« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Өте ыстық тебіреніспен сыр қозғайтын терең ойлы әуездің:
…Сағат жеті болған кез,
Жұмыстан қайтар қалаға.
Мәриям улап қалыпты деп,
Әкелді ауруханаға
– деген шумағы ғана әр жерден бір шаң беріп, оны Қазақстанның бар түкпірінен естіп қана жүретінмін. Біреулер көп сөзі естен шыққан әсерлі әнді, амал жоқ, осы шумақпен ғана қызыға, тамсана қайталап, тылсым құмарлықпен іштей тынатын. Біздің Сарысу ауданының көнекөздері бұл әнді жақсы білді. Оның оқиғасын хисса шерткендей ғып айтатын. Оны мен ең алдымен өз әке-шешемнен, ауылымыздағы ән серісі Алдаберген Әйнеков есімді әйдік әншіден көбірек тыңдап өстім. Сол себепті оның әуезі санама бала кезден сіңген.
1967 жылы күз айларында мен композитор Қапан Мусин хақында деректі әңгімелер жаза бастадым. Сонау бір жылдары Зощенко, Мураделилер кеңестік өнерге жат «космополитизм» әсеріне ұшыраған суреткерлер делініп, жазықсыз жапа шегіп, сыналып-мінеліп жатқанда Қазақстан композиторларының ішінде Қапан Мусиннің шығармаларына да сондай кінә тағылып, әділетсіздіктің тәлкегін көрген-ді. Кейін усойқы саясат өзгерді. Қапанның бағы қайта жанып, шығармалары концерттерде орындалып, өнер кеңістігіне қайта шыққан-ды. Ол жайында газеттерде мақалалар жазылып, радиода хабарлар беріліп, «сең қозғалған-ды». Өзі мейлінше әулие кейіпті, сәбидей таза, адамға да, қоғамға да зияны жоқ, тек музыка үшін жаралған ақкөңіл жан еді. Иә, сирек бітімді музыкант еді. Бұл кісімен етене шүйіркелесіп, жұлдызым бек жарасты. Көп әңгімелесіп жүрдік. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш симфонист. Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Сыдық Мұқамеджановтармен жандай дос. Әсіресе Мұқан екеуінің бір-бірін пір тұтуы керемет еді. Екеуі де қазақ музыкасында романс жанрының ғажайып үлгісін жасады. Сол жақсы жолды Сыдық та мықты ұстады. Бұлардың музыкасына исініп жүріп, олардың тылсым сырларын там-тұмдап қағаз бетіне түсіре бердім. Көп жақсы күнім Қапанмен өтті. Сондай сұхбатты сәттің бірінде Қапан: «Мені музыкаға тәрбиелеген бір асыл жан бар еді. Ол – Сұлтан деген ағамыз, әрі жездеміз. Ол – кәдімгі «Мәриям туралы әнді» шығарған кісі ғой» деп, іштей тамылжи сөйлегені. Ол кезде мен өзі туралы деректерге пейіл қойдым да, бұл ән жөнінде, оның авторы жайында еш нәрсе сұрамаппын.
Қапан Мусин 1970 жылы көкек айында, қырық жеті жасында дүниеден қайтты. Композитор өзінің қысқа ғұмырында кешегі ашаршылықты көрді; Ұлы Отан соғысында қан кешіп, басына оқ тиіп, ауыр жараланды; сол соғысқа дейін Москва консерваториясында оқып, кейін оны Алматы консерваториясында жалғастырып, Евгений Григорьевич Брусиловский сынды профессордан бітірді; консерваторияда дәріс берді; ол Мұқан Төлебаев секілді соңында көл-көсір мол мұра қалдырған жоқ. Бірақ, аз жазса да өте нәрлі, көркем қылып, нағыз классикалық үлгіде жазды. Ән, романстары, сонаталары мен симфониялық шығармалары – кесек-кесек бір ғажайып әлем. Адамның жан-жүрегін терең толғанысқа салатын «Шолпаным» романсы мен «Жайлауда» атты симфониялық поэмасының өзі неге тұрады. Қазақ музыкасының інжу-маржаны ол! Осы екі шығармаға өз кезінде Мұқан Төлебаев «Классикалық музыка осылай жасалады!» деп құлай берілген. Қапан өмірде асықпайтын, төгілмейтін, шашылмайтын біртоға жан еді. Шығармаларын жарыққа шығару үшін неше түрлі әрекетке баратын бір пысықтардан жаратылысы мүлде бөлек-тұғын. Жазылған шығармаларын ұзақ уақыт қозғамайтын-ды. Папкісінде жұртқа белгісіз жарық көрмеген шығармаларының арасында операсы да бар екен. Кезінде жұртты елең еткізер бірде-бір концертін жасай алмады. Музыкадағы мұндай хас тұлпарлардың алдын дарыны шамалы жабылар бермеді. Атақты да солар алды. Ал Қапан тек музыкамен тыныстап, музыкамен өмір сүрді. Ол білетін «Мариям туралы әннің» тағдыры мені ойландыра берді. «Әттең, шіркін, сол кезде жазып алуым керек еді» деп өкіндім. Бірақ мен композитордың көзі тірісінде жүргізе бастаған зерттеулерімді жалғастырып, ол әнді «біледі-ау» деген әріптестері, жора-жолдастарынан, өзіммен бірге қызметтес – қазақ радиосы музыка редакциясының аға редакторы – Қапанның жұбайы Хабибадан, анасы, халық ақыны Қалима Өтеғалиевадан сыр тартып, біраз жайға көз жеткіздім. Әннің шын тарихына сәуле түсіретін тың деректі 1981 жылдың қыркүйек айының он жетісі күні Қалима әжей айтты: «Шырағым, мен он құрсақ көтерген анамын. Солардан қалғаны – жалғыз Қапан еді ғой. Шыңғаным есімді өгей қызым болды. Ол Қапанды тәрбиелеп, музыкаға баулыған Сұлтан Есқалиевке тұрмысқа шықты. Сұлтан ол кезде КазПИ-де оқытушы боп қызмет етті. Біз жоқ-жұқана боп, елде тұра бердік. Біздің Жәнібек ауданын мекен еткен ел Сұлтанды жақсы біледі, тіпті оның есімі бүкіл Оралға таныс еді. Сұлтанның әкесі Ахмади өзіміздің Ақоба-Жұмат деген жерде Қапанымды бірінші класқа оқытқан адам. Жұрт Ахмадиды сері дейтін, ән айтты, домбыра тартты, ескілікті оқуға да терең еді. Мұғалім боп жүріп, ауыл сахнасында әртіс боп та ойнады. Ал Сұлтанның дарыны әкесінен де асып түсті. Шіркіннің маңдайы кере қарыс, сұлу, ақ сары, ашық, жұлдызы биік жігіт еді. Елге келген кездерінде «Мәриям туралы әннің» өлеңін ауыл адамдарына жазып беріп, сөзінің мәнін түсіндіріп, әнін үйретіп, думандатып жүретін. Орыс ақындарының өлеңін сүйсіне, қызыға аударатын. Орыс поэзиясының сол тамаша үлгілерін өз өлеңдерінде әдемі қолданатын. Жазған жырлары көп еді. Амал не, Сұлтан да отыз жетінші жылдың қаһарына ұшырады. Сұлтанның көзі кеткен соң артында қалған мұрасы – өлең, жыры, әні не болды, білмейміз оны. Қызым Шыңғаным Сұлтан ұсталардың алдында қайтыс боп кетті. Мен сол «Мәриям туралы әннің» мына бір шумақтарын ғана есте сақтаппын:
Жайқалды гүл, жапырақ
Жаздың жылы кешінде.
Терең ойлы Мәриямның
Сүйген жары есінде.
Келді анасы Мәриямның
«Бұл не сұмдық болды?» деп.
«Қарашығым, Мәриям-ай,
Қандай дерттен өлді?» деп.
Келді досы Мәриямның
Халін біліп қайтуға.
Замандасы, құрбы-құрдас,
«Не болды?» деп айтуға.
Келді доктор Мәриямды
Емханаға алуға.
Жақын жатыр, Мәриям-ай,
Мәңгі сапар салуға…
Бар болғаны – осы, шырағым. Сұлтанның бұл сөздері қазір бұлыңғыр тартты, ұмытылды. Мәриям деп жырлап отырғаны – орыс қызы. Өзі бір кен орнында лаборантка екен. Сұлу болыпты. Сүйген жігіті біреуді сүйіп кете ме…сондай өсекке шыдай алмай у іше ме…шамасы осылай…
Осы әңгімелерден кейін біраз жыл өткен соң мен ақын Қуандық Шанғытбаевтың үйіндегі бір отырыста Орал, Ақтөбе жағының білікті кісілерінің алдында ойда жоқта осы әнді айттым. Сонда ел ішіндегі есті әңгімелерді зердесіне көп жиған қария сөзді Ғалым Ахмедов ақсақал «Е, бұл – біздің елдің әні ғой» деді. Әнге бірден елең етіп, көңіл бөлген жандар ән сөзін білмей, дал болды. Әрқайсысы әр жерінен бір-бір жолдан ғана айтып тыңды. Әнге қатты қызықты.
Бұл ән ұмытылуға тиіс емес еді. Беймаза ой мені Алматының Мемлекеттік Орталық архивіне әкелді. Ақыры бір күні ақын, марқұм, Берқайыр Аманшинның жеке архивінен әннің:
Жайқалды көлдің жапырағы
Жаздың жайлы кешінде.
Терең ойлы Мәриямның
Сүйген жары есінде
– деген жалғыз ғана шумағы табылды (ф. 1799 І-бума. №177 іс папкісі. «Бекер ұмытылған әндер». Б.Аманшин).
1990 жылдың ақпан айының сегізі күні Арқалықтан келген халық әншісі Күләндам Мәлікқызы маған көп әннің бірі ретінде «Мәриям туралы әнді» магнитофонға жаздырды. Осы жолы ғана әннің сүйегі, тұтас сұлбасы, иә, сюжеті толық көрінгендей болды. Әннің басталуында ептеген өзгешелік бар екен. Әдетте бұл ән ә дегеннен қоңырлаған жұмсақ әуезбен сәл ғана шымырлап, екінші жолда биік көтерілетін-ді. Қапанның жұмсақ үнмен ыңылдап айтқан нұсқасы біздің елге мәлім нұсқамен бірдей еді. Күләндам басқаша айтса да, ән сөзінің тұтастығын жақсы сақтапты. Кейін мен әнді осы сөзімен әр жерде айттым. Сонда әнді білетін жандар: «Сөзі о баста осылай еді» деп қуаттады. Сонда әннің жүйесі былай боп шығады:
Жайқалды көлдің жапырағы
Жаздың жайлы кешінде.
Терең ойлы Мәриямның
Сүйген жары есінде.
Сағат жеті соққан кезде,
Жұмыстан қайтар қалаға.
«Мәриям улап қалды ғой» деп,
Әкелді ауруханаға.
Екі дәрігер, біреуі – әйел,
Алды үшеуі араға.
«Айырмаңдар ажалдан,
Қинамаңдар жанымды.
Мен беріліп сүйгенім-ай,
Көрсеқызар залымды!»
У басатын дәрілерді
Беріп еді – алмады.
У басатын дәрілерге
Әсте көзін салмады.
Келді досы Мәриямның
Халін біліп қайтуға.
«Ей, замандас, құрбы-құрдас,
Неге олай?» деп айтуға.
Келді анасы Мәриямның
«Бұл не сұмдық болды?» деп.
«Қарашығым – Мәриям-ай,
Қандай дерттен өлді?» деп.
Келді ғашығы Мәриямның
«Мәриям қандай пішінде?»
Жауап берді дәрігер:
«Жатыр» деп табыт ішінде.
Сонда оның айтқаны:
«Аш, Мәриям, көзіңді!
Бұл жатқаннан сен тұрмасаң,
Улатармын өзімді»
Мәриям алтын шашты, мөлдір көзді орыстың өте сұлу періштесі болған. Оның көз тойғысыз көркін қызғанған іші тар біреулер сүйген жігіті екеуінің арасына от жағып, ажыратып жіберуді ойлап, өсек сөзді қаулатқан. «Өсекке аспандағы бұлт та азған». Көңілінде еш алаңы жоқ Мәриям «көрсеқызар бір залымды сүйген екем» деп, сол қу сөздерге алданып, шыдамсыздық жасап, у ішеді. Ән сөзінің өзі-ақ айтып тұр – бұл сұмдықтан бейхабар, бейкүнә ғашығы келіп, өлі Джульеттаны құшқан Ромео секілді Мариямды құшып, өзін өзі өлтіргісі келеді. Әннің осы хикаясы халық ақыны Қалима Өтеғалиева мен Күләндам Мәлікқызының дерегінде бірдей сақталған. (Әрине ән сөзінің жекеленген жолдарында өзгешелік бар. Бұл келтірілген нұсқаны әлі де болса толыққанды, мінсіз нұсқа деуге ертерек. Зерттеу мұнымен әлі бітпейді). Ең ғажабы, Қапан Мусиндей ірі профессионал композитор ән иесін: «Сұлтан Есқалиев!» – деді. Ал ол – орыстың «Отравилась Маруся» деген ән-балладасын қазақшаға тұңғыш аударған жан. Соған лайық әнін де өзі шығарған.
* * *
Арада жылдар өтті. Бізде «Отравилась Маруся» ән-баллада деп отырған шығарманы тыңғылықты зерттеп, үдесінен шығу бір игі мақсат болды да жүрді. Бір күні тәңір жарылқап, ғаламтордан іздеген жоғымыз табылғандай боп, қызықты дерекке кез болдық. «Маруся отравилась» деп аталатын поэманың авторы В.В.Маяковский екен. Біздің заманның атақты ақыны! Кезінде бүкіл орыс жұртына кең тараған осы шығармаға композитор Яков Пригожий музыка жазыпты. Ол әнді орындаған әнші – Элизавета Кушак. Сол кездерде С.Неклюдов деген автор «Почему Маруся отравилась?» деп мақала жариялапты. Эфирде, концерттерде поэманы Евгений Светлов оқыпты. Міне, бір кездегі Абай атындағы қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының белді оқытушысы оралдық Сұлтан Есқалиев В.В.Маяковскийдің ғажайып шығармасын қазақшаға аударып, оған халықтың жан жүрегін сүйсіндірген тамаша ән шығарған оқиғасы осылайша аңызға айналған...
Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |