Күміс көмей, жез таңдай жырау едің

Қазақ халқының әншілік һәм жыршылық өнері хақында кезінде әлем ғұламаларының бір-бірімен жарыса жазғаны белгілі. Іргеміздегі орыс ойшылдарының да бұл тақырыпқа қалам тартып, таңдай қағыса тамсануын бекер дей алмайсыз. Әсіресе ұлан-ғайыр сахарамызды жаяу-жалпылап аралап шыққан орыс зиялысы Г.Потанин: "Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай" деп тебіренбес еді ғой. Өз өмірінің ең, ең қызулы шақтарын ұлы дала әуендерін жинастырып бір ізге түсіруге арнап, тірлік-тауқыметі мол осы бір жанкешті ізденісімен соңына баға жетпес мұра қалдырып кеткен Затаевич сынды өнер зерттеушісінің еңбегі де ерлікке бергісіз шаруа екені ақиқат. Айта берсек, мұндай мысалдар тіптен көп-ақ. Орыс ғалымдарының қазақ өнерін зейін қоя зерттеуінде, әлбетте терең сыр жатқандай. «Кенді шыққан жерден қаз» деп ата-бабаларымыз да бекерге айтпаған ғой. Жүрек қылын шертерлік, пәлсапалық иірімдерге толы сырлы саздың қазақ сахарасында мейлінше мол екенін орыс ойшылдары қалай дөп басқан десеңізші!
Жуырда көне қойын кітапшаларымды ақтарып отырып, мынадай айшықты жолдарға кезіккенім бар. Ресейдің өнертанушы белгілі ғалымы Д.Клеменц былай деп жазған екен. «Олардың (Қазақтардың) әндері сан алуан және бір-бірін қайталамайды. Аңыз бойынша бағзы замандарда жұмыр жердің үстімен ән қалықтаған екен. Әлгі әдемі әуен қазақ даласына жақындағанда жер бауырлай ұшса керек. Әсілі қазақтардың әлемдегі айтулы әнші саналатындығының сыры да осында жатса керек». Автордың бұл жерде жыр көмбесін қалай әдемі, дөп басып айтқанына қайран қаласыз. Аталмыш жолдар ертеректе басылып шыққан Ресейдің 58 томдық энциклопедиялық сөздігінің жарық көруіне орай Д.Клеменцтің жазған мақаласынан алынды.
Бұл пікір бәз біреулерге аңыз сияқты болып көрінуі де ықтимал. Алайда аңыз артынан ақиқаттың да ілесе жүретінін ұмытпағанымыз ләзім. Біздің шамалауымызша әлгі ән-жырдың «қазақ даласына жақындаған бойда жер бауырлай ұшуы» осы өзіміздің Сыр бойына, Қорқыт баба жеріне дөп келетін сыңайлы. Неткен сәйкестік десеңізші.
Тақыр жерге шөптің де тамыр жайып көктемейтінін әлімсақтан жақсы білеміз. Таланттар да сондай. Олардың өсіп, өркендеуі үшін қолайлы орта, нәрлі топырақ қажет. Бұл өңірдің қасиеттілігі сол, біріншіден Қорқыт баба сынды күй атасын өмірге келтірсе, екіншіден сол сырлы саз бесігінде тербеліп өскен Сыр сүлейлерін өнер көгіне көптен қанаттандырған .

Өзіміз әңгіме еткелі отырған Қуандық Бүрлібаев есімді ініміз де дуа дарыған өнер дарыны. Әсіресе, жыраулық әлемнің киелі туын асқақ желбіреткен – Қармақшы өңірінің төл перзенті-тін. Қанатты құстай зулап өтіп жатқан ұшқыр уақыт-ай десеңізші. Көзінің тірісінде жыраулық өнердің дарабозы атанып, ауазасы алты Алашқа жайылған азаматымыздың ақиреттік сапарға аттанып кеткеніне де биыл 17 жыл толғалы отыр. Бірақ оның тал бойына, қашан көрсең де күлімсіреп тұратын жылы шырайлы жүзіне, ақыл-парасатына жарасып-ақ тұратын боямасыз адами болмысы, кісілік келбеті сол күйінде жадымызда сақталып қалыпты. Қуекең туралы алғашқы деректерді мен тұңғыш рет сонау 70-ші жылдардың басында құйрықты жұлдыздай өнерден тым ерте кеткен, кезінде өзім тұсауын кескен, аса дарынды жырау Көшеней Рүстембековтың өз аузынан естігенмін. Ол кезде мен Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқаратынмын.
– Ахат аға, сіз тілші болып, қалам тартқалы талай-талай тума таланттардың тұсауын кесіп, өнер көгіне қанаттандырдыңыз. Жастар түгілі аға буын өлеңдерін де жарыққа шығардыңыз. Мен білетін де Жүсіптің Мұзарабы, Молыбайдың Нұғыманы, Жиенбайдың Рүстембегі, Ақбайдың Сүйінбайы, Ізтілеудің Тұрмағамбеті, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар дейсіз бе сіздің арқаңызда үлкен эфирге жолдама алғандардың қатарын айтып тауыса алмаймыз. Көзіңізше мақтағаным емес сізге ел риза, әруақ риза, реті келгенде өзіңізге айтайын деп жүрген мынадай өтінішім бар еді. Біздің ауылымызда Қуандық Бүрлібаев есімді ағамыз тұрады. Тұла бойы тұнған жыр дастан. Мақамы да ғажап! Әттең, тағдыр сыйлаған саф алтындай өнер ауыл аймағынан аса алмай жүрген жағдайы бар. Уақыт тауып өнерін тамашалар болсаңыз, өкінбейтініңіз ақиқат, – деген-ді.
Осы әңгімені естіген бойда «Тұрмағамбет қайдасың?» деп Қармақшы ауданына суыт тартып кеттім. Қуекең механизаторлық кәсіпке қоса диқаншылық жұмысты да атқарады екен. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, лезде-ақ әңгімеміз жараса кетті. Көп ұзамай әуелі облыстық, кейін республикалық радиодан Қуекең туралы көлемді радио очерктерім беріле бастады. Осыдан соң оның атақ-абыройы дүркіреп сала берді. Сол жылдары ол аудандық, облыстық өнер сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанса, бертін келе республикалық деңгейде өткізіліп жатқан жыр додаларының да биігінен көрініп жүрді. Одақтық мәдениет министрлігінің мақтау қағазын жеңіп алғанын да әлі ұмытқанымыз жоқ.
1986 жылы Қуекең Алматыға арнайы шақыртылып, Тұрекеңнің «Сам палуан» атты көлемді дастанын үн таспаға түсіріп, ұлттық қорға тапсырып қайтқан еді. Сол жылы Бүкіл Одақтық этнографиялық, араға бір жыл салып, Ресейдің Вологда облысы Великий Устюг қаласының 850 жылдығына орай өткізілген ІІ фольклорлық фестивалінде айшықты өнер көрсетіп, қазақ елінің мерейін аспандатып қайтқаны да жадымызда. 1987 жылдың жазында ол Самарқандта өткізілген Орта Азия және Таяу Шығыс елдерінің музыкалық симпозиумына шақырылып, көне дәуірдің інжу-маржаны іспетті «Көрұғлы» дастанын табиғатына біткен ерекше дарындылығымен әдемі орындап көрермендердің де, қазылар алқасының да ыстық ықыласына бөленген еді. Айта берсек мұндай жүрек толқытарлық сәттер оның өмірінде аз болған жоқ. Өкінішке орай, қайтейік, арамыздан ертерек кетіп қалды.
Қуандық табиғатында күнді түнге, түнді таңға ұластырып әкетер кең тынысты, тым ұзаққа сілтер эпик жыршы болатын. Ол мұндай сирек ұшырасатын қасиетін өз қандастарына ғана емес, аузымен құс тістеген әлемнің айтулы мамандарына да сөзсіз мойындатқан азамат-тын. Тағы да мысал келтірелік, ұмытпасам 1990 жылдың жадыраған жазында Алматыдан өзімізге көптен таныс қазақ өнерінің нағыз жанашыры, әрі білгірі, жас ғалым Алма Құнанбаева есімді қарындасымыз келіп, кең дастарқан басында бізбен ұзақ пікірлесті.
– Алдағы күзде Жапонияда қазақ өнерін жаңа бір қырынан жарқыратып көрсетер беделді фестиваль өткізгелі жатыр. Онда Шығыс халықтарының өкілдері өз шеберліктерін ортаға салып, бақ сынаспақ. Біз болсақ, кең тынысты эпикалық шығармаларды апарсақ дейміз. Ақылдастар алқасының ұйғарымымен таңдау осы жыр көмбесі – Сыр бойына түсіп отыр. Енді осынау беделді өнер сайысына лайықты жыршыны белгілеп алуымыз қажет, – деді менің пікірімді білгісі келетіндей сыңай танытып.
– Құдайға шүкір, эпик жыршылар Сыр бойында баршылық қой. Бірақ аға буын өкілдері егде тартып қалғандықтан үлкен сахналарға шығуға именетін сыңайлы. Ал орта буын өкілдеріне келер болсақ, мұндай құрметке, меніңше, Қуандық Бүрлібаев ініміз лайықты дер едім. Қарапайым еңбек адамы болған соң дауысын да күттеп бабында ұстау мүмкін бола бермейтін шығар. Десе де фестивальдің басталуына әлі де бірер ай уақыт бар емес пе?! Оған шейін көп нәрсеге үлгіруге болатын тәрізді. Егер де осы кандидатураға тоқтар болсақ, әдейі ат басын тіреп келдің ғой, өзімен де жүздесіп қайтқаның жөн болар, – дедім.
Ұзын сөздің қысқасы, сонымен таңдау Қуекеңе түсті. Сол күннен бастап сөзін де, даусын да баптау шұғыл қолға алынды. Облыстық мәдениет басқармасының тікелей араласуымен Қуекең үніне һәм мақамына лайықталып жаңа домбыра жасатуға тапсырыс берілді. Бұл міндетті жергілікті қолөнер шебері, ұлт аспаптарының аса білгірі, биология ғылымдарының кандидаты Шәзида Махамбетов замандасымыз күн-түн демей, тапжылмай отырып қысқа мерзімде ойдағыдай орындап шықты. Шәкеңнің ісмер қолынан шыққан қасиетті домбырамен осынау алдында ғана белгілі жырау Алмас Алматов ініміз Еуропа және Монғол елдерін шарлап, жатжұрттықтарды хас талантымен тамсантып, риза ғып қайқан-ды. Аңғалдық дегенді қарасаңызшы, өкінішке орай, Алматыға жүрер алдында асығып-үсігіп жүріп Қуекең әлгі домбыраны ұмытып кетіп, Жапонияға көне аспабымен аттанды. Алла жар болды ма, әлде Сыр сүлейлерінің аруағы қолдады ма, әйтеуір, сол көне домбырасының құлаққа жағымды қоңыр үнімен күллі шығыс елін тәнті ғып оралғанға ұқсайды. Бұл әңгімені мен кезінде ұшақтан түскен бойда Қуандықтың өз аузынан естіген болатынмын.Сол күні түстен кейін бұрынғы кеңестер үйінің 4-қабатындағы менің жұмыс кабинетіме әдейілеп соғып, екеуміз бір сағат бойы емен-жарқын әңгімелескен болатынбыз. Сол сапарында Қуекең "Оцейк" халықаралық фестивалінің мәртебелі сахнасында «Көрұғлы» дастанын майын тамыза, нәшіне келтіре орындаса керек. Зәулім зал толы халық, демін ішіне тартып, ұйып тыңдағанға ұқсайды. Аталмыш жыр-дастан аяқтала бергенде алдыңғы қатарда отырған АҚШ-тың көрнекті өнер зерттеушісі, профессор Уольтер Зеф Фельдман мырза жеңіл көтеріліп, сахнаға шығады. Қуекеңді емірене құшақтап, құшырлана сүйеді. Ақеден алғысын білдіреді. Жыраудың көне домбырасын әрі-бері аударыстырып көріп қайран қалады. Сірә, қол басындай ғана көне аспаптан осыншалықты сиқырлы саз шығады екен-ау деп таңданса керек. Қоштасар сәтте оның таяу уақытта АҚШ-қа арнайы шақырылып, репертуарындағы барлық дүниелер дискіге түсірілетінін хабарлайды. Бірақ тағдыр Қуандыққа Америкаға баруды жазбаған еді.
Осы әңгіме барысында жырау інімнің:– Аха сенесіз бе, мен ол жаққа кәдімгі Қуандық болып барып, елге Қуан Сан болып оралдым ғой. Сол сапар жапондықтардың өнерді қастерлей білер өте кішіпейіл, ибалы халық екеніне көзім әбден жеткендей болды. Олардың Қуан саны біздің тілімізге аударғанда «Қуан» деп атымның басын алып, артындағы «Сан» деген сөзі мырза деген ұғымды білдіреді екен ғой. Шынымды айтсам, мұндай қолпаштауды менің тұңғыш рет естуім еді. Міне, өнердің құдіреті қандай дегені әлі есімде.
Ақтық демі біткенше ел-халқын әнмен әлдилеп, жыр бесігінде тербетіп өткен сол қимас інімді, үлкен жүректі азаматты соңғы рет 1990 жылдың күзінде Қызылордада өткен Қармақшы ауданының жәрмеңкесінде кездестірген едім. Жүдеп, өңі қуқыл тартып кеткен. Сырқатының жанына батып жүргеніне қарамастан жұрт алдына шығып, өз өнерін көрсетуге келіпті. Сол сапарда біраз сырластық. Өткен кездерімізді ризашылықпен еске алдық. Бірақ, бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін екеуміз де сезген жоқпыз. Тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, қимай қоштастық. Қазақта: «Жақсының аты, ғұламаның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Сол айтқандай Қуандық сынды дарабоз жыршының есімі де, рухы да ел-халқымен бірге жасай бермек, жасай бермек.
Ахат Жанаев,ҚР-ның құрметті журналисі, Қазақ радиосы мен теледидарының үздігі, дербес зейнеткер
РУХАНИЯТ 28 сәуір 2020 г. 369 0