ҚАРТТАРДЫҢ ДА ӨНЕРГЕ БАР ТАЛАСЫ

Аптаның сәрсенбі күні Н.Бекежанов атындағы драма театрда көп көңілінен шыққан ерекше өнер сайысы өтті. Өз аймақтарындағы өнер жарысынан озып шығып, облыстық байқауға жолдама алған ардагерлер ансамбльдері жиналған көпшілікті  нағыз халықтық өнермен сусындатты.  Байқауға 10 ансамбль, 100-ден астам өнерпаз қатысты.
– Аймақ ардагерлерінің өмірін мәнді де мағыналы өткізуге, олардың жай-күйін жақсартуға әркез жете көңіл бөлініп, әртүрлі шараларды  ұйымдастыру қолға алынып келеді,– деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов салтанатты ашу барысында. – Бұған дейін де көп көңілінен шығарлықтай  шаралар ұйымдастырылды. Екі рет бата беру сайысын ұйымдастырып, ондағы көпшілікке ұсынылған қастерлі ұғымдар арнайы кітапқа топтастырылды, өнер сайысы ұйымдастырылды. Енді міне, өз аймақтарының жеңімпазы танылған өнер ұжымдары алдарыңызда. Бүгін нағыз халықтық өнермен сусындайтын боласыздар.
Ұлттық үрдістегі аталар мен әжелер ансамбльдері сайыстың шарттарына орай үш шығарма орындауы тиіс. Алдымен халық әнін, сосын патриоттық рухтағы әнді, үшінші өз қалауларымен тағы бір шығарма орындайды. Екі ән музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен, соңғысы таза дауыспен айтылуы қажет. Тағы бір көңіл бөлінерлігі, шығарманың екі-үш дауыста орындалуы сайыскерлерге оң баға беретіндігі еді. Сахнаға шығу ретін алдын ала тасталған жеребе бойынша анықтаған өнерпаздар көрермен көңілінен шығуға барын салды. Олардың өнерін ардагер ақын, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек Рақымбекұлы бастаған әділқазылар алқасы сараптап, бағалады. Облыстық байқаудың негізгі мақсаты ұлттық  мәдениетті, ұлттық салт пен дәстүрді, ұлттық құндылықтарды насихаттау,  ардагерлердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау еді.  
Сахнаға алғашқы болып шыққан Жалағаш ауданы Ақарық ауылының «Қазыналы қария» әжелер  ансамблі халық әні «Үкілім-айды» әуелетіп, Әбілахат Еспаевтың  «Бейбітшілік сақталады» әнін тамылжыта шырқады. «Славяне» мәдени-ұлттық орталығы  жанындағы «Сударушки» ансамблі мүшелері де өз өнерлерімен көпшілікті бір тамсантты. Қармақшы  аудандық «Әжелер», Шиелі аудандық «Ақ әжем – алтын қазынам», Сырдария ауданы Аманкелді ауылының «Жадыра», Жаңақорған аудандық «Мирас», Тасбөгет кентіндегі С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанындағы «Бастаңғы», Қазалы аудандық «Әжелер», Арал аудандық Жыраулар үйі жанындағы «Ұлағат» және облыстық Ардагерлер үйі жанындағы «Аталар» ансамблі өз кезегінде жасамыс көрерменді жастық шағына оралтқандай болды. Оларды сағым жылдардың сағындырған әндерімен қауыштырды, жүздеріне нұр, көңілдеріне шуақ ұялатты. Көрермен қауым қазалылық әжелердің өнеріне ризашылықпен қол соқты. Гүлнәр Төребек жетекшілік ететін өнерпаз әжелер ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында сахнада мини спектакль ұйымдастырды. Бір ән орындау барысында қазақ ұлтына тән салттарды түгелімен қамтыған ансамбль мүшелері кәсіби шеберлік танытты. Халық әнін үш дауыста шырқап, ерекше өнер көрсеткен қазалылық өнерпаздар әділқазылар алқасының шешімімен І дәрежелі дипломмен марапатталып, 100 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді. Екінші орынды иеленген Қармақшы аудандық «Әжелер» ансамбліне ІІ дәрежелі диплом мен 70 мың, «Сударушки» ансамбліне ІІІ дәрежелі диплом мен 50 мың теңге сыйақы берілді. Сайысқа қатысқан барлық өнер   ұжымдарына облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты мен 5 мың теңге көлеміндегі сыйақысы табыс етілді. 
Көрерменге қуаныш сыйлаған өнер сайысына қатысушыларға арнап  «Меруерт» мейрамханасында  мерекелік дастархан жайылды. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

РУХАНИЯТ 02 қараша 2013 г. 1 291 0