Қазалыдағы Әділбаевтар әулеті

Менің танысым, өзбек ұлтының өкілі Әділбаев Сапарбай өзінің арғы аталалары Қазалының байырғы тұрғындары екенің мақтанышпен айтады. Арғы атасы Әлімбай Қазалы қаласының іргесін қалауға  қалай келгенін және өзінің арғы тегін тарқата отырып әңгімелеп берді. Жалпы өзбек халқының тіршілігін екіге бөліп қарауға болады, сауда мен диқаншылық, қалада тұрғандары саудамен, ауылдағылары  диханшылықпен айналысқан.

ХІХ ғасырдың ортасында Орынборға қарай сауда-саттықпен өтіп бара жатып және қайтып келе жатқанда өзбектердің сауда керуені тынығу үшін татар Ғанибай көпестің сауда керуен үйіне тоқтайды. Сырдарияның жағасындағы құнарлы жерге жаңадан салынып жатқан Қазалы бекінісі туралы хабарды сәудегерлерден естісімен, Сапарбайдың арғы атасы Әлімбай өзінің ағайындарын үгіттеп осы жерге көшіп келеді. Келген соң Қазалы уездінің комендатына тіркелгесін, оларға бақша дақылдарын егу үшін жер бөліп берумен қатар, қаланы көгалдандыруды да тапсырады, сол үшін оларға 5 жылға дейін салықтан босатылатынын айтады. Осылай Қазалыдағы уезд бағы, қазақтардың «Ояз бағы» деп атап кеткен үлкен көгалды алқабы пайда болды.

Әлімбайдың баласы Әділбайда еңбекқор болып өсті, немересі Рахмет те диханшылық жолды таңдап, Қазалы станциясына көшіп келіп, қазіргі Жеңіс паркі орналасқан жерге өздерінің қандастары Мукаминиязов және Жораев әулеттерімен бірге бақша екті. Осы жерде өзбек халқының еңбекқорлығын айта кеткен жөн, кезінде аудан орталығындағы халықты бақша өнімдері және көкініспен қамтамасыз етумен қатар, көрші қазақтарға да осы кәсіптің қыры мен сырын айтып көмегін аяған жоқ, тіпті жақын араласып тұрушы еді.

Сонымен, Рахмет Мастура есімді қызға үйленіп, тоғыз балалы болды. Балалары Құдіретулла,Салима,Саламат,Сапарбай,Мансұр,Рано, Гауһар,Гуля және Насыр да еңбекқор болып өсті, Қыздары әр салада қызмет істесе, ұлдары теміржолшылар болды.

Бүгінгі мақалама арқау болып отырған Әділбаев Сапарбай Рахметұлы 1951 жылы дүниеге келді, № 419-шы орыс мектебінің 8 сыныбын бітірісімен, Қызылордадағы кәсіптік училищеде оқып, екінші категориялы киномеханик мамандығын алып шықты. Әскерге дейін қазіргі «Ақ Тілек» тойханасы орнында орналасқан жаздық кинотеатрда киномеханик болды.

1969-1971 жылдары Семей атом полигонына қарасты Аякөз қаласында отан алдындағы борышын өтеді. 1971-1974 жылдары қазіргі кенттік мәдениет үйі орналасқан ғимарат «Юбилейный» деп аталған кинотеатр еді, сонда киномеханик болды. 1974 – 2004 жылдары Локомотив депосында токарь болып абыройлы қызмет істеп, құрметті еңбек демалысына шықты.Зейнетке шықса да, қарап жүрген жоқ, қоғам белсендісі ретінде атқарған жұмыстарына көршілері риза. Ауданға газ құбыры жүргізіліп игілігін ел көріп жатқанда, Счастнов және Желтоқсан көшісі бойындағы екі қабатты үй тұрғындары көмір жағып жатқаны Сапарбайдың жанына қатты батты.                                 Аудан әкімі мен облыс әкімінің орынбасарына дейін барып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. Аудан әкімі М.Ергешбаев күрмеуі қиын мәселені қолға алып, осы екі көше тұрғындарының үйлеріне газ құбырын тартып беруіне қол жеткізді, биыл екінші жыл тұрғындар от жағу бейнетінен құтылды.

1974 жылы Ташкентегі байланыс техникумын бітіріп келіп, Сш – 40 мекемесіне жұмысқа енді тұрып жатқан 19-дағы жас қыз Данияның жүрегіне шоқ тастап үйленіп алды. Дания Әбдужаппарқызы осы теміржол байланыс мекемесінде отыз жылға жуық теллеграфист болып қызмет істеп, 2003 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Теміржолдың екі ардагерілері, екі қыз және ұл тәрбиелеп аяқтандырды.Үлкен қызы Саида Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетін бітірген, Бозғұлов атындағы № 249 мектеп-лицейде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің  білікті мұғалімі, күйеуі қаракесек руының жігіті Самұрат Ысқақов «Қазақ-Герман» мұнай компаниясының диспечері, үлкен жиені Күмісбек Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқыса, Аружан мен Аяжан мектепте үздік оқшылар. Ұлы Саид Ақтөбе қаласындағы теміржол институтын бітірген, Өскемен қаласындағы Эч мекемесі бастығының орынбасары, келіні қарасақал руының қызы Ақгүл Алтайқызы Қараманова жоғары білімді мұғалім, немерелері Диас пен Дильнияза мектеп оқушылары болса, Азиза балабақшаға барады. Кіші қызы Зарина Түркістандық өзбектің мұғалім жігіті Камалға тұрмысқа шыққан, қазір сәби күтіміне байланысты демалыста.

Қазыналы Қазалының қазағымен араласып қыз беріп, қыз алып құда болып, ортамызда жүрген өзбектің отбасында болғанымда, қазақтан еш айырмашылығын көре алмадым. Қазақтың бойына сіңген қонақ жайлылық, кең даласындай дархан мінездерін, ақ дастарханың көріп, басқа ұлт өкілімен сөйлесіп отырмын деп ойлаған жоқпын. «Өзбек өз ағам» деп қазақ бекер айтпаса керек. Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың: «өзбек алысқа жолға шығатын болса, қасындағы жол серігі қазақ болғаның қалар едім. Қазақ достыққа адал халық» деген сөзінде үлкен мән бар.                                                    


Бақытжан Түменбай,

                                                  «Тұран-Қазалы» газетінің қоғамдық

                                                    негіздегі тілшісі.  

РУХАНИЯТ 26 сәуір 2020 г. 549 0