еліміздің тыныштығын бұзып, миллиондаған кеңес адамдарын өз жерінен көшуге мәжбүрледі. Соғыс басталған алғашқы айдың өзінде Қызылордаға майдан ортасынан эвакуацияланғандардың бірінші легі  -  10 мың адам келді. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері: армяндар, курдтар, немістер, поляктар, украиндар және т.б. бар еді.  Арал ауданына Молдовадан 40 жанұя, облысымыздың басқа аудандарына   Балтық   жағалауынан   2486,   оның   ішінде    1413 неміс жанұясы көшіп келген. Келушілерді қабылдау, орналастыру, баспана, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды [3].  Олар фабрика мен заводтарға жұмысқа жолданып, еңбекке білек сыбана  араласып, өздерінің қажырлы еңбектерімен, аса зор жауаптылықпен майдан шебіне үлкен көмек көрсеткен.  

Майдан даласынан жүздеген жұмысшыларымен эвакуацияланған өнеркәсіп орындары 1941 жылдың аяғында келе бастады. Оларды орналастыру үшін жергілікті басшылық облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінің ғимараттарын босату жөнінде шешім қабылдады. Және де көшіп келгендер үшін жалпы құны 105 мың сомға тұрғын үйлер салынды.

Осы жылдың желтоқсанына дейін сырттан келген 20 мың адамның 7223-і еңбекке орналастырылды. Оларға 101-466 сом мөлшерінде ақшалай жәрдем, 60 мың сомның тауарлары бөлінді.

Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда облысына келді. «Эмальштамп» зауыты (Харьков қаласы), Майлау фабрикасы (Харьков қаласы), Электр лампаларын регенерациялау фабрикасы (Харьков қаласы),   Паравоз депосы (Белград қаласы), Челюскин атындағы артель ( Константиновка қаласы),  Механикалық  зауыты (Москва қаласы), «Парижская коммуна» аяқ киім фабрикасы (Москва қаласы),  «Реммашпуть» зауыты  (Москва қаласы), Дзержинский атындағы электротехникалық зауыты  (Лосиноостровск қаласы); Транспорт техникумы (Курск қаласы), №7 Осоавиахим зауыты (Ворошиловград қаласы) тез іске қосылып, өнім бере бастады.

Жосалыда Харьков пен Москвадан көшірілген «Эмальштамп» пен  механикалық  зауыттары орналастырылып, монтаждау жұмыстары жедел жасалып, іске қосылды.

Москваның «Парижская коммуна» аяқ киім фабрикасының жабдықтары Қызылорда қаласына орнықты, мұнда күніне 2400 аяқ киім тігіліп, тапсырма артығымен орындалып отырды.

Көшіп келген кәсіпорындар облыстың өндірістік-техникалық дамуының негізін қалады. Соның арқасында өнеркәсіптің әртүрлі салалары құлашын кең жайып, облыс экономикасын өрге бастыруға сүбелі үлес қосты. Ауыл шаруашылығына бағыттылған ол соғыс жылдарында индустриалды облысқа айналып, ерекше рөлге ие болды. Облыста металл өндірісінің жалпы үлесі 22,7-ден 39,0 пайызға, тігін бұйымдарын шығару 3,6-дан 5,7 пайызға өсті. Өндіріс орнындағы қызметкерлер мен жұмысшылар саны 12 мың адамға көбейіп, жылдық жалпы өнім 53 мың 551 сомға жетті.

Арнайы жер аударылған неміс ұлтын аудандар бойынша орналастыру, азық-түлікпен, тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім 1942 жылы 16 наурызда қабылданды.

Осы жылы Қызылорда облысына тағы да эвакуациямен болгар, грек, еврей, кәріс, латыш, орыс, поляк, румын, сыған, серб, татар,  чуваш ұлтынан барлығы 30062 адам келді.

1943 жылы желтоқсан айында облыс орталығында эвакуацияда болған поляк балалары үшін өз тілдерінде бастауыш мектеп пен балабақша ашылған. Жер ауып келген түріктер, шешендер, қытайлар және басқа халықтардың Сыр бойы тұрғындарының шынайы ықыласына бөленіп, достықтары жарасқаны туралы мол деректер  табылады.

Қызылорда   қаласында  соғыста  жараланған  жауынгерлерге  арналған № 1581, 2061, 3978 және Қармақшыда № 2103 эвакогоспитальдер, Қазалыда әскери-санитарлық бақылау пункті жұмыс жасады.

Солтүстік Кавказдан шешендер, ингуштар, Грузия территориясынан түріктер, Молдава АКСР-інен ондаған ұлттың өкілдері 1944 жылы жер аударылды. Барлығы 6665 отбасы, 22383 адам. Осылардың ішінде көбісі Солтүстік Кавказдан келгендер еді. Олар 4416 отбасы, 15856 адам облыс аумағындағы аудандарға бөлінді. 237 шешен-ингуш ағайындар қаламыздағы артельдерге жұмысқа орналастырылды.          Қалмақтар түгелдей 650 отбасы, 1777 адам тек Арал ауданына қоныстандырылған, негізінен балық өндірісі мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген. Мысалы, Арал қаласындағы «Аралсульфат» комбинатында, «Аралтұз» тресінде 128 қалмақ еңбек еткен. Жұмысшылардың көбісі жоспарды артығымен орындап, стахановшылар қатарына қосылған. «Рыболовпотребсоюз» тігін шеберханасында 22 адам стахановшылар қатарына қосылып, жылдық жоспарды 130-160 пайызға орындап отырды.

Ал, 378 түрік отбасындағы 1691 адам қалған жер аударылғандармен бірге аудандарға бөлініп, ауыл шаруашылығында және өндіріс орындарында адал еңбек етті.

Жосалы механикалық зауыты түсті металл шығарудан жылдық жоспарды 1943 жылы   110, 1944 жылы 130 пайызға  орындаған. Орталарынан 30 пайызға жуық стахановшы-озатшылар шыққан. Атап айтқанда, шешен ұлтының азаматтары, токарь маманы  Байбатыров М. жоспарды 300, Эдильсултанов Б., Галаев Б., Боршигов М. 200 пайызға орындап отырған.

Жалағаш ауданының «Путь Октября» колхозында арнайы жер аударылған 28 шешен отбасы тұрды, олардың ішінде 36 адам еңбекке жарамды болды. Осы адамдардан бөлек, жұмысқа жасөспірімдер де жұмылдырылған. Мысалы: 14 жасар балалар Маханов Валит 156, Ишхабов Баха 191, ал, 12 жасар Снугуров Жунид 179 еңбек күнін шығарған.

Шиелі ауданының «Гигант» колхозында еңбек күшінің 20 пайызын арнайы жер аударылғандар құрды. 1943 жылы колхоз 390 гектар  жерге егін ексе, 1944 жылы, арнайы жер аударылғандарды жұмысқа жұмылдырғаннан кейін, егістік жердің көлемі 530 гектарға созылды.

Жаңақорған ауданының «Горняк» совхозындағы Ащысай түрлі-түсті металл комбинатында жұмысшылар санының жартысын арнайы жер аударылған шешен азаматтары құраған. Олардың 30 пайызы стахановшылар қатарына қосылған. Совхоздағы ауылшаруашылық жұмысына араласқандар жылдық егін егу жоспарын 1943 жылы 73, 1944 жылы 82, 1945 жылы 89 пайызға артық орындауға ықпал еткен.

Донбастан эвакуациямен келген адамдарға орыс және украин тілдерінде Артем атындағы Украина театры жұмыс істеді. Театр екі қойылым қойып, одан түскен 14 мың сомды майдангерлердің балалары қорына аударды. Артем драма театры  1943 жылдың 11-ші маусымында облыстық атқару комитетінің грамотасымен наградталған.             

Сондай-ақ, облысымызға эвакуацияланып келген жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы студенттерге білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтаусыз жалғастырып, ерекше тер төкті. Профессор-оқытушылар облыс экономикасы мен мәдениетін, табиғатын зерделеуге ерекше мән берді. Жоғарғы оқу орындарынан Украина Біріккен университеті, Мәскеу ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Қырым медициналық  институты  Қызылордаға, Черкасскінің ауылшаруашылық институты Қазалыға, ал Аралға әскери-малдәрігерлік академия орналасқан.  

Сыр елінде үш жылға жуық тұрақтаған Украина Біріккен университеті ғалымдарының  көптеген еңбектері облысымыздың халық шаруашылығы, еліміздің ғылым, қорғаныс салаларының дамуына игі әсерін, практикалық пайдасын тигізді. 

Профессор С.А. Семенов-Зусер «Ертедегі Қазақстан тарихы» және т.б. еңбектер жазды. Университеттің ғылыми қызметкерлері  М.Х.Глузман және  А.Т.Давыдов облыс өнеркәсібін дамыту барысында жергілікті шикізат ресурстарынан  глюкоза, алюминий квацы, бертолетово тұзы және т.б. химиялық өнімдерді алу, өңдеу әдісін зерттеп шығарды. Химия ғылымдарының кандидаты, доцент Давыдов Александр Тимофеевич «Сырдария өзенінің төменгі ағысында күріш өсірудің табиғи-тарихи жағдайлары» атты ғылыми еңбегінде күріш егетін жердің географиялық ахуалы мен жер бедерінің сипаттамасы, жер ресурстарының агроклиматтық жағдайында күрішті сумен қамтамасыз ету, бұл дақылдың экономикалық тиімділігі туралы жазды.

Неміс фашистері  кейін шегіне бастаған кезде эвакуацияланған  жоғары оқу орындары өз жерлеріне қайта көше бастады. Облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы 8 сәуірдегі № 254/43 қаулысымен Украина Біріккен университетінің бұрынғы орнына қайта көшірілуіне орай (реэвакуация) университет ғалымдары облысымызға жоғарғы білікті мамандар  дайындаудағы және ауылшаруашылық, ғылым саласындағы абыройлы еңбектері үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталары мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.  

Москваның ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты Москваға аттанар алдында облыстық партия комитетіне: «1941 жылдың күзінде неміс фашистері Отанымыздың жүрегі - Москва қаласына қауіп төндірген кезде ауылшарушылығын механикаландыру және электрлендіру институты сіздердің қалаларыңызға көшіп келді. Біздің үлкен институтты орналастыруға жергілікті жағдайдың қиын болуына қарамастан облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті қолдан келгенше көмектесті. Осындай көрсеткен туысқандық көмектеріңіз үшін зор рахмет айтамыз. Біздің туысқандығымыз бұрынғыдан бетер жақындаса түсетіні анық...», -  деген хат беріпті.

«Харьков университетінің ғалымдары қызылордалықтар көрсеткен қыруар көмекті еш уақытта ұмыта алмайды», - деген алғыс хаттағы жүрек тебірентер сөздер сырбойылықтар ілтипатына берілген жоғары баға.

«Біз, Қырым медицина институтының оқытушылары мен студенттері, бүкіл елімізге зор қауіп төніп тұрған шақта қол ұшын берген, барынша жағдай жасаған қызылордалықтарды әрқашан ұмытпаймыз. Бұл достық жүрегімізде мәңгі сақталып қалады», - деген ыстық лебіздері қиыншылықта қамқор қолын созған облыс тұрғындарына  деген олардың шынайы сезімін білдіреді.

Соғыстың әбден белең алған кездерінде Қызылорда қаласына келіп, қызметтерін жалғастырған институт оқытушылары мен студенттері қазақ ұлтына деген оң көзқараспен, осындай тіл жеткізе алмас ыстық ықыласты игі тілекпен туған жеріне аттанды.

Тағдыр табыстырған ондаған ұлттың ордасы болған Сыр өңірі тұрғылықты тұрғындарының өзі үш ғасырға жуық көрші мемлекеттің боданы да болып, талай-талай тартысты кезеңдерді бастан өткізді. Езіле жүріп еңсесін тіктеуге ұмтылды. Аштықты да, аласапыранды да бастан өткізді. Сондықтан да олар өздерінің кебін киіп, өз жерлерінен еріксіз бездірілген бауырларына жан-жақты жағдай жасады. Тіпті, олармен төскейде малын, төсекте басын түйістірді. Бүгінде осындай ынтымағы жарасқан ондаған ұлт өкілдері бір-бірімен қоян-қолтық еңбек етіп, жаңа заманның талаптарына сай өмір сүруде.    


Ж.Алтынбаева,

Қызылорда облысының 

мемлекеттік архивінің 

құжаттарды пайдалану және

 жариялау бөлімінің басшысы.

РУХАНИЯТ 01 мамыр 2020 г. 242 0