« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Қазақтың талантты ақыны Бақытжан Абызов – өткен 80-ші жылдардың орта шенінде төл поэзиямызға жаңа мәнермен, жазғы найзағайдай жарқылдап жаңбырлата келген тегеурінді толқынның бірегей өкілі. Көктем-көңілге әлі де күні кешегідей көрінетін қызықты думаны мол сол жылдардағы сыршыл кеуделері асқақ та сұлу арманға толы студент қыз-жігіттердің бас қосқан кездесу кештерінде оның жастар арасында кең танымал болып кеткен «Алматының ауа райы» атты романтикалық лирикасы ауыздан ауызға тез тарап, ғашық жүректердің сағыныш гимніне айналып сала бергендігі уәжді лепесіміздің айқын дәлелі десек, әсте де артық айтқандық болмаса керек-ті.
Ол жауһар жыр дарыған Сыр өлкесінің Тартоғай ауылында 1959 жылғы 3 тамызда дүниеге келген. 1982 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. Студенттік – «Темірқанат» («Жалын» баспасы, 1981 ж.), «Қарлығаш» («Жазушы» баспасы, 1984 ж.) ұжымдық жыр жинақтарына көптеген таңдаулы өлеңдері енген. 1985 жылы «Жалын» баспасынан Олжас Сүлейменовтің алғысөзімен жарық көрген Дағыстан ақыны Магомед Әлиевтің «Қанат» атты кітабын ана тілімізге айтулы поэзия шеберлерімен бірге әдеби тәржімалауға атсалысты.
Биыл "Мереке баспалар үйінен” жарық көргелі отырған 10 томдық ақындар антологиясына оның таңдаулы бір топ жырлары енген. Бұған қоса, жоғарыда аталған Алматы қаласындағы республикаға кеңінен танымал айтулы баспа – «ҚАЗақпарат» корпорациясынан жерлесіміздің "Уақыттың алуан түсі” атты поэзия 1 томдығы таяуда өзінің қалың оқырмандарына жол тартпақ.
«Сыр бойы» газеті әдеттегі игі дәстүрмен өзінің айнымас авторы ақын, тәржімашы, мәдениеттанушы Бақытжан Ахметжанұлы Абызовтың топтама өлеңдерін көпшілік жыр сүйер қауымға ыстық ықыласпен ұсынып отыр.
АБАЙ АҚЫННЫҢ ӨСКЕМЕНГЕ КЕЛУІ
-Келе жатыр, келе жатыр ұлы Абай,
-Босат жолды, болмасаң бір пәтшағар!
-Ақын,- дейді. Болды-ау ұлық, сірә, бай?
-Тұрар десем мұнда жарты патшалар.
Деп күңк еткен мұжық-пиғыл пақырың,
Сезбегенсіп Тәуелсіздік арайын.
-Анау – сенің цилиндрлі ақының,
-Әй, көкешім, мынау менің – Абайым!
Дегім келген Жиырма Жылда толғанып,
Мен қашанда ақиқатты хош көрем.
Айналайын Азаттықтан соң барып,
Сен қарсы алдың Қазақы иіс – Өскемен!
Ортасында Ертіс пенен Үлбінің,
Кенді Алтайда, қария Қалба тауында.
Көріп талай уақыттың сүргінін,
Шаһар болған ақ қар, көк мұз, жауында.
Асыр салған аю, арқар, ақкісі,
«Тәңір суы – «Рахман қайнарым»!
Келді осында жыр жазып бір жатқысы,
Ақын бабам. Жату деген қайдағы?!
Ал сол бабам бұл қаладан іздейді,
Михаэлис досын сонау ежелгі.
-Бұл қалада жүрген сонда біз,- дейді-,
-Бастан кешіп жастық шақты – кезеңді...
Мұнда: никель, алтын және «Қазмырыш»,
Қарақаба, Күршім, Нарын, Бұқтырма.
Бұл көргендер – сияқты бір жазғы түс,
Одан-дағы атқа мініп, шық қырға!
Ат деймін-ау. Ат деген не, тәйірі?
Жүйрік тазы жайлы тағы айтасыз.
Құранды ері, қамшысы жоқ – айыбы,
Өскемендік «Нива» мініп қайтасыз.
Ол заман жоқ Сіз көргендей баяғы,
Мұнда – ұлыстар достығының форумы.
«Бір шаңырақ астында!» деп қояды –
Сарысы да, торысы да, қоңыры.
Ана тілім босағаға енді бек,
Артқа тастап жаутаңдаған сәттерді.
Көк байрақты – Әкім балаң Бердібек –
Төрге оздырды және Рухты ап келді...
-Келе жатыр, келе жатыр ұлы Абай,
-Босат жолды. Қыңырлармен ісім жоқ!-
«Қалың елім, қазағым...»,- деп жыламай,
Тұра қалды әлгі Кісі мүсін боп!..
КҮЛӘЙХАНМЕН СЫРЛАСУ
Кішкене ғана сымбаттым,
Өткен күндерге шегінем...
Мен хор қыздарын жырлаппын,
Жолыққанға дейін сенімен.
Көтердік сосын ақ отау,
Сол Желтоқсаннан сәл бұрын.
Куә боп тұрды Алатау,
Қызара батып қалды күн.
Сонда бір сыңсып Сыр жақтан,
Ұшқан-ды қызыл қырғауыл.
Аспанды қара түн жапқан,
Үдере қарап тұрды ауыл...
Ақиқатын талай айтар жан,
Топталған жастар қатары.
Еріксіз бізді қайтарған,
Полковниктің қату қаһары.
Ызадан кек боп жарылдық,
Болсақ деп қазақ бір сапта.
Бойыңды өртеп, жалын ғып,
Бостандық төлі құрсақта.
Бұлқынды. Жас кеп ыршыды,
Сананы тіліп өткен ой.
Махаббатымыздың қызыл бүршігі,
Көк мұзда көктеп еді ғой!
«Еркіндік – жалаңаш».
Олжас Сүлейменов
ТӘУЕЛСІЗДІК-ТАУАН
Тәубе! Таңым аттың ба,
Арайланып Азаттық!
Білгені бар Хақтың да,
Жаратқан соң Қазақ қып.
Деймін іштей Бүгін кеп,
Көзімді ашып азаптан.
Менің басқа мұңым жоқ –
Жалғыз-ақ мұң – Қазақтан.
Шығармадым тысқа сыр,
Қондым ата қонысқа.
Шыдап келдім үш ғасыр,
Бодан болып орысқа.
Мен де Қаған болғанмын,
Түбім Түркі – жолы ұзын.
Қысық көз сұм жоңғардың,
Қазір енді жоқ ізі...
Ақсөңке боп сүйектер,
30-шы жылдарда.
Ажал күн-түн иектеп,
Көзді шұқып мың қарға.
Өз жерімде аз ұлт боп,
Арал кеуіп, көшкен құм.
«АЗиЯ»-ны жазып кеп,
Азат жел боп ескенмін.
Болдың ба Ақын, қияқы.
Болсаң. Жырла, ал онда!
Қазақтың ар-ұяты,
Алматыда, Алаңда.
Үш күн тұрды күркіреп,
Қысқы нөсер секілді.
Ұландарым – Ұлтым ед,
Жағып кеткен Отымды.
Дауыл өтті. Жел тынды,
Аспан ашық. Ғажап күн.
Еңсе көтер, Еркіндік,
Елдігі боп Қазақтың!
Азат таңым аттың ба?
Салмағына нар шыдар.
Сені берген Хақтың да,
Бір білгені бар шығар!..
СЕГІЗ ҒАСЫРЛЫҚ САРЫЛУ
Жібек Жолы...
Жолдағы ауыл – Тартоғай,
Келе жатты үш салт атты – үш мажар.
Бөктергіге қоржын артқан әрқалай,
Еділге ұқсап аттан қарғып түсті олар.
Келді, сөйтіп, емен-жарқын ауылға,
Сауыт киген. Баһадүрлер секілді.
Сегіз ғасыр шалғай кеткен бауырлар,
Түзепсің-ау Ұлы Отанға бетіңді.
Болды қызық кездесу бір мектепте,
Мамыр айы тамылжып ед биылғы.
Баялыштар қақ суынан көктепті,
Үш ат тұрды елеместен құйынды.
Киіз үйде малдас құрып отырды,
Ішті айранды жаңа піскен күбіден.
Алғыс айтты. Түзеп ерді, тоқымды,
-Жүру керек,- деді тағы,- күнімен.
Жирен шашты, біздерше айтсақ, көк көзді,
Қалған бір кез ата жұрты, елі ұмыт.
Қош айтысып, сапаршылар кетті, озды,
Аттарының қос бүйірін тебініп.
Қотан ханның ұрпақтары еді бұл,
Он тайпа боп кесіп өткен Дунайды...
Сыр бойының лекіп соққан желі – жыр,
Таңғы шығы кірпігіңді сулайды.
Жол қапталы жасыл өрнек – түс кілең,
Көктемеде тұрды ризық-от жанып.
Қыпшақ-құндар Шоқай ауылы үстімен,
Бара жатты Қызылорданы бетке алып.
Бара жатты. Жолда қанша қауым бар,
Өздерінше: -Дешті Қыпшақ жұрты!- дер.
Сегіз ғасыр келді-ау жүріп бауырлар –
Еңсегей бой, ер көңілді түркілер!
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |