Бұл Рамазан бұрынғыдан өзгерек

 Әлем мұсылмандары асыға күтетін Рамазан айы биыл 24 сәуір күні басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы В.Г.Фесенков атындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының ғылыми мәліметіне сүйеніп, Өзбекстан мен Қырғызстандағы әріптестерімен кеңесіп, осындай тоқтамға келді.

Ел аумағында карантин жарияланған кезде қасиетті айды өткізудің өзіндік ерек­шеліктері болатыны сөзсіз. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, биыл тарауық намазы үшін жа­мағат жылдағыдай мешітке жиналмайды. Оның орнына әр адамның өз шаңырағында отбасы мүшелерімен бірге оқуына кеңес беріп отыр. Ауыз­ашарды да әркім өз ша­ңырағында өткізуі тиіс.

– Жұқпалы індет тара­луының алдын алу мақса­тында мешіт, дәмхана, қо­ғам­дық орындар мен басқа да мекемелерде жина­лып, ауызашар беруді уа­қытша тоқтату керек. Каран­тин күн­дері халықты отбасы мүше­лерімен үй ішінде ауыз­ашар өткізуге, көп­шілік жерде жиналмауға шақы­рамыз! – деді бас мүфти орталық ком­муни­кациялар қызметінің он­лайн брифингінде.

Республика мешіттерінде жұма намазы тоқтағалы бір айдан асты. Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқар­масының пәтуасында бұл туралы: «Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағ­дайларда уақытша тоқ­татуға рұқсат береді. Мы­салы, адамның өміріне, ден­сау­лығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді» делінген.

Жер жүзіндегі шамамен 1,6 миллиард мұсылманның көбі бір ай бойы таңнан кешке дейін Алла разылығы үшін ауыз бекітуге дайын. Оразаның қасиеттілігі сон­да, адам ішіп-жеуден бөлек, арамнан, өсек-аяңнан ты­йы­лады. Әлемді індет жай­лаған шақта күні бойы ас-сусыз жүру иммунитеттің төмендеуіне әсер етуі мүмкін екені жиі айтылып жүр қазір. Дегенмен, диетологтар оны көтерудің түрлі амалдарын ұсынып отыр.

– Қатық, құрт, ірімшік өні­мін қолданған дұрыс. Олардың құрамындағы бол­гар таяқшалары ішек құры­лысының жұмысын жақ­сартады. Жеңіл-желпі сорпа да пайдалы. Асыра сілтеп тамақтанбаған жөн. Өйткені бұл уақытта асқазанымыз кішірейеді. Оны толтырып, қосымша салмақ түсірудің қажеті жоқ, – дейді диетолог Аңсаған Аллабергенқызы «Ев­ра­зия» арнасындағы сұх­батында.

Шариғатта балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әр­бір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау міндетті. Жо­лаушы, сырқат, жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ғана оны басқа жолы тұтады.

– Денсаулығы жете тұ­рып, «иммунитетім түсіп ке­тер» деген желеумен ораза ғи­бадатынан, оның мол сауа­бынан алыстауға бол­майды. Құранда («Бақара» сүресі, 185-аят): «Рамазан айы туғанын көрсеңдер, ауыз бекітіңдер. Кім де кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат), басқа күндері өтесін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді», – де­лінген. Тек төтенше жағ­дай уақытында жеке бас тазалығын барынша ұстану керек. Кісі сырқат бол­са, ораза кезде организмді əлсі­ретіп алмау жөнінде дә­рігер ке­ңесіне жүгінгені жөн, – дейді дінтанушы Қайыр­бек Отызбаев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да жаһан жұртын қасиетті айда сани­тарлық-гигиеналық шара­лар­ды қатаң сақтауға шақырды.

Биыл пітір-садақа құнында да өзгеріс бар. Қазақстан мүфтияты оны 370 теңге етіп бекітті. Пітірді Рамазан айы аяқталғанша төлеуге болады. Зекеттің мөлшері ұнның өзіндік құнына қарай есептеледі. Былтыр бұл сома 300 теңге шамасында еді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

РУХАНИЯТ 18 сәуір 2020 г. 278 0